Қамбар бабам наразы боп жүрмесін!

 

- Иә, досым, тағы да апат...
                                        Жол апаты...
- Естідім... Тағы... Тағы «ана өмірге» көшті кім?
Жоқтау айтқан азалы адам даусына
Күз көгінде қайтқан құс та қосты үнін.
- Ерзат дей ме?!
- Япыр-ай,
Жақсыбектей жақсы ағаның ұлы еді.
Үміт күткен қайсар жанның бірі еді.
Өзекті өртер қимаған соң өлімге,
Жамандықты жуытпайды жүрегі.
Көктей солып қыршын кеткен қарғам-ай,
Деп жүруші ем жас қанатың талмағай.
Ерте сөндің Бекзат ағаң секілді,
Есімің де ұқсас екен жалған-ай!
Қайтармаған Мәдинадай бұлбұлды
Жұтып талай небір жүйрік дүлдүлді.
Темір тұлпар ойнатты да тізгінде,
Жалындаған жас ғұмырды күл қылды.
Бүгін тағы суық хабар...
Түршіктірді денемді,
Шын өкіндім, қатты өкіндім мен енді.
Көздерімнен ыршып кетті жас, естіп:
«Құлбек аға мықты болсын» дегенді.
Сәбит еді сүйіп қойған ұл аты,
Мінгестірген бар мақсатын, мұратын.
Тағы да ұқтық тым қысқасын өмірдің,
Қуаныш пен өкініштен тұратын.
Қайран дүние-ай,
Қаралы ма қараша...
Оразалы ақын аға қайтыпты,
Тас төбемнен түсті-ау деймін жай, тіпті.
Тірі жаннан тайсалмаған өр ақын,
Темір тұлпар тізгінен тайқыпты.
Түсінбеймін, түсінгім де келмейді,
Сөге берсін ескішіл деп ел, мейлі.
Байқап жүрмін, темір тұлпар тым асау,
Енді біздің ырқымызға көнбейді.
Осыны ойлап шошынады жүрегім,
Ұшыруда бағын бейпіл бұл елім.
Халық едік қасиетті жылқының
Таңдап мінген құласы мен күреңін.
Көліктердің көптігінен сандаған,
Шошынамын кейде бізге таң қалам.
Ата-бабам атқа мініп кезінде,
Түйемен де қатарынан қалмаған.
Аңғара алсақ, бұзып ойдың түрмесін,
Мазасыздау жыл болды ғой бұл мешін.
Ат мінгізген қазақ едік ұлына,
Қамбар бабам наразы боп жүрмесін!

 



Бөлісу: