Қара сөздің қадірін қашырмайық

 

«Әннің де естісі бар, есері бар», - деген еді кезінде Абай. Айтқандай, бүгін міне, есті әннен есер әннің еселеп көбейіп бара жатқан дәуіріне тап болдық. Әумесер әуен, мәнсіз, мағынасыз, шытырман шумақтар қаптап кетті. Жүректерді тербетер әдемі әндердің орнын жүйкені тоздырар жартымсыз жырлар ауыстырды.
Ұйқасы да мардымсыз, лирикалық бояуы да сұрықсыз сапасыз әнге көзді жұмып, аузымыздың суы құрып, еліте қалатын деңгейге жеттік. Бұл не? Талғамымыздың тозғаны ма? Әлде қара сөздің қадірі кетті ме? Кезінде «Арыс жағасында» шырқалған ән «Қайықта» отырғанды баурап алса, «Ақ бантик» боп талай ән арулардың тұлымында желбіреуші еді ғой. Біз келтірген мысал әннің нағыз кәусар бұлағының бір тамшысы ғана. Ал бүгінгінің «бұлағы» кәусарына қандыра алмай, жанарларды жандыра алмай сылдырайды да, сарқылады. Сондықтан да атам қазақ аялаған қара сөздің қадірін қашырмай, әннің сөзіне көз тоқтатып, көңіл қойғанымыз абзал-ау.

 



Бөлісу: