Қалай актриса болам?

Қалай актриса болам?
жеке
блог

Бала күнімде, кино көрген сайын «шіркін мен де мына балалар сияқты кинода ойнасам» деп армандайтынмын, бірақ ол кезде актрисаның кім екенін білмейтінмін, тек әйтеуір елдер тамсанатын рольдегі әдемі қыз болғым келетін. Өсе келе актриса - бұл тек әдеміліктің жаршысы емес, жақсы қаражат табатын еріншек мамандардың иесі, әрі кез-келген жаңа нәрсені бірінші боп көріп, бірінші боп киетін адам ретінде елестетінмін. Алайда, актриса болуды мақсат санамаппын. Уақытша қызығушылық, тамсанушылық... 

Бүгін аяқ асты "сол арманымды неге іске асырып көрмеске, өз бағымды неге сынап көрмеске" деген ой келді. Әрине, жасымның 28-де, бойымның бар жоғы 153 см, салмағымның ХХ екеніне қарамастан интернеттен іздеп іске кірісіп кеттім. Актриса болғысы келетін мен сияқты есек дәмесі бар қаншалықты адам көп болса, кастингке шақырған компаниялар да соншалықты көп екен. 

Барлық кастинг өткізетін ұйымдарда қойылатын талап: бойың 165 см-ден кем емес, дене бітіміңіз - арық, өңіңіздің әдемі әрі жасыңыздың 25-ке толмағаны міндетті екен. Әрине, бұл басты рөлді ойнағысы келетіндерге қойылатын талаптар, ал менің стандарттарыммен екінші пландарда, массовкаларда ойнауға болатынын білдім. 

Кастинг жалпы қалай өтеді? Ол ақылы ма? - деген сұрақтармен әр орталыққа хабарласа бастадым, бірден кастингтен өтуші болып жетіп барғым келген, бірақ олар маған бірден "жоқ" деген жауап айтты. Оларды да түсіну керек қой, мен сияқты күніне қаншама "қияли" хабарласып, өзінің керемет талант иесі екенін айтып, талантты мойындамай жүргендерін дәлелдегісі келеді...

Фильм дегесін ойыңа бірден «Қазақфильм» студиясы есіңе түседі ғой. Сайттарында кастинг жарияланып тұрғанымен ол кастинг уақытының өтіп кеткеніне біраз уақыт болғанын жеткізді. Сонда да барып өзімнің бағымды сынағым келетінін жеткіздім, өкінішке орай кастингтен өткізетін бас маман демалыста болып шықты. Бірақ мында өзім туралы ақпарат жіберіп, бар-жоғы 2 500 теңге төлесем "Қазақфильм" студиясының актерлер базасына ене алады екенмін. Ол жерден мені қарастыра ма, қарастырмай ма ол жағы белгісіз болды. Ал маман келгесін менімен жеке әңгімелесетінін, сұрақтар қойылып, актерлік шеберлігімнің қандай дәрежеде екенін анықтайтынын айтты. 

Екінші бір елең еткізетін студия ол - Сатай фильм. Ақан Сатаевтың қарамағында қызмет ету кез-келген актердің арманы екенін естіп қалдым. Бұл жерде талап әр киноға сай қойылады. Мысалы: "Рэкетир" сияқты киноларға қойылатын талап - қатал, алдымен өзіңіз жайлы ақпарат жібересіз, сіз жіберген мәлімет бойынша ғана кастингке шақырыласыз. Сонан соң бір топ маман сіздің шеберлігіңізді сынап, жан-жақты сыннан өткізеді. Ал сериалдарға сценарий бойынша сипатталған адамдарға сай таңдап алынады. Портфолиосын жіберген адамдардың ішінен рольге келетіні таңдалынып алынады. Ал массовкаға кез-келген ұсыныс білдірген адам уақытына қарай келіп түсе алады екен.

