Қараша-күзім...

Қараша-күзім...
жеке
блог

(Қазір ғана жазылды.  Түсініксіз "бірнәрсе" келіп...миға, санаға, жүрекке...компьютердің пернетақтасында саусақтарым жүгіре жөнелді... Әлсіздеу шығар... Өңделмеді де... Сиясы кеппеген ұйқасым... Айып етпеңіздер, орынсыз жазылса...) 

 

Басталды менің қараша - Күнім,

Мереке менде, достарым, бүгін.

Бар болмысымды айқындап берер,

Бұл айда жарқын шығады-ау үнім...

 

Еркеледің де, қараша-бала,

Бір жылап алдың, шомылды дала.

Тентектігіңе тәнті болам деп,

Менімен бірге жылады қала...


Сырымды ұққан, қараша-құрбым,

Өзіңмен мынау жалғанды құрдым.

Шомылып аппақ жаңбыр нұрыңа,

Жиекте күздің  талай рет тұрдым...

 

Серттескен серім, қараша-жігіт,

Арманға тағы жалғаған үміт...

Бейуақыт келер азап-мұңымның,

Жоқ қылып бәрін, өтінем, үгіт...

 

Жұбаттың мені, қараша-ағам,

Өрілген мұңнан тұмарды тағам.

Өзіңнің айтқан тау-ақылыңмен,

Өсіп келеді бүгінде бағам.

 

Сипадың бастан, қараша-әкем,

Армандарыңа, біл, әке, жетем.

Мезгілім жетсе жыл құстарындай,

Бір күні мен де өзіңнен кетем.

 

Сағынышымсың, қараша-анам,

Сендік ақылмен толысты санам.

Үкілі сенің үмітіңді ақтап,

Жұлдызың болып көгіңде жанам.

 

Жарық көрсеткен, қараша-күзім,

Шомылды сенің нұрыңа жүзім...

Мың алғыс саған айта беремін...

Сыйладың маған сабыр мен төзім...

 

Сағындым сені, қараша-күзім!!!

Тамшы-нұрыңда сан мәрте жүздім...

Өзіңде жалғап үмітке үміт...

Өзіңде үміт жібін де үздім...

Қош келдің менің, қараша-күзім!!!

 

(сурет өзімдікі)