Қара шаңырақ ҚазҰУ-дың құрылғанына 90 жыл толды

Алматыда  1934 жылдың 15-қаңтарында Қазақ мемлекеттік университеті құрылды. Ең алғаш студент даярлауға биология, физика-техника және химия факультеттері кірісіп-ақ кетті.

Ғылым мектептерінің тізгінін ұстаған М.Әуезов, Қ.Сәтбаев, Е.Бекмаханов, А.Бектұров сынды біртуар азаматтардың еңбегі әлі күнге дейін университет қабырғасында жаңғырып тұр. Университет өмірінің жарқын беттері, соның ішінде ғылым мен мәдениетінің ең үздік жетістіктері 70-80 жылдарға сәйкес келеді. Осы кезеңде университетті белді қоғам қайраткері, академик Ө.А.Жолдасбеков (1970-1986) басқарды. Университеттің керемет студенттер қалашығы құрылысының бірінші кезеңі басталып, ғылым мен білімнің жаңа дәстүрлері туындап, дамып, нығая түсті. 1991 жылы 23 қазанында Қазақ мемлекеттік университетіне ұлы философ, энциклопедист ғалым әл-Фараби аты беріліп,  1993 жылдың 9 қаңтарындағы ел президентінің Қаулысымен әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университет деп аталатын болды.

Университет дамуының басты бағыттары анықталды. Ол - әлемдік білім беру жүйесіне дәйекті түрде жақындау, мамандарды даярлауда халықаралық стандарттарға көшу. 15 қаңтар Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің құрылған күні. Жоғары оқу орны халықаралық QS рейтингінде 230-орын иеленетін отандық жалғыз университет.

Орталық Азия бойынша да өзінің көшбасшылық позициясын сақтап келеді. Әлемдік рейтингке ТМД елдерінен тек екі университет - Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университеті мен Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ топ 250-ге кіреді.

Қазақ білімі мен ғылымының қара шаңырағы QS Asia University Rankings бойынша да Азиядағы үздік және алғашқы 30 жоғары оқу орнының қатарында. Білім ордасы «зерттеу университеті» мәртебесіне ие. 2022 жылғы 25 шілдеде Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен бекітілді. 1934 жылы 15 қаңтарда алғаш 54 студентпен ашылған университетте қазіргі таңда 25 мыңнан астам білім алушы бар. 90 жыл бұрын физика-математика және биология факультеттері жұмыс істесе, қазір олардың саны 16-ға жетті.

1941 жылға дейін 14 білім бағдарламалары бекітілсе, 2023-2024 оқу жылында олардың саны550-ден асты. Мұхтар Әуезов, Қаныш Сәтбаев, Әлкей Марғұлан дәріс оқыған аудиторияларда ҚР ҰҒА 11 академигі, ҚР Жоғары мектебінің 3 академигі, ҚР Жоғары мектебі Ғылым академиясының 8 академигі, 7 ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі еңбек етеді. Сондай-ақ 603 доктор, 736 ғылым кандидаты, 512 PhD өз үлесін қосуда. Жалпы саны 3354 оқытушы-профессорлар құрамы ғылыми-зерттеу жұмыстарын орындаудың жоғары сапасы мен тиімділігін жүзеге асыруда.

Университет тарихында әр жылдардағы Ректорлар И.Лукьянец, Т.Тәжібаев, А.Закарин, Т.Дарқанбаев, Ө.Жолдасбеков, К.Нәрібаев, Т.Қожамқұлов, Б.Жұмағұлов және басқа академик ғалымдар өз қолтаңбасын қалдырды. Бүгінгі таңда оқу орнын филология ғылымының докторы, профессор, төтенше және өкілетті елші Жансейіт Қансейітұлы Түймебаев басқарады.

2023-2024 оқу жылына 10 719 талапкер қабылданып, білім алушылар саны алдыңғы жылмен салыстырғанда 3000 ға артты. ҚазҰУ-дың 32 оқытушысы «Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы - 2023» республикалық байқауында жеңімпаз.

Мерейлі 90 жыл құтты болсын!

Әл -Фараби атындағы
Қазақ ұлттық университетінің оқытушысы
т.ғ.д., профессор Төлебаев Тұрғанжан Әбеуұлы
магистрант Рахымжан Наурызбай Дүйсенбекұлы

Фото: Досжан Балабекұлы



Бөлісу: