Қанмен келген жеңіс

Қанмен келген жеңіс
жеке
блог

Сұрапыл соғыс, қан майдан. Бұл тақырыптар бәріңізге таныс болар. Әрине, жеңіс- біздерге оңай дүние болып көрінуі мүмкін, алайда, жеңістің туы желбіремегенде-азаттықтың ақ таңы атпас еді.
Туып-өскен жерімде Ұлы Отан соғысына қатысқан біршама ардагерлер бар. Осыдан бірнеше жыл бұрын ұстазымның тапсырмасымен ардагерлердің ғұмыр тарихын зерттеп қайтқан болатынмын.
Солардың бірі-Рысманов Төленді атты кісі. Бұл қария-менің көршім. Бала кезімізден ауласына барып, атамен әңгіме-дүкен құрып отыратынбыз. Жасы тоқсаннан асса да өнегелі әңгімелерін айтып, біздерді шабыттандыратын. Арнайы тапсырмамен келгенімді айтып едім, сұқбат құруға бірден келісе кетті. Сол күні сырлы сұқбат өрбіді. Ардагер атамыздың ақылына, ерлігіне, туған еліне деген сүйіспеншілігіне қайран қалған болатынмын. Алайда, тоқсанды алқымдаған қария осы жылдың басында көз жұмды. Оның ерлікке толы хикаясын сіздермен бөліскім келіп отыр. Ендеше тыңдаңыз, құрметті оқырман.
"1941 жыл. Қара жер сұрапыл соғыста қаза тапқан талай боздақты кең қойнына алып жатқан қасіретті кез. Біздің ауыл-аймақтан да ер-азаматтар соғысқа аттанып, кейбірінен тіпті, қара қағаз да келіп жатты. Соғыс басталған сәтте менің жасым 15-те еді. Жетім қалған балалар, жесір қалған қыз-келіншектердің ауыр жағдайын, мұң-қайғысын сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес болатын. Сол кезде өмір сүрген бүлдіршіндер соғыстың зардабын көріп өсіп, ерте есейді, еңбекке де ерте араласты.
Кейде кешқұрым уақыттарда ауыл балалары болып жиналып, қызу ойынға кірісіп кететінбіз. Балалардың бірнешеуі фашистердің, ал қалғандарымыз жау жаққа қарсы аттанған Кеңес өкіметі солдаттарының рөліне енетінбіз. Бар күш-қайратымызды сарп етіп, "Алға!" деп ұран бастап қойып, әлгі балаларды тас-талқан етіп жеңетінбіз. Әрине, біздікі ол кезде ойын ғой.
Арада бірнеше жыл өткен соң, соғысқа өзім сұранып бармақ болдым. Әкемізден ерте қалғандықтан, қараша үйде әжем, мен және анам тұратынбыз. Олар бастапқы кезде жылап-сықтап, соғысқа жібергілері келмеді. Бірақ, мен Отан алдындағы парызымды шет қалдырмайтынымды айтып жүріп, көндірдім, көнбеске амал бар ма, арада 3 күн өтпей жатып, соғысқа қабылданғаным жайлы қағаз келсе?! Әжем мен анам қорада тұрған айналдырған екі ірі қараның бірін сойып, ауыл-аймақтың басын қосып, ас берді. Келген көрші-қолаңдар, туысқандар мен ауылдастарым ақ баталарын беріп, келесі күні мені шығарып салды.
Жүйткіген пойызбен діттеген жерімізге дейін жетіп, дайындық жасап, фашистерге қарсы аттанып кеттік. Міне, сол кезде шынайы соғыстың ауыртпалығын өз көзіммен көрдім. Таңнан қара кешке дейін гүрсілдеген танк пен оқтың даусын ғана еститінбіз. Ара-тұра жақындарымызға хат жазып, хәл-жандайларын да сұрастыратынбыз. Кейде бүтін бір полк жауынгерлері жиналып, қызықты хикаялар мен батырлар жырын оқитынбыз. Бір қызығы, осы жақтағы ең жас жауынгерлердің де бірі- мен болатынмын. Осылайша, уақыт зулап өтіп жатты.
1944 жылдың көктем айы болатын. Таң ата салысымен , "жау біздің аймаққа төніп келе жатыр" деген жаңалық естідік. Барлығымыз да сақадай сай болып, жау жақты ойрандауға бар күшімізді салып бақтық. Бір күннің ішінде қаншама танкіні жайратқанымызбен, соншама серігімізден айрылып қалдық. Келесі күні тағы да сол жайт қайталанып жатты. Біздің бөлімшемізге қарай төтеп келе жатқан танкіге қолымда тұрған жарылғышты лақтырып кеп жібердім. Осыны сырттан бақылап тұрған жау командирі оқты тұра кеп жаудырды. Сол сәтте аяғым мен бел тұсыма оқ тиді. Жарақат алып, жерге гүрс етіп құладым.
