Қанаттың ойы...

 (Әңгіме)

-           Аттың басын жіберме! Тартып ұста, босатпа дедім.

-          Айхау, сені ме бәлем, көк есектей етіп жуас етем сені ме...

- Жарайсың, Қанат!!! – деген  қарт атаның даусы қарлығып шықты.  Немересі Қанаттың бірнеше қашағанды қолға үйретіп жатқанын тамашалап мәре-сәре болып тұр.

 – Жүр, Қанатжан, кешкі шаймызды ішіп алайық. Қалғанын кейінге қалдыр.

- Жарайды ата,ұсталмағанын  әзірге босата салайын, ертең таңертен алып қаламын, -деп, Қанат көгалға жантая кетті. Әдеттегіден бүгін қатты шарады. «Алыстырып шіркін мына аттардың асауын-ай» деп ойлады. Әшейінде күні бойы ат үстінде  жүрсе де дәл бүгінгідей шаршамапты. Дала кешқұрым, ауыл сыртындағы көлден құрбақаның құрылдаған даусы тыйылар емес. Көзін жұмса болды Қанатқа екі ой маза бермейді. Екі иығына аяғын салбыратып отырып алғандай дауыстап тұрып  талқылайды. Оның бірі қанаттың адамгершілік ойы, екіншісі арам ойы. Арам ойы:

 - Осы да өмір ме? Танертен кешке дейін ат сабылтып жүрсің, кімге керек. Жарқынбекің төлеп қарқ  етіп жатқанындай жанынды беріп жұмыс істейсің. Таста бұл жұмысты да , үйді де. Сенсіз көрген күнін бұл одан әрі жалғастыра береді.

- Ей, олай болмайды,- дейді адамгершілік сол кезде ,- атам ше, жалғыз қартты тастап қайда барам, жалғыз сенерім сол кісі емес пе? Қартайғанда қарт үйіне апара алмаймын. Және де мен не жұмыс істеймін бөгде жерде, жылқыларымды қимаймын.

- Жылқыларым, - деп қайталай мысқылмен арам ой күледі, - Есіңде болсын бұл сенің жылқыларың емес, сен тек қараушысың, ертен Жарқынбек бай жылқыларын сатып жіберсе, немесе басқа бірдеңе етсе жылқылар «Қанаттың қасында қаламыз» деп тіл қата алмайды ғой. Өзгенің малын өз малы етіп бұл ақымақ.

- Болды -болды, жарайды, малды қойшы атам ше?

- Жалғыз бағары сен бе едің,бес баласы қалада жүр емес пе, сенің атан болса, олардың әкесі. Өз әкелеріне неге қарамайды?- деп арам ой азғырады, бірақ шындықты шыңғыртып бір айтады.

- Жо-жоқ,тоқта, олай деуге болмайды, менің атам ол, мен серт еткем тастамаймын деп,- адамгершілік ойы бәйек қақты.

- Қарттың өлімін күтіп не етейін деп едің, білімде алғырсың, оқы оданда, өткендегі Жолдас сынытасыңды көрдің бе?Сол секілді қайта үлкен боп өсіп алсаң атаңның қолын жылы суға салып қоясың

- Мені ешкім қалада есік ашып күтіп отырған жоқ қой, қалайша оқимын.Алайда атама айтып көру керек екен оқу жөнінде,  - деген оймен мың құбылып жатқанда, сырттан «Келсеңші Қанат» деген сөз бөліп жіберді. Көзін ашса дала  әжептәуір қарауытып қалыпты. Тұнығы шайқалмаған көңілдей аспан да 9арауытып тұнып тұр. «Атама айтып көру керек екен» деп сыртқа сәл даусын шығара бағанағы іштегі ойын дауыстап бір қайталады.

