(Қазір ғана жазылды. Түсініксіз "бірнәрсе" келіп...миға, санаға, жүрекке...компьютердің пернетақтасында саусақтарым жүгіре жөнелді... Әлсіздеу шығар... Өңделмеді де... Сиясы кеппеген ұйқасым... Айып етпеңіздер, орынсыз жазылса...)
Басталды менің қараша - Күнім,
Мереке менде, достарым, бүгін.
Бар болмысымды айқындап берер,
Бұл айда жарқын шығады-ау үнім...
Еркеледің де, қараша-бала,
Бір жылап алдың, шомылды дала.
Тентектігіңе тәнті болам деп,
Менімен бірге жылады қала...
Сырымды ұққан, қараша-құрбым,
Өзіңмен мынау жалғанды құрдым.
Шомылып аппақ жаңбыр нұрыңа,
Жиекте күздің талай рет тұрдым...
Серттескен серім, қараша-жігіт,
Арманға тағы жалғаған үміт...
Бейуақыт келер азап-мұңымның,
Жоқ қылып бәрін, өтінем, үгіт...
Жұбаттың мені, қараша-ағам,
Өрілген мұңнан тұмарды тағам.
Өзіңнің айтқан тау-ақылыңмен,
Өсіп келеді бүгінде бағам.
Сипадың бастан, қараша-әкем,
Армандарыңа, біл, әке, жетем.
Мезгілім жетсе жыл құстарындай,
Бір күні мен де өзіңнен кетем.
Сағынышымсың, қараша-анам,
Сендік ақылмен толысты санам.
Үкілі сенің үмітіңді ақтап,
Жұлдызың болып көгіңде жанам.
Жарық көрсеткен, қараша-күзім,
Шомылды сенің нұрыңа жүзім...
Мың алғыс саған айта беремін...
Сыйладың маған сабыр мен төзім...
Сағындым сені, қараша-күзім!!!
Тамшы-нұрыңда сан мәрте жүздім...
Өзіңде жалғап үмітке үміт...
Өзіңде үміт жібін де үздім...
Қош келдің менің, қараша-күзім!!!
(сурет өзімдікі)