"Қалмайды кімдер жаяу зорлық қылса?"

Қазақтың әні дегенде эстрада ғана еске түсетіні несі...

Біздің ән өнеріміздің өзіндік жолы бар емес пе еді?! Сол өнердің классикалық деңгейге жетіп, кемелденген кезі – Абай, Ақан сері, Біржан сал, Үкілі Ыбырай, Жаяу Мұса, Балуан Шолақ заманы. Әйгілі әнші, композитор, ақын, өз дәуірінің көзі ашық азаматы Жаяу Мұсаның барлық әні де «Ақ сисадай» нотаға түсіріліп, насихатталған болса, қазақтың классикалық әнінің сипаты қазір басқаша болар ма еді?! 

Аты ерекше өнер иесі шындық өмірден, өз ортасынан, өзінің басынан кешкенінен, тұрмыстың күйбеңінен ӘН жасап, авторлық өнерді дамытты, соның арқасында біз әндердің шығу тарихына көңіл аударатын болдық. Соның арқасында біз сал-серілер дәуірінің бар шындығын таныдық.

«Адырна» бірлестігі мен «Алаш айнасы» ұйымдастырған ән кеші табысты өтті. Әнші, өнертанушы Ерлан Төлеутай кешті табиғилығымен әдемі етіп жүргізді. Мұның алдында рок-фестивальге риза болып едім, міне, бұл жолы да дәстүрлі әндердің кеші сондай шынайылығымен есте қалды.

Мұса дәстүрі бүгінгі ән өнерінде әлі бар, тіпті, өзіндік сүрлеуін қалыптастырып дамып келеді екен. Сахнаға көтерілген қас әншілерді айтпағанда, жас әншілер қандай тамаша?! Дәстүрлі әннің Өзгеріс, Нұрсұлтан, Нариман атты жас өкілдерімен таныстық. Балғын да болса, арынды, сазды, құдіретті дауыс! Ән салса, осылардай салсын әсерлетіп, шіркін?!

Кеш өзінің бар сән-салтанатымен өтті. Біздің Арман Әубәкірді қолға алған ісінің абыройлы нәтижеге жетуімен құттықтайық!



Бөлісу: