«Қара киімді әйелмен» түн өткізген Гарри Поттер

«Қара киімді әйелмен» түн өткізген Гарри Поттер
жеке
блог

Сықырлаған еден, жабылып, ашылмай қалатын есік, тірі пендесі жоқ үйдің екінші қабатындағы терезеден қарап тұрған әйел, айдалада салынған алып үй, музыкалы ойыншықтар… Бір қарағанда «Қара киімді әйелдің» (Женщина в черном / The Woman in Black) ерекше ештеңесі жоқ: көрдің, бір-екі рет бақырдың (бақырмауыңыз да мүмкін, алайда, жүрегіңіз зірк етпей қалмайды), ұмыттың, болды. Бірақ…

Фильмның жекелеген сәттерінде емес, өн бойында кездесетін әлдебір түсініксіз аура, төбеден төмен төніп тұратын мистикалық сипат, оператордың «кесірінен» пайда болатын үрей түптеп келгенде есіңізде қалатын ақырғы әсер болады.

Он тоғызыншы ғасырдың соңы. Артур Киппс атты жас адвокат шалғай жатқан елді мекенге аттанады. Бастығының бұйырғаны біреу: қайтыс болған әйелдің қағаздарын реттестірмей, анықтамай, қайтпа. Баласын күтушіге тастап (әйелі босанған кезде қайтыс болып кеткен) жолға шыққан Артурды аңыраған үй, әлденеден қорыққан адамдар, батпаққа батып өлген бала және қара киімді әйел күтіп алады.

Сьюзен Хиллдің «Қара киімді әйел» атты шығармасының желісімен түсірілген ремейк-екінші фильм ең әуелі басты рөлді ойнаған Дэниэл Рэдклифф арқылы қызығушылық тудырды. Жалпы жұрт Гарри Поттерден басқа бейнесін көрмеген британдық актер сиқырлы таяқшасыз және көзілдіріксіз құпия күштермен қалай күресер екен деген болатынбыз. Бастамасы жаман емес, кескін-келбетімен, түр-сипатымен көрерменге мистикалық әсердің кем дегенде қырық пайызын «сыйлап» береді. Елдің есінде шекесінде тыртығы бар бала болып қана қаламын деп қамыққан Рэдклифф енді уайымдамаса да болатын сияқты, ендігі жерде жеке өзім актерді мистикалық драмамен де байланыстырамын.

Гарри Поттер демекші, 1989 жылы жарық көрген «Қара киімді әйелде» басты рөлді, яғни адвокат Киппсты кейін Поттердің әкесі Джеймсты ойнаған Эдриан Роулинс экранға шығарған екен.

«Қара киімді әйелдің» сюжеті тым таптаурын болған сипатта. Баласынан айрылып, есінен айрылған әйелдің кек алуы, жақын жатқан жұрт баласының жаппай өздерін-өздері өлтіруі – бұған дейінгі біраз фильмде қолданылған көріністер. Джеймс Уоткинс туындысын құтқарып қалған операторлық жұмыс пен кадр тартымдылығы.

Гай Ричидің біраз фильмімен («Револьвер», «Карта, ақша және екі мылтық», «Үлкен олжа») жұмыс істеген оператор Тим Морис-Джонстың әдемі түсірілімдер мен аруағы бар үйдегі үрейді еселей түсетін кадрлары елді бір аһылатып, бір үһілетіп отырғызады. Бұған дейін ауасымен арбап алатын бірнеше фильм («Менің кішкентай көзім», «Жоғалғандар», «Жұмақ көлі») түсірген Джеймс Уоткинс кәсіби даму үстінде секілді. Қайткен күнде, бұл режиссердің туындыларына сұраныс болады деп ойлаймын.

Көрерменге ұнамды болуына себепші тағы бір фактор ретінде фильмдегі қан-жынның, қатігез кадрлардың (Ба! деп қорқытып қалуды айтпаймын) жоқтығын келтіруге болады. Ия, үрейлі; ия, не болар екен деп тыпыршып кетесің; ия, күткен дүниең болмай, енді еркінси бергеніңді әлдебір бейне немесе үн сап ете қалып жыныңа тиеді, бірақ, қорқырай аққан қан мен қол-аяғы шабылған адамды көрмейсіз.

Классикалық готикалық сипаттағы бұл мистиканы Николь Кидман түскен, «Гойя» жүлдесін сыпырып алған «Басқалар» («Другие», «The Others») туындысымен салыстыруға болатын секілді. Дәл сондай еңсені басар қызықты сәттер, қараңғы бөлмелер, тұманды дала және ең бастысы ерекше финал.

Джеймс Уоткинс сапалы дүние түсірген екен. Тіпті, қорқынышты сәттерді қабылдай алмаймын, ұнамайды деген адамның өзі фильмнің мистикалық сипаты мен драмалық сюжетіне қарайлайды деуге болады.

Британдық-канадалық «Қара киімді әйел» қорқынышты аттракцион сияқты. Әлдебір американ сырғанағына немесе шыр көбелек айналар әткеншекке отырған адамның аспан мен жер орын ауыстырып, әлем-тапырақ болғанда иманын үйіріп, «екінші қайта жоламаспын бұл бәлеге» деп ант-су ішетіні, бірақ артынан келесі аттракционға кезекке тұрып жататыны бар емес пе? Бұл да сондай…

10-ның 8-ін беремін.

Дінмұхамед Зиядин