Халық әні – халықтың тағдырымен бірге өсіп, біте қайнасып, оның қуанышы мен мұңын жеткізетін үлкен сарын екені белгілі. Ол – халық ауыз әдебиетінің де үлкен бір саласы.
Бүгінгі тілімізге тиек болатын дүние халық әндерінің өзі емес, әрбір халық әнінің бастауында тұрған бірінші және екінші тармақтары. Егер назар салып тыңдасаңыз халық әндерінің басым көпшілігінің бірінші және екінші тармағы сол халық әнінде айтылмақшы болған негізгі ойға, желіге ешқандай қатысы жоқ тіркестер болып келеді. Мысалы, «Елім-ай» әнінде былай:
«Қаратаудың басынан көш келеді,
Көшкен сайын бір тайлақ бос келеді.
Ел-жұртынан айрылған жаман екен,
Қара көзден мөлтілдеп жас келеді...»
Ал, халық әні «Екі жирен»: «Көшкенде жылқы айдаймын аламенен» деп басталады. «Бір бала» әні болса:
«Талдан таяқ жас бала таянбайды,
Бала бүркіт түлкіден аянбайды» деп шырқалады.
«Шынар-ай» әнінде:
«Қаратаудың басынан арша ап жүрмін,
Көтере алмай аршамды шаршап жүрмін» дейді.
Көзіңіз жетті ме? Бұл туралы мысалдар өте көп. Шын мәнінде бұл тармақтар халық әнінде өте жоғары, маңызды рөл ойнап тұр. Халық әндеріндегі философиялық ой тереңдігі де дәл осы бастапқы тармақтарынан көрінеді. Қазақ өзі өмір сүрген заманды, өз таным-түсінігіндегі осынау дүниені халық әндерінің біз айтып отырған тармақтарында айтып, тыңдаушысының есіне салып отыруды әдетке айналдырған. «Қара тудың басындағы көш» қазақ танымында олардың бүкіл өмірін, бар болмысын бейнелеп жатқандай. Көш ұғымы тек ХХ ғасырдың басында ғана қазақ тұрмыс-тіршілігінен шеттеп, этнографияға, байырғылыққа, ескілікке айналып кетті. Ал, «бос келе жатқан тайлақ» біздіңше ол жаугершілік заманнан халық санасына әбден сіңісті болып қалған ерінен айырылған зарлы жас ананың бейнесін, сол бір көзіне жас мөлдіреп, соңына қарай-қарай көштен шеттеп келе жатқан көкірегі сағынышқа толы жандардың образы.
Жас бала қай кезде таяқ таянады? Ол да бүгінгі түсінікке жат емес. Әкеден айырылған бала ғана талдан таяқ таянып, өлімнің соңын атқарады.
Міне, осы тектес тіркестердің барлығында әннің негізгі желісіне жанаспаса да, өзіндік мән-мағына жатады. Ол әндегі шаттық пен қуанышқа, махаббат пен әзілге толы өмірге өлең-жыр арнамас бұрын осы күніне шүкіршілік айтқан, халықтың есіне өткен тарихын салып, ата-бабасына деген іззет-құрметі жатқанын әйгілейді.
Сурет: academic.ru