          Бұл ойының жетегінде қанша жүрсе де, оны атасына айта алмаған. Оқуға құштар, қазірдің өзінде мал өрістеткенде сырласы да мұңдасы да кітаптар болатын. Қайткен күнде де оқуға бір тапсырамын деп іштей үміттенетін. Бірақ ешкімге тіс жарып айтпаған. Мектепте тоғызыншы сыныпка дейін жаксы оқыған, содан кейін «колледж» дейме соған тапсырған, бірақ  өзі бір екі рет барғаны болмаса оқымаған. Әйтеуір былтыр дипломын алды.    Ат баптаудан шіркін емтихан болса ғой, деп Қанат кейде қиялданып қояды, сөз жоқ бас бәйге менікі болады деп ішінен сол бәйгенің жеңімпазындай сезініп  көңілін қуаныш кернейді. Әсіресе, асау атты үйретуден. Қазақтың бес жасар баласы, сексеннен асқан шалы ат ұстап міне береді. Бірақ қашаған ұстау, асау үйрету әркімнің қолынан келе бермейді. Оған қайрат, шапшаңдық, дәлдік бірден керек. Еп пен икем, атпен тіл табысатын атбегілік қасиет те аса қажет. Сабыр мен төзім, шыдамдылық пен қайраттылық онымен қоса. Ал бұл қасиеттердің  барлығы Қанаттың бойында бар. Ол кішкене кезінде әкесі сияқты аттың бабын табушы болғысы келетін. Әкесі секілді қайратты болып, асау атты жуас етіп, қолға үйреткісі келді. Бала арман қашан да өзінің асқар әкесіне еліктейді. Және солай болды да.  Бірақ Қанат та сол қиялшыл, арманшыл бозбаланың балалық ойы екенін кейін бірақ түсінді...

       Міне,  биыл жасы жиырмадан асады. Нағыз  оқу оқып білім қуып өзі секілді жолдастарының қатарында шалқып өмір сүретін кезі еді ғой. Бұны Қанаттың өзі де жақсы білетін. Алайда ата сөзін аяқта тастамай соны жетегінде кетті. Бәлкім әкесі тірі болғанда жолы мүлдем басқа арнаға бұрылып кетер ме еді?.. Білім қуған жастың жолына балта шапты десе де, атасымен жалғыз қалған  жанға басқа кім қамқор бола қояр дейсіз.

      Әкесі бақилыққа аттанғанда Қанат мектептің 4-ші сыныбында оқитын. Алпамсадай ойнап жүрген кезде ажал құшағына кетті. Атқа құмар әкесі асау атты үйретемін деген желікпемен аттың сүйретпесінде қалып қойған-ды. Содан бері қатты жарақат алып, айығуы ұзаққа созылып, соңында әкесі қайтқанды. Ал анасы Қанатты тәуекел етіп, құрсақ көтеріп, босанарда ұлына жарық дүние сыйлап, өзі артынан мәңгі оралмас мекенге кеткен еді. Отбасында жалғыз ұл, жар дегенде жалғыз ұрпақ Қанат осылайша атасының тәрбиесінде қалған.

    Ұзақ ойлана жатып бірде сыныптастарымен отырысқа барғанда өзін мүлде жат сезінгені есіне түсіп кетті. Тұла бойы тітіркеніп, көңілі себепсіз алаңдады. Оны ешкім түсінбейді, ал Қанат өзгелерін түсінбейді. Ешқайсысымен де ортақ әңгіме жоқ, кейбір бұрыңғы достары менмеңси қарайтындай көрінді. Өзін жайсыз сезінген күйде көп отырмай шығып кетіп, жылқылардың ортасына  келіп алып бір мұңын шағып алған.  Қанатты тек жылқылар ғана түсінетіндей. «Мен де бір күні арман оқуымды оқимын» деп жерді бір тепкен-ді сол күні. Қанша ойланса да атасына тіл қатпаған, өз ойымен өзі алысып, жылқылармен сыр бөлісіп, кітаптармен ой бөлісіп уақыт өте берді...

Эпилог

-          Қанат Орынбайұлы бүгін жиналыс сағат үште болады – деп хатшы қыз келіп айтты.

-          Жарайды, қазір шығамын,-деп қоңыр үнмен Қанат

     Ия, бұл сол баяғы Қанат. Жылқы баққан ауылдың Қанаты. Ойының жетегінде арман еткен оқуына, аяулы жарына қол жеткізген бақытты Қанат. Табиғат жаратылысының ең саналы түлегі де адам, ең ақымақ та аңқау жаратылысы да адам. Соқпақсыз соқтықпалы сан мың жол иірімінен өз бақытын іздеп тапқан Қанат та сол адамның бірі. Бірақ рухы биік, көзінде от жанары бар адал еді. «Әлемде түптің түбінде адалдық пен шындық жеңеді» бұл ендігі қырықты алқымдаған Қанаттың ойы еді...  

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 



Бөлісу: