Қар жауған түн

Кеше қар жауды. Жапалақтамады, төгіліп жауды.

Бала кезімде бір түні қардың жауғаны есімде. Кеудем мен бұтымдағы ішкиімім ғана бар. Етікті кидім де, сыртқа атып шығып, қар құйылып жатқан аспанға қарап, төсімді ашып жүгіргенмін. Әкемнен алғаш рет қорықпағаным сол сәт-ау деймін. Ол да маған ештеңе демеді. Тізеден келетін аппақ ұлпаны оңды-солды кештім бір.

Тағы бірде мамам екеуіміз қонақтан қайтып келе жаттық. Мен бес жасамай жатып, біреуге кәдімгідей ғашықпын... Қар жауып басылған. Бір кезде мамамнан кейінге қалдым да, ағашпен қарға «Мен сені сүйемін» деп пе, әлде «Зура+Болатбек» деп пе жаздым... Ішімдегіні шығарып, бір мәз болсам, «мұны бәрібір ешкім көрмейді ғой» деген ойдан тағы да көңіл күйім түскен еді.

Содан бері талай қар жауған түндер өтті. Бірақ олардың маған еш қатысы болған жоқ. Ал кеше...

Түн жылы болды. Мен беті енді ашылған бозбаладай желіктім! Сенде менің, менде сенің барың қандай керемет! Әрине, мәңгілік сезім болмайды, бір күні мен бұл бақыттан да қол үзермін... Ал әзірше бақыттымын!



Бөлісу: