Қамқоршым

Қамқоршым
жеке
блог

      Жүзі әжімге, көзі үмітке толы жанды көрсеңіз, ол - менің Анам. Уақыт өте бетінің  әжімі мен шашының ағы өзара жарысып жатыр... Қайтейін,өмірдің ағысы, тоқтамайды. Жарық дүниеге келуімізге себепші болған әкемнің жан жары, қазіргі күнімізге жеткізуге бар жағдай жасаған біздің қамқоршымыз.

      Үйдегі әжем :"Кездер болған қолдағы бар ақшамызға  сатып алатын зат таппайтынбыз" деп айтатын... Теңгенің жаңа шыққан кезі... Біз де туылатын уақытты тауыппыз ғой шіркін...  Тоқсаныншы жылдан кейінгі тұрмыстағы таршылықтардың дәл ортасына түскен біздің балалық шағымызды жақсы естеліктерге толы өткізді. Жоқтан барды құрастып, алдымызға беріп отыратын.Айтарлықтай қиыншылық көрмедік қой, дегенмен сол кезде жалғыз әкемнің табысына қарап отырғандықтан шығар анамның  түрлі көйлек ауыстырып,той тойдан қалмай сәнденіп жүргенін көрмеппін.Бала кезімде ойлайтынмын, неге басқа мамалар сияқты "сылқым" болып жүрмейді екен деп... Жаңа көйлек алғанша, балаларым аш қалмасын,тоқшылықта өссін деген ойын ол кезде баламыз ғой,қайдан түсінейін...Бізде бақытты балалық болды,шүкір. Біз демекші, маған сол қамқоршым үш бауыр сыйлаған. Ешқашан мен,менікі дегізбейді. Сондықтан ғой біз дейтінім.

      Менің балалығым өткен уақытта кір жуғыш машина,үйге тартылған су,жылу батареялары атымен болмаған. Сол кезде анам жалғыз өзі үйдің үш бөлмесіне қорадан көмір, құдықтан су тасып,барлықтарымыздың киімімізді жуып,оны үтіктеп,тамағымызды дайындап.... ех,шіркін айта берсем көп тірлік.Осының бәрін көрдік, мықтылығына куәгерміз.

     Денсаулығы анама сыр берсе де, анам бізге сыр бермепті ғой... Ауырдым деп жастыққа жатып алып, жай жатқанын көрмеппіз. Ауырса да басына орап алатын "шыторамалы" мен "асперині" бар,сосын әрі қарай үй тірлігі. Бір орында жай демалып отырмайды ғой, шіркін...  Анамның тігіншілігі бар,үнемі ине мен жіп қолынан түспейді. Әйтеуір бірнәрсе тігіп,бірнәрсе жамап отырады.Сол тірлікпен көп айналысқаннан кейін, қазір көзі де нашарлап қалды...

     Үйіміздің жарығы өзі... Бізге көп ұрысатын,ұратын да. Сол кезде қатты ренжитінмін ұратынына. Қазір де ренжимін. Жо-жоқ,бізді тәртіпке салып ұрғанына емес. Өзінің денсаулығын ойламай,тек біз үшін өзінің жүйкесін аямағанына. Бір мезгіл өзіне қараса болады ғой сол кезде... Барлық ауру жүйке тозғаннан келетінін әлде білмеді ме ?!!  Бізге үнемі : тату болыңдар,жұртқа күлкі болмандар. Жақсы болсын,жаман болсын бір-біріңнен артығын таппайсыңдар деп қайталай береді. Қарап тұрсаңыз жәй ғана сөздер ғой,бірақ мағынасы алтындай мен үшін.

     Қанша жерден әлсіз ,әлжуас,ынжық десе де мен анамнан қайратты жанды көрмедім. Анамның күші білегінде емес,көзінде,сөзінде,жүрегінде,тәрбиесінде. Мен бақыттымын осындай жанның құрсағында жатқаныма. Аллаға шүкір! Ол мені тастап кетпеді,өмір сыйлады және сол өмірде маған бақытты күндердің әсерін қалдыру үшін әлі де тынбай еңбек етіп келеді.Қазіргі бетіндегі әжімі бізді тәрбиелеген,уайымдаған,алға жетелеген,құласақ көтерген,жыласақ жігерлендірген күндерінің ізі. Ал көзіндегі тұнықтық біздің жарқын болашағымызға деген шексіз үміті...

     Шыншылдық,адалдық,кісінің ақысын жемеу,бауырмалдылық,шынайылық,қарапайымдылық... Осындай қасиеттерге менің анам бай. Бізге берген тәрбиелерінің ең маңызды ұстанымдары осы. Білмеймін, бар үйреткені бойымнан табылады ма, жоқ па? Дегенмен,бар арманым: 

                        Адам болсам - Анамдай болайын!