Қара шаңырақ – ҚазҰУ

Қазақтың талай дарынды азаматтарының басын қосып, біртуар азамат қылып тәрбиелеген қара шаңырақ – ҚазҰУ екені айтпаса да белгілі. Тарихы тереңге бойлайтын, түлектері еліміздің дамуына аянбай еңбек ететін университетіміздің бүгінде жеткен жетістіктері де аз емес. Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университеті 1934 жылы 15 қаңтарда іргесі қаланғаннан бастап Қазақстанның білімі мен ғылымының дамуына оразан зор үлес қоса отырып, білікті мамандарды даярлауда көшбасшы болып келеді.  

Осы орайда университетіміздің жетістіктерін айтпай кетуге болмас.  Quacquarelli Symonds (QS) беделді халықаралық рейтингтік агенттігі жүргізген тәуелсіз бағалау қорытындысы бойынша Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті жоғары баға алып, «QS Stars Rating System» халықаралық рейтингісінде «Бес жұлдыз» жоғары марапатына ие болды. ҚазҰУ – «Бес жұлдыз» марапатына ие болған Орталық Азия аймағындағы алғашқы және жалғыз жоғары оқу орны.

Әлемнің 1200-ден астам университеттерін бес пәндік бағыт бойынша сараптаған «QS World University Ranking by Subject 2021» пәндік рейтингінің нәтижелері бойынша Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ өзінің көрсеткіштерін жақсартып, позициясын нығайтты. ҚазҰУ өткен жылмен салыстырғанда «Өнер және гуманитарлық ғылымдар» пәні бойынша өз көрсеткіштерін 277-ден 156-шы орынға, «Әлеуметтік ғылымдар және менеджмент» пәні бойынша 351-ден 257-ші орынға көтеріп, оң нәтижеге қол жеткізді.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Орталық Азия ЖОО-ларынан жалғыз болып QS «World University Rankings» халықаралық рейтингісінде ең үздік университеттер арасында 210 орынға ие болды. Алға 13 қадам жылжып, 207 орынды бағындырды. Бұл топқа посткеңестік аймақтан тек екі университет: ҚазҰУ және Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университеті (РФ) енді.

Қазіргі таңда Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті 37 мамандық бойынша бойынша кадрлар даярлайтын жоғары оқу орны және ғылыми-зерттеу орталығына айналды. Университет құрамында 16 факультет, 67 кафедра, 32 ғылыми-зерттеу институттары мен орталықтар, технопарк бар.

Мен 2016 жылы ҰБТ тапсырмай тұрып, ҚазҰУ-ға түсуге ниеттендім, әрине соған жету үшін  аянбай еңбек еттім. Еңбегім еш кетпеді, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті механика-математика факультетіне грантқа түстім. Бұл мен үшін үлкен жетістік пен болашағымның есігі іспеттес болды. ҚазҰУ маған көптеген мүмкіндерді ашып қана қоймай, қоғамға бейімделуді, көптеген дарынды жастармен бас қосатын орта қалыптастырды. 2020 жылы  магистратураға түстім. Қазір механика-математика факультетінің 1 курс магистрімін. Университетте барлық студент, магистрант, докторант үшін де қажетті жағдай жасалған. Сондай-ақ университеттің оқыту жүйесі әлемнің озық университеттерінің білім беру жүйесінің негізінде жасалған.

Қорытындылай келе, болашақ жас түлектерге айтарым, білімнің қайнар көзімен сусындандыратын, қазақ халқының маңдайына біткен тұлғаларды тәрбиелеген қара шаңырақ – ҚазҰУ-ды таңдауға кеңес берер едім. Мен өзім алып жатқан біліміме толық ризамын. Болашақта Қазақстан үшін барымды салып еңбек етемін.

 

Механика-математика факультетінің 1 курс магистрі: Оспан Таңат Маратұлы

Филология факультетінің аға оқытушысы: Уразгалиева Светлана Аманжоловна



Бөлісу: