«Қара шекпен» һәм «Ит ашуы». Бағаланбаған адалдық
блог
Жақында Ғ. Мүсірепов театрына жолым түсті. Қойылым аты: «Қара шекпен». Георг Хугаев атты осетиялық драматургтың шығармасы екен.
Екі сағатқа созылған спектаклді көріп, екіұдай сезімде қалдым… «Қара шекпен» — ізгі қасиеттерін жоғалтқан ғасырдағы Адамдық аңсары. Жан арпалысы, ойлар тартысы, сезім қайшылығы тоғысқан пәлсапалық туынды.
Қойылым адамдықтан айырылған қатыгез қоғамның бүгінгі бет-бейнесін айна-қатесіз жайып салады. Автор әртүрлі жан-жануарды пайдалана отырып, айтпақ ойын солардың образы арқылы жеткізуге тырысады.
Тұзар – қожайынына қалтқысыз қызмет етіп, қасқырдан қорасын қорғап жүрген төбет. Ол «дүниеде адамнан асқан тіршілік иесі жоқ» деген сөзді ғұмырлық ұранына айналдырған. Адамға қызмет етуді һәм тура жолынан тайқымауды өмірлік парызы санайды. Тіпті, Көкшуланға ғашық боп, сезімі сынға түскен кезде де, адамға деген адалдығынан айнымайды. Төбеттің иесіне деген кіршіксіз көңілі күзеуде ұмыт қалған қара шекпенді қыс бойы күзетіп қалған тұста анық байқалады.
Төрт мезгіл қойшының иығынан түспейтін шекпенді қаһарлы қыста арып-ашып қорғауы – қожайынға деген риясыз сенімнің жемісі еді. Алайда шекпенді шопанға аман жеткізсем деген жанкештілігі өзін жарға итереді… Сүйегі терісіне ілінсе де, сеніміне селкеу түсірмеген Тұзар, қожайынның қайта оралуын асыға күткен болатын. Шопан болса, қасқыр алар қауһар қалмаған «қаңғыр иттің» аяғынан тұра алмаған сүйкімсіз сиқын ұнатпай, өз қолымен атып тастайды… Ол үскірік аязда үмітін жамылып, адамзатқа деген адалдығына сызат түсірмеген еді. Алайда асыл қасиеттерінен ажыраған адамзат қауымы бұның парқына жете алмады. Иә, замана ағымына ілесіп, ұлы құндылықтарды ұмытқан ұрпақ, адами болмысын жоғалтып барады… Сатқындық пен қулық, өтірік пен көреалмаушылықтың жайлаған жалғанда байғұс жүрек мейірімге шөлдейді…
Тұзардың тағдыры туралы ойланып отырып, Сафуан Шаймерденовтың «Ит ашуы» повесті ойға оралды. Бұнда да Лезбай отары күзеуге көшіп бара жатып қара тоны жұртта қалып кетеді емес пе?! Адамдай ақылды Марғау иесінің тонын айналғыштап, кете алмай аласұратыны есте. «Қара тонмен ойнама, ол менің құтым» деген Лезбай сөзін ескермей, тер сасиды деп жолай лақтырып кеткен Ұмсындыққа қандай кінә артарсың? Марғау болса, аталарынан қалған ең асыл борышындай, елсіз далада қара тонды күзетіп қала береді. Борасында қой тастың ығын паналап, аш бөрілермен алысып, небір мехнат кешеді. Сөйтсе де жыртық тонды көзінің қарашығындай қорғап, бес айдай азапты өмір арпалысына түседі. Аңға шыққан Сәршен көршісі аңдаусыз жолықпағанда, Лезбай отбасы Марғаудай адал көмекшісін ұмытып та кетер ме еді? Із-түссіз кеткен итін іздеп келген Лезбай үңгір аузында жатқан өз тонын көріп, таң-тамаша болады. Қара тон мен иттің жоғалуында бір байланыс бары үш ұйқтаса да түсіне кірмеген. Байғұс шопан өз түйсіксіздігіне налыды ма, жоқ әлде әйелінің «пысықтығына» күйінді ме, тонды лақтырып жібереді…
Шаймерденов шығармасында да иттің адалдығы аяққа тапталып, адамдар тарапынан лайықты бағаланбайды.
«Ит – адамның досы» дейміз ғой, ал адам итке қаншалықты «дос» болып жүр? Расында олар «заты ит болғанмен, кейбір екі аяқты ақымақтардан әлдеқайда артық» еді ғой…
Қойылым соңында оққа ұшқан итке ата қасқыр: «Кімдерге қызмет еткенсің, Тұзар?» деп, кінәлай сұрайтыны бар. «Мен оған емес, адамдарға қызмет еттім» дейді ол. Иә, адал жолдасынан әп сәтте айнып шыға келетін адамдар осындай таза сезімдердің қадіріне жете алса дейсің.
«Қара шекпендегі» әр образ көңіл мұңын қозғап, түрлі сезімге жетелейді. Кейіпкерлердің іс-әрекеті, мінезі, ой-пиғылы бүгінгі қоғамдағы адамдар бейнесін көз алдыңа келтіреді.
Көкжалдың (қасқыр) зұлымдығы мен ынсапсыздығы, Сылаңның (түлкі) айлакерлігі мен екіжүзділігі, Қосүрейдің (қоян) трагедияға толы тағдыры біздің өмірімізде де кездесер шындық. Бір тұста екі жарым ғасыр жасаған қара қарғаның аузымен: «Тірі жүріп, іштей іри бастаған адамдар бір бірін аяусыз өлтіреді» деген ащы ақиқат айтылады.
Спектакльдің қоюшы режиссері Асхат Маемиров «Қара шекпен – рух, ал, Тұзар төбет – рухты күзетуші» деген екен. Рухмыз жоғалмау үшін күзетшісін ардақтауымыз керек. Ол күзетші – біздің ізгі сезімдеріміз… Асыл қасиеттерімізді амандығы – адамдығымыздың айнасы.