- Авторлық киноға режиссер өз қалауымен таңдайды, кейбір жағдайда режиссер өз ойындағы адамды көшеден алып келуі мүмкін. Кейде басты рөлді сомдаушы адамды табу қиынға соғады, сол кезде кастингтің уақыты біткенше сол адамға іздеу жұмыстары жүріп жатады. Кейде портфолиосынан біздің көзге түспеген адамды режиссер ұнатып "мынау маған жарайды, мына актердің образы менің ойымдағыдай" деп таңдап алып жатады. Басты рөлге көбіне тәжірбиесі бар, халыққа танылып қалған актерлер таңдалады. Кейде басты рөлге адам таппай қиналсаң, кейде сол рөлге сай келетін адамдар өте көп болып шығады. Мысалы қазір түсіріліп жатқан киноға басты рөлге өтініш білдірген 60 адам  сай келеді, ал "Мың бала" фильміндегі Сартайдың рөліне тек Асылхан ғана сай келді.

"Кастингке тәжірибесі, актерлік білімі жоқ, бірақ ерекше әдемі, рөлге сай келетін қыз келген жағдайда, біз ол қызды уақытқа қарай қысқаша курстардан өткіземіз, дайындаймыз, үйретеміз. Өзін камера алдында ұстауын, актерлік қырын ашатын арнайы мамандарға апарып, оқытамыз. 

Көбіне сценарийді оқып отырып, мен өзім кастингтен өткізген адамдарды елестетіп "мына жерге ана жігіт келеді, мына рөлді мына қыз жақсы алып шығар еді" деген ой бірден келеді, себебі ұзақ жыл осы салада жүргендіктен әр актердің мүмкіншілігін біліп аласың, әрі кастингке келген әр адамды бірден танып отырасың", - дейді кастинг бөлімінің жетекшісі Жания. 

"Ал, сізге келсем, бірден айтар ем сіз ұялшақсыз, әрі ұяңсыз. Бірақ, сіз бір нәрсеге кіріссеңіз соңына дейін алып шыға алар едіңіз. Қазір мен сізге камераны қосып өзіңізді таныстырыңызшы десем сіз ештеме айта алмайсыз, сізге біраз дайындық керек. Камераға, қоршаған адамға үйренуге тура келеді. Ал камерадан қысылмай өз эмоцияңды бірден көрсете білу ол - өнер". 

"Кастингке көбіне интернет, телевидение арқылы шақырамыз. Егер басқа қалаларда болатын болса арнайы қалалар атауын көрсетіп өтеміз. Мысалы кино, спорт тақырыбында болса спорт мектептеріне, универлеріне хабарлама жазамыз. Дегенмен, кастингке келген адамның қандай да бір өнері ешқашан шет қалмайды". 

"Сатайфильм" студиясынан шыққан кезде өзімнің ең құрығанда массовкада, не VIP массаовкада ойнауға шамамның бар екенін біліп шықтым, бұл да болса қосымша жұмыс қосымша қаражат болар еді. Ойланып қалдым. VIP массаовкадағыларға күніне 10 000 теңгеге дейін ақша төленеді екен. 

Жарайды, бірден киностудиялардан жұлдыз боп шыға келмесем де жарнама арқылы танымал болуым әбден мүмкін екен. Статистика бойынша, біздегі жұлдыздардың 30%-ы жарнама арқылы танымал болып барып, киноға келгендер екен. Мысалы, Жәния Джуринская. Режиссерлер оның жарнамаға түскен рөлінен кейін киноға түсуге ұсыныс жасаған.

Ең танымал жарнама агенттіктеріне кастинг жүргізетін OPS компаниясы кез-келген актер болғым келеді дейтін адамға құшақтарын айқара ашады. Олармен хабарласқан беттен өздеріне әңгімелесуге шақырып, суретке түсіріп, жан-жақты мені зерттей бастады.

Менің ұялшақтығымды бұл жердегі кісілер де бірден байқады. Маған камерадан қорықпауