Ғылыми жетістіктер адамзаттың игілігіне айналған бүгінгі күні қоғамның сан саласы жан-жақты даму үстінде. Адамның ақыл-ойы алысқа шарықтаған сайын ғылым мен техниканың да тасы өрге домалап келеді. Алайда, осындай ғылыми прогресс жолына түскен қоғамда кейбір жандар ақылды айлаға бағындырып, алаяқтық жолға түсіп жүр. Осындай тірлік арқылы көпшіліктің қалтасына қол сұғып жүрген ірі қауымдастықтардың бірі – қаржылық пирамидалар.
Сіздің телефоныңызға осы уақытқа дейін: «Тез байығыңыз келе ме?», «Миллион алу үшін бірді басыңыз», «Қолыңыздағы аз ақшаны бірнеше есе көбейтіп береміз» деген секілді хабарламалар түскен болуы мүмкін. Осындай жалған ақпараттардың желеуімен белгісіз бір компанияның қорына шотына қаражат салып, нәтижесінде сан соғып қалған жандар уақыт өткен сайын көбейіп келеді. Жаңбыр артынан қаптап өскен саңырауқұлақтар секілді қаржылық пирамидалар да адамның ішкі сеніміне кірудің небір айла-тәсілін меңгеріп алған. Сөйлесу барысында ішкі психологиялық ахуалын өзіне бейімдеп алатын алаяқтардың қомақты қаражатты қалайша иемденіп кеткенін сіз де, біз де аңғара алмай қаламыз.
Халқымыздың даналығында «Қасқыр қарызын терісімен төлейді» деген сөз бар. Кейде маған осы бір сүбелі сөз кейінгі буынды үлкен қателіктердің алдын алуға арналғандай көрінеді. Алайда, алғашқы әрекеттерін ХVIII ғасырдан бастаған қаржылық пирмамидалар ХХІ ғасырда халқымыздың табалдырығынан аттап, төрімізден алды. Ұзақ уақытқа созылатын кесел секілді бұл түйіткілді мәселеден әлі күнге дейін арыла алмаймыз. Түрлі экономикалық дағдарыс пен қаржылық қиыншылық салдарынан туындаған «Аяқ асты байып кетемін-ау» деген алдамшы арман талай жұрттың желкесін қиды, тамырын үзді. Оңай ақшаның лебі де, дақпырты да әрқашан ауқымды болып келуі көпшіліктің көңілін жеңіл ойға жетелейді. Дәл осындай сәтте көңілі тұманданған, көзі байланған адамның тез байып кетудің жолында ештеңеден тайынбайтыны мәлім. Сондықтан, оларды қаржылық пирамидалар тез әрі оңай өз ырықтарына түсіреді.
Міне, осындай бағытта жұмыс жүргізетін қаржылық пирамидалардың негізгі мақсаты – алаяқтық жасап, ақша табу. Бір сөзбен айтқанда, қаржылық пирамида – қалтаға қалың қаржынытүсірудің бірнеше жолын меңгерген айлакерлердің табыс көзі, кәсібі. Алаяқтар инвестициялық пирамиданы уақыт бедеріне қарай бейімдеп түрлендіріп келеді. Әйтсе де өзгермейтін бір жүйесі-көпшілікті құрғақ уәдесіне сендіріп, қолындағы қаржысын қымқырып кету.
Осы бір мәселенің тарихына бойлайтын болсақ, елімізде ең алғашқы қаржы пирмамидасы 1994 жылы анықталды. Талай жұрттың жағасын ұстатқан бұл мәселенің бастысы себепкері «Смагулов және К» компаниясы 35 мың адамды 630 млн теңгеге тақырғаотырзығып кеткен. Осы жылдар бойы Қазақстандағы аталмыш статистика соңғы жылдары күрт көбейіп кеткен. Былтырғы жылдың қорытындысы бойынша елімізде 160 қылмыстық іс тіркеліп, 31 мың адам 54млрд теңгесінен айырылған.
Жалпы алғанда, елімізде қаржылықпирамидалардың төрт сатысы тіркелген. Бірінші түрі –иерархиялық тәсіл. Яғни, «А» есімді адам «Б» есімді екі адамнан ақша сұрайды. Егер олар өздерімен біргетағы екі адамнан ертіп келетін болса, «Б» есімді азаматтардың өздері берген ақшаларына үстемақы алатыны хабарланады. Дәл осындай жеңіл ақшаның елесін көрген «Б» есімді азаматтар біріншіден, өз ақшасын қайтадан шығарып алу мақсатында, екіншіден, оңай олжаға, жеңіл ақшаға кенелемін деген оймен қаржылық пирамидаға «В, Г» есімді азаматтарды шақырады. Міне, бұл тізбек дәл осылайша жалғаса береді. «Осы жұмыстың арқасында пайда көріп жүрмін» деген жандар өз таныстарын, туыстарын шақыруға тырысады. Осындай әрекеттер өз шырқау шыңына жеткен күні «А» есімді азамат қаржылық пирамидаға енген барлық адамныңақшасын қалтасына баса салып қаша жөнеледі. Соңында бұл пирамидаға кірген адамдар, салымшылар ақшаларының қайда кеткенін іздеп, сан соғып қалып жатады.
Екіншісі – желілік маркетинг принципіне құрылған пирамидалар. Аталмыш пирамиданың басты тетігі, негізгі жүйесі тауарлар болады. Мәселен, сағат,тұрмыстық жабдықтар, косметикалық құралдар және т. б. заттарды бұл қауымдастықтар нарықтағы өзінің бастапқы бағасынан он есе артық бағада сатады. Сонымен қатар, тауарды сатып алғаннан кейін оларсізге келесі сататын заттарыңыздан ауқымды көлемде пайыз беруге және үстемақы төлеуге уәде береді. Сөйтіп сіз желілік маркетингтің құрбанына айналасыз.
Үшіншісі – әлеуметтік желідегі хабарламалар арқылы алдау. Алаяқтар бастапқыда сізге Уатсап, Телеграм, Инстаграм секілді әлеуметтік желілердегі белгілі бір топқа ақша төлеу арқылы қосылуды ұсынады. Артынша сіз бұл топқа екі адам жинасаңыз20%, төрт адам алып келсеңіз 40% үстемақы беріп, көңіліңізді жайландырады. Нәтижесінде, қай уақытта топтағы қатысушылар саны өзінің шекті межесіненөскенде қаражатыңыздың бәрінен айырыласыз.
Төртіншісі – белгілі бір клубқа немесе топқа қосылу, мүше болу. Саяхаттау, менеджмент және маркетинг, психология сияқты бүгінгі күні сұранысқа ие курстарды едәуір ақшаға сатып алып, одан кейін аталмыш топқа 2-3 адамнан жинау туралы тапсырма беріледі. Қанша адам әкелгеніңе байланысты берілетін ақшаңның мөлшері де сондай болмақшы. Бұл мәселенің соңы да жоғарыда айтқан жағдайлармен сарындас.
Жоғарыда атап өткеніміздей, бүгінгі күні қаржылық пирамидалар адамның ішкі психологиялық ахуалын терең зерттеп, олардың осал тұсын табуды көздейді. Осы мақсатта жүргізілетін жұмыстың басым бөлігі әлеуметтік желілерде болатыны белгілі. Әлеуметтік желіні қолданатын адамдардың көпшілігі ол жердегі жарнамаларға көзі түсетіні анық. Жармалардағы қомақты қаражат, жеңіл ақша, оңай жұмыс секілді дүниелер адамдарды бірден елең еткізіп, ондағы мәселені көруге асығады. Ішкі психологиялық ахуалының сол жағдайға тап келуі оны ең соңында қаржылық пирамидадан бір-ақ шығарады. Осы тұрғыда қаржылық пирамидалардағы негізгі ерекшеліктерге, олардың сипатын тоқталып өткенді жөн көрдім. Олар:
– Туысқаныңды, танысыңды, жолдасыңды, жақыныңды шақыруды сұрайды. Сондай-ақ, қандай амалмен болсын, ақшаның алғашқы бөлігін төлеуге келістіреді. Тіпті, кейбір қаржы пирамидасының мүшелері, қызметкерлері азаматтарды банктен несие алуға, таныстарынан қарыз алуға үгіттейді.
– Жыл сайын 10-12%-дық мөлшердегі сыйақыны беруге уәде етсе, бұл да аса күмән тудыратын мәселе.
– Өзіңіздің жеке мүлкіңізді, көлігіңізді немесе үйіңізді сатуға көндіреді. Сіз өзіңізге тиесілі мүлікті сатуға жарнамаға берген кезде оны 2-3 есе артық бағада сатып алуға хабарласып, кеңсесіне шақырады. Кеңседе сіз жарнамаға берген мүлкіңіздің алғашқы жарнасын беруге уәде етеді, ал қалған бөлігін құжаттар рәсімделгеннен кейін береміз дейді. Нәтижесінде, сан соғып қалуыңыз мүмкін.
– Интернет ресурстары арқылы картаңыздағы ақшаны шешіп алуы мүмкін. Сондықтан, өз картаңыздағы деректерді ешкімге айтпаңыз.
Сонымен қатар, кез келген компанияға ақша аударар алдында келісімшартты талап етіңіз. Бұл – бір. Сондай-ақ, ол компанияның негізгі лицензиясын тексеру сіздің бастапқы міндетіңізге жатады. Бұл арқылы сіз өзіңіздің ақшаңызды алаңдамай аударып, компанияның қызметкерлеріне де сенім білдіре аласыз.
Қаржылық пирамидалар адамға жеңіл ақша табудың жолын көрсетуге шақырады. Алайда, олардың негізгі мақсаты – алаяқтық арқылы адамдардың қаражатын иемденіп қалу. Бүгінгі күні белең алып кеткен бұл мәселе қоғамдық деңгейде үлкен кеселге айналды. Адамдар арасындағы алауыздыққа жол ашып, сенімге селкеу түсірген де осы қаржылық пирамидалар еді. Сондықтан, оңай олжа табу жолында қаржылық пирамидалардың құрбанына айналып кетпеуіміз керек.