Көзімді ашсам, ауруханада жатыр екенмін. Медбикені шақырдым, бірақ, олар бір-бірімен түсініксіз бір тілде сөйлесіп жатыр. Жан-жағыма аңтарыла қарадым. Дәл қасымдағы төсекте бір кісі жатыр. Біраз үнсіздіктен соң, ол кісінің өзі де тіл қата бастады.
-Қалың қалай?
-Жақсы, рақмет, өзіңіз?
-Менде де бәрі дұрыс.
-Кешірім өтінемін, біз қайдамыз?
-Біз Германиядағы сауықтыру госпитальіндеміз.
-Германия?
-Иә, Германия. Сен осыдан екі күн бұрын осы жерге орналастың. Сол күннен бері енді ғана есіңді жиып тұрсың.
-Мен- Кеңес Одағының жауынгерімін. Демек, құлдыққа түскен екенмін ғой...
-Иә, мен де Кеңес Одағынанмын. Осында жатқаныма бірнеше ай болды. Соғыста ауыр жарақаттанып, немістердің қарамағына түсіп қалдым.
-Жағдайымыз қиын екен. Енді не істемекпіз?
-Қызықтың көкесі әлі алда. Бізді Францияның ит өлген жеріне жіберіп, тыңшы қылмақ ойлары бар екен.
-Мұны сіз қайдан білесіз?
-Менің көрші палатада жататын бір танысым бар еді. Бір апта бұрын ғана Францияға аттанып кетті.
-Ондай опасыздыққа жол бере алмаймын. Мені өлтірсе де, атып тастаса да мен айтқанымнан қайтпаймын. Мен не мына жерден қашып шығамын, не Отаныма қызмет ету жолында жанымды құрбан етемін!
-Жарайсың, батырым! Алайда, сен әлі жас көрінесің. Ата-анаңа, еліңе керексің. Сені құптаймын, бұл жерден қашып шығудың амалын бірге табайық.
-Біз қазір Германияның қай аймағындамыз?
-Нақты қай жер екенін білмеймін, бар білгенім, шығыс жағындамыз және жанымызда орман бар.
-Керемет, сол орманнан аттап өтсек болғаны, ары қарай бір мәнісі болар.
Арада бірнеше күн өткен соң, таң азанымен бәрінің көзін ала бере далаға шықпақ болдық, бірақ, бұл мүмкін болмады. Сондақтан да немістердің жұмысын істеуге тура келді. Ойлағанымызды 1 аптадан соң ғана жүзеге асырдық. Орман ішімен қашып келеміз, далада жаңбыр себелеп жауып тұр. Біреу-міреу көрсе, не болатынын да білмейміз. Орманның ішімен тура ұмтылып, қашып шықтық. Алдымыздан қаншама кедергілер шықты десеңші.... Бәрін де жеңіп шығуға тура келді.
Бірақ, біз тұп-тура өз елімізге тартып тұрудың амалын тағы да ұйымдастырдық. Сол кезде талғажау ететін тамақ тапсаңшы. Алдымызда кездескен енді ғана пісіп-жетіліп жатқан жемістерді теріп алып, жедік. Германияны бүге-шігесіне дейін білмегендіктен, жергілікті тұрғындардың көмегіне де жүгіндік. Мен немісше білмейтінмін, бақытыма орай, қасымдағы жолдасым неміс тілін біршама түсінетін. Немістермен сөйлесіп, мән-жайды түсіндіріп көрдік, қарапайым адамдар болса керек, бар қонақжайлығын көрсетіп, келесі күні елімізге қарай кемемен аттанып кеттік. Жол бойында да талай қиындықтарды бастан кешірдік. Ыңғайсыз ауа-райының кесірінен, одан қала берді, тексеріс болып, әбден әуре-сарсаңға салды.
Біз бар "қызықты" өз елімізге келіп көрдік. "Сатқын" деген ат тағылып, қуғынға ұшырай жаздадық. Алайда, мен полк командирін тауып алып, бар жайтты түсіндірдім. Командирім бәрін де тыңдап отырып, осыншама қиындықты жеңіп келгенімізге таң-тамаша болды.
Келесі күні полкқа қайта алынып, жауынгерлік қызметіме кірісіп кеттім.
1945 жылы көк аспанда Жеңіс туы желбіреді.
Міне, біздер Жеңіске дәл осылай қол жеткіздік. Сол күндер әлі де көз алдымда..." деп ардагер өз сөзін аяқтады.
Тыңдап отырып көзіме жас келді. Расында да, біздер батырлардың ұрпағымыз! Тек бостандық деген бақты бағалай білсек болғаны...

 

Самидин Аружан Азатқызы

М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университеті, журналистика мамандығының студенті. 

Бекназарова Раушан Кадырбековна

М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университеті, орыс тілі мен әдебиеті кафедрасының аға оқытушысы.