Қандай шарттарда өмір сүргенбіз ауылда???

Есімде, ауылда, 6 жасар әпкем жер сүзіп құлап, қолы жырылып қанап, әжеме жылап келгенде әжем жараға шемішке май жағып бере салатын. «Болды, жазылды» дейді басынан сипап. Әпкем дереу жылауын қойып, қайтадан ойнап кететін.

Ара шағып алғанда балаларға «мені 6 ара шақты, міні» деп ізін көрсетіп мақтанатынбыз.

Бірде көршінің баласын үлкен қара ара шағып алғанда, бәріміз қуалап жүріп шаққан араны ұстап өлтіріп, отқа өртеп, «кек» алдық. Араның шаққанын елемей, ұмытып та кеткен едік.

Інім арықта ойнап жүргенде айырқұйрық сарышаян шағып алды. Шаянды өлтіріп қағазға орап үйге әкеліп, папаға көрсеттік. Папа бір қарады да қайтадан теледидардың құлағын бұрай берді. Бізден де маңызды шаруасы бар екенін қабағынан білдік.

Бірде таң атпай шөп оруға баратын болдық. Далада ілулі тұрған көйлекті кигенім сол еді, арқам тыз ете қалды, сарт етіп көйлектің сыртынан ұрып жібердім. Жалмажан шешіп қарағаным сол еді, саразбан мыжылып өліп жатыр. Артынша папаның «әй, болсайшы, қайда құрып кеттің?» деген қатқыл даусы шыққанда жүгіріп кеттім. Барып атты ерттеймін деп жүріп, саразбан туралы ұмытып кетіппін.

Тағы бірде бір баламен балық аулауға бардық. Су кешіп жүріп, қамыс, қоғаның арасын аралап, біраз балық ұстадық. Жағада отырғанда ол балтырын көрсетті. Екі ізден қан ағып тұр. «Жылан шағып алды бағана» деп мәз боп тұр. «Ешкімге айтпа, мамам білсе ұрсады» деді.

Бұның бәрі қара сирақ бала боп жүргенде болған оқиғалар. Қазір ойласаң, қызық. Қандай шарттарда өмір сүргенбіз, ә.



Бөлісу: