"Қара шың қанат қаққанда"
блог
Поэзия оқымай кеткеніме көп болып еді. Бірақ поэзияға қайта назар аудартқан Сәрсен Қадірдің «Қара шың қанат қаққанда» кітабы болып отыр. Осы жылы шыққан кітапты ақын ағамыздың өзінен қолтаңбасымен алдым. Бұл оның екінші кітабы. Кітапта Отан, өмір, табиғат, ата-баба тарихы тағы да сөз болып, өлең сүйер қауымды сезімдер толқыны алға, алысқа шақыруын жалғасытрады. Кітап төрт бөлімнен тұрады.
Бірінші бөлім «Арманмен алысты аңсап» деп аталады. Бұл бөлімде назар аудартқан осы 2015 жылы киікқырылғанға арнаған өлеңі болды. Одан соң қазақтың құда түсу салты «Қазақы құдалық» өлеңінде әдемі суреттелген. «Нұрнаманың қасиеті» немесе молда әжем» өлеңде иімей қалған түйені Бесқала мен Бейнеудің арасында келіп-кетіп жүретін молда әженің иіткені туралы жазылады. Өлең соңында бүгінгі шатақ дін өкілдерін де сынай кетеді:
Өзі толып, әулиесінген көп бейбақ,
Қолдан келсе қыл көпірден өтпей бақ,
Мұсылман боп маужыраған күйлерің
Молда әжемнің мейіріміне жетпейді-ақ
Кей өлеңдерінде Омар Хайамша, Хафизше сопылық «шараптан» бас тартпайды:
Бал шараптан бас тартпаймын,
Болсын мейлі жаныма сын,
Мезі қылма достым сұрап,
Мәснәуи жыр мағынасын.
Болса егер құя бергін,
Жанға дәру шарабыңнан,
Арылайын жанды жеген
Миымдағы қара мұңнан.
Бірінші бөлімнен ақынның «Өрге сүйреп қара шың» өлеңмен бөлісейін:
«Өрге сүйреп қара шың»
Өрге сүйреп өлең атты қара шың,
Ата жұрттың кездім қырын, даласын.
Бөрі тектес мінезіммен бір түсті
Тағдырымның жалап жаздым жарасын.
Қырды шарлап сүрлеуінде қасқырдың,
Шұрқыраған құрсағымды аш қылдым.
Жалғызсырап жат қоғамнан безініп,
Жұмырбасты таусылған күн тасқа ұрдым.
Ере алмадым мықтылардың көшіне,
Жасырайын елден оны несіне,
Мықтылардың біз сияқты тағының
Тарпаңдығын білмейді екен кешіре.
Құлын жырды дәптер дейтін тақырдан,
Қақ жалауға алдап-сулап шақырған,
Мендік күнге сен не дейсің, ағайын,
Қасқыр сынды апанында жатырған?..
02.06.2015
Екінші бөлім «Таңдарда табысқан шақ» деп аталады. Бұл бөлімде туған жерге, ата-баба әруағына(Бердалы ата, Шоғы ата, Сүгір жырау, Аралбай ақын Махамбет), бүгінгі заманғы шығармашылық адамдарына (Фариза Оңғарсынова, Тұманбай Молдағалиев, Дидахмет Әшімханұлы, Күріш Тасболат) жазған арнау өлеңдерден тұрады.
Осы жылы Дидахмет ағаның қазасы қаймана қазақты қайғыға салған еді. Төмендегі өлеңді Дидахмет Әшімханұлын жерлегенде оқылыпты деп естідім:
Дидахмет Әшімханұлына
Қайран, Дидақаң-ай, қайран аға,
Жүрегін пәктің нұры шайған аға!
Бір жұлдыз өзің ең ғой, қаракөкте,
Адасқан қазақ сынды қайманаға.
Емініп жер аңсаған Сарыатаның,
Біздің де, оятып ед, дала таңын.
Біз сені күтуші ек ғой, бір соғар деп,
Сағынған шыңдарынан Манатаның.
Алаштың түбін түптеп, бел Тұраннан,
Төркі жұрт түбін қуып кетіп әрман,
Мәз болып қалушы едік, қуанысып,
Біз сені көрген шақта экраннан.
Іш тартып бізге жүрдің, неге сендің,
Бауырдай араластық ел есен күн,
Содан соң құда болып шықтың ақыр,
Жездесі болып шығып жеңешемнің.
Жалған-ай, соның бәрі елес пе еді,
Сағымдай жоқ болатын белестегі,
Неге осы бес күн жалған, үш күніндей –
Жақсының аз болады кеңестері?
Қош енді, бұл пәниден озды ағам-дүр!
Жүректің қыл-пернесін қозғаған жыр.
Қосылып Катондағы Қарағайға
Маңғыстау егіледі, боздаған Қыр!
Үшінші бөлім «Әнге арналған өлеңдер» деп аталады. Аты айтып тұрғандай бұл бөлімде туған жер, махаббат, соғыс зардабы туралы әндерге жазылған өлеңдер жинақталған.
Соңғы бөлімде Маңғыстаудың Қозысы мен Баянындай болған Асалы Көкетай атты ғашықтар оқиғасына арналған поэма берілген.
Кітап соңы ақынның бір «Бір өлеңімен» аяқталады:
Бір өлең
Жазылмаған бар әлі бір өлеңім,
Түн күрсінсем кеудемде түлегенім.
Атқан таңның астында сол өлеңнің –
Айдынына айрықша гүл егемін.
Сол өлеңді оқиды жанашырым,
Айтылады сол жырмен бар асылым.
Адамзаттың атынан жар салады,
Сонда менің биігім дара шыңым.
Естіп жүрем алыстан, сазын да әмән,
Сазыменен жеткізіп назын маған,
Жүрегімнің түбінде жөргектеулі,
Бір өлеңім бар әлі жазылмаған.