Қалбыр ішіндегі анекдот. Хаисын. Сыдо (АҚШ)
блог
Ауалияуей екеумізде бір прәндік қалбыры болған. Мөлшермен бір галлон сиымдылықта. Бұл біздің некеленген жылғы жаңа жылық сауғамыз болатын. Ауалияуей «Прәндікті жеп болған соң мұны анекдот салғыш етейік. Мейлі кім бір қызық анекдот көрсе, оны тілкім қағазға жазып, бүктеп қалбырға саламыз. Қай күні көңілсіздікке тап болайық немесе ашу шақыратын сәттер болсын, рухымызды серпілту үшін қалбырды ашып ішінен біреуін алып, дауыстап оқиық», - деді.
Жеті жыл бойы мәнді жұбайлық тұрмысты бірге өткіздік. Біздің қалбырға салғанымыз алғанымыздан көп болып жиналып отырды. Бір-бірімізді құрметтейміз, қадірлей аламыз. Көбінде мәселені шешетін әдіс қарастырамыз. Тек қалбырды қажет етпейміз.
Сөйте-сөйте іші әбден толған қалбырды ас үйдегі жиһаздың ең үстіне қойып, мүлде ашпайтын да болдық.
Арада біраз жылдар өткен соң Ауалияуей қатерлі ісік ауруына шалдықты. Сол күні кеште, құшақтаса отырып бір жылап алдық та, қалбырды аштық.
Бір ғана анекдот біздің аспан аударылып түсердей болған қасіретімізге зәредей де әсер етпеді. Біз тағы біреуін алып дауыстап оқыдық. Ауалияней жай ғана басын изеді. Сосын, ернінен болар-болмас күлкі ұшқыны байқалды. Мен жалма-жан тағы біреуін алып оқыдым. Бұл жолы ол күлді. Сол күні кеште біз неше жылдан бері жиған анекдотымыздың үштен бірін таусып тастаппыз.
Осыдан кейінгі күндер тексеру, химиялық емдеумен өтіп жатты. Ал анекдоттардың титтей де әсері болмады. Керісінше науқасы қиындай берді. Көз алдымда бұрын гүлдей құлпырып көңілді жүретін келіншегім азып, арықтап бара жатты. Ас батпайды, ұйықтай да алмайды. Оның ауру азабын ұмыттыратын бірден-бір сәт анекдот оқитын кезіміз. Ауалияуей соңында тым жүдеп кеткендіктен бірге оқи алмайтын болдық. Сондықтан күніге оған дауыстап оқып беремін. Әр күні оған анекдот айтып берген сайын ол аз да болса тамақ жей алатын еді.
Қалбыр бірте-бірте босай бастады. Мен алғашында жанталасып жүріп, біраз анекдот тауып, толтырып қояйын деп едім бірақ оның қабылдау қарқынына үлгере алмадым.
Ауалияуей салмақты науқастарды күзету бөлмесіне әкелінгенде, мұның неден дерек беретінін білдік. Бірақ, келіншегім мен секілді емес, көңілін кеңге салған. Қасында отырып анекдот айтқан кезімде ол күлімсіреп тыңдайтын. Осы күлкісі арқылы, мен оны емес, ол мені жігерлендіруге тырысатын. Ол қасымда болған күндерде тым бақытты едім. Оның мәңгі осылай қасымда болуын қаншама армандадым десеңізші!..
Әлгі қалбырға тағы да қол салдым. Оның мүлде босап қалғанын да ойламаппын. Сол күні ол қатты ұйықтады. Оянған кезде, қолын маған ұсынды. Оның қолын алып не керек екенін сұрадым.
- Енді қанша анекдот қалды, - деп сұрады ол. Екеу қалғандығын айттым.
- Қазір естігің келе ме?
- Жарайды, сүйіктім!
Мен біреуін алып оқыдым. Ол күлді. Мен соңғы қалған анекдотты алғалы жатқанымда ол қолымнан ұстап тоқтатты.
- Қазір керек емес
- Қашан тыңдайсың
- Кейін көрерміз.
Мен басымды изедім.
- Сүйем сені, сүйіктім! – деді ол.
- Мен де сені сүйемін, сүйіктім!
Оның бетінен сүйіп, қалбырды жаптым да, төсектің бас жағындағы үстелге қойдым.
Ол күлімсіреген бойы ұйқыға кетті. Бұл жолы енді қайтып оянбасқа кетті. Ол өзінің ең соңғы минутының жеткенін біледі екен. Бірақ, неге соңғы анекдотты естімейді деп ойладым.
Төрт күннен соң оға аза білдіру салтын өткіздік. Ағайын-туыс кеткен соң Ауалияуейдің мүрде сандығының алдында тізерлей отырып, қалбырды ішіне салмақ болдым. Ең соңғы анекдот оған серік болсын! Бірақ, мен сол лездік сәтте оның бұл анекдотты не үшін тыңдамағанын түсіндім... Бұл маған қалдырылған екен. Титтей де екіленбестен ең соңғы анекдотты алып, жалғыз өзім іштей оқыдым.......
Аударған: Ербол Бөкей.