Қамкөңіл қариялар

Қамкөңіл қариялар
жеке
блог

   Халқымызда қарт кісілердің, ақсақал, әжелердің орны ерекше. Қазақ халқы- салт-дәстүр мен тәрбиені қатаң сақтайтын халық. Салт пен санамызда "үлкенге құрмет" деген ұғым жатталып, сайрап тұр. Үлкен қарт кісілердің жолын кеспеу, сөзін аяғына дейін тыңдап, сөзін бөлмеу, әрқашанда қамқорлық ету - бұлардың барлығы тәрбиелі ұрпақтың ізгі парызы. Және ақырында өз алдына жақсылық болып оралатын тәрбие жемісі- құнды адамгершілік іс. Отбасының берік болуы көпті көрген атаның немере-шөберелеріне дастархан басында бата тілеп, жол сілтеп, ақылын айтуы, ақжаулықты әженің бесіктегі "әлдиі", аңыз-ертегілері, әкенің қаталдылығы мен ананың мейірімі, сол отбасындағы баланың тыңдай білуіне байланысты. Қарт-қариялар- асылдың сынығы, көпті көрген, білетін, оқығаны мен тоқығаны мол, халқымыздың асыл жандары. 

   Өз тарихымыздың тереңіне үңілсек, "жоғалтудан" көз ашпаған халықпыз. Халық санын қастандықпен азайтқан, аз халықтың санасын өктем билікпен улаған сол заманнан аман жетіппіз бүгінге. Уақыт өтіп жатыр. Ел тойынды, өркениеттенді. Бірақ қазақшылыққа жақындауымыз рухымыздың биіктігін, ата-баба аманатына адалдылығымызды көрсетер деңгейге жеткен жоқпыз. Оның бір көрінісі "қарттар үйінің" көбеюі. Осы ғимараттың табалдырығын аттаған қарт кісілердің көздері жәудіреп, әр кісіге үмітпен қарайтын қамкөңіл қарияларды елестеткенде көңілің алай-дүлей болады. Жүректері жаралы, мұңы мен сыры ортақ мейірімге зәру, қамкөңіл жандардың арасында әжептәуір лауазым иесі болған, зейнетінен бейнетін көріп отырған қаншама қарт адамдар бар бұл үйде. Бүгінгі жастар- ертеңгі қарт-қариялар. Егер ата-анаңа қамқорлық жасай білсең және құрметтеп сыйласаң, болашақта, сағанда өз ұрпағың қамқорлық жасайды. Ал егер, керісінше, қиянат жасап, қатыгез болсаң, балаларыңда осыны алдыңнан шығарады. "Ата-анасына шын көңілімен, күлімдеген көзбен мейірлене қараса, ол перзент Аллаһ Тағала қасында бір құл азат еткендей сауап алады. Демек, оларға мейіріммен қарау ғибадат" деген шариғатта. Сондықтан ата-анаға бойұсынып, қызмет көрсетейік, сыйлай білейік, сүйе білейік.