Карантиннің адамзатқа әсері тиді ме?

  Әлемді жаулаған короновирус ауруы 2019 жылы, желтоқсан айының ортасында орталық Қытайда орналасқан Ухань қаласының Хуанань жануар мен теңіз өнімдері базарында болған тұрғындардың түсініксіз ауруға шалдыққаны туралы хабар берілгеннен кейін басталған болатын.

       Міне, қазіргі таңда бұл вируспен бірге өмір сүріп келе жатқанымызға екі жыл көлемі болды. Карантинде үйден шықпай, далаға бетпердесіз шыға алмайтын күйге жеттік. Қиын қыстау кездер басымыздан өтті. Қаншама мың адам жұмыссыз қалып, нан табуға шамалары жетпейтіндей күйде болдық. Әлем бір бөлменің көлеміндей болып, тарылып қалғандай, тіпті бетперде тақпаудың өзі бақыт сияқты еді... Әрине, басында дәл осындай өмірге үйрену бейқам өмір кешіп жатқан адамзат үшін аса ауыр трагедия болғаны мәлім. 

      Сондада, бұл өмірде қуанышпен қиыншылықтардың қатар жүретіні белгілі. Ал қиыншылықтар сынақ үшін жіберіледі. Ардақты Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бір хадисінде: «Алла қиыншылықты жақсылық жасағысы келген пендесіне жібереді» деген (Бұхари). Яғни, әрбір қиындық адамды күнәларынан арылтуымен қатар, ол үшін сый берілетіндігі меңзелген.

      Менің ойымша, бұл сынақ адамзатқа қолындағы барын бағалау үшін, жоққа қанағат,барға сабыр ету үшін берілген сыңайлы.Өмірімізді пандемияға дейін және кейін деп екі кезеңге бөлуге болады. Қазір көп адамның көзқарасы өзгерген. Қазіргі адамдарға қарасам, біршама өзгерісті байқаймын. Бұрында біз еркіндік пен тыныштықтың, ең бастысы денсаулықтың қадір-қасиетін толық ұғына білмедік. Ал осы соңғы екі жылда өмірдегі ең басты байлық - денсаулық пен бостандық екенің түсіндік.Күнделікті күйбең тіршіліктің қамымен жүріп қалған жандар, отбасына көңіл бөлуден қалғандар бір дастарқанның басында жақындарымен бірге жиі жинала бастағанын көруге болады. Яғни,рухани құндылықтарымызды арттыру және осы өмірімізге шүкір ете алу сынды нәрселерді карантин жағдайы бізге нақты ұғындырды.Қиыншылық болмаса, адам бақытты көре алмайды. Сол себепті, " қолда барда алтынның қадірі жоқ" демекші, өз өмірімізге разы болғанымыз абзал. 

Дайындаған: Секен Айзада



Бөлісу: