Кальян шегудің зияны қаншалықты?
блог
Кальян Үнді мемлекетінде пайда болып, Иран, Араб сияқты мұсылман халықтарының арасында жалғасын тапса, қазіргі заманда етегін бүкіл әлемге кеңінен жайған денсаулық саласындағы нағыз өзекті мәселелердің біріне айналды. Кальянның құрылымы әрі оны шегудің әдісі қандай деп сұрасаңыз, бұл су арқылы салқындатылған түтінді ішке тартатын шылым шегуге арналған ыдыс. Ауа ағаш көмірінен өткеннен соң, ысып, ыдыстың төменгі бөлігіндегі су астына кіріп, деңгейінен жоғары түтік арқылы шығады, кейін шегушінің өкпесіне келіп түседі.
Кальян индустриясының Қазақстандық өкілі, Құбатбек Тұратбеков, әр ай сайын 10 тоннадан астам кальян шылымы елімізге шетелден әкелінетінін мәлімдеді. Бұл көрсеткіш кальян шегудің Қазақстанда кеңінен өріс алғанын білдіреді.
Біріншіден, шегушілердің көбісі кальян түтіні судан өткен кезде тазаратынына сенеді, алайда бұл – миф. Негізінде, судың еш сүзгілеу қабілеті жоқ, сондықтан да түтін құрамындағы уландырғыш заттар мен микроорганизмдердің барлығы шегуші өкпесіне енеді. Аталмыш уландырғыш заттарға никель, кадмий, хром сияқты ауыр металдар, уран сияқты радиоактивті элементтер және никотин жатады. Бұл элементтер ісіктің көптеген түрлерін тудыра алады. Мысалы, кальян шегу өкпе ісігінің даму қаупін екі есе арттырады. Никотин - кальян түтінінің негізгі әрі қауіпті бөлігі, неге десеңіз, никотин тәуелділік сезімін тудырады. Ал микроорганизмдер түтін құрамына қалайша енеді? Кальян ыдысының ішіндегі ылғалдылық түрлі бактериялар мен вирустардың өсіп, көбеюіне ыңғайлы жағдай жасауынан басқа, ыдыстың бұраңдалған құрылысы оны жиі тазартуды қиын етеді.
Екіншіден, кальян мен темекінің адам ағзасына келтіретін зиянын салыстырайық. Бір отырыста шегілетін кальяндағы никотин он темекіден шығатын никотинмен тең. Сонымен қатар, бір отырыста шегілетін кальяннан шығатын шайыр мен жүз темекіден шығатын шайыр бірдей.
Қорытындылай келе, «Денсаулық – зор байлық» демекші, алтын байлығымызды қастерлеп, ағзамызға зиян заттардан аулақ жүрсек, өмір жастарымыз да ұзақ болып, келешек ұрпағымыз да жөнді үлгі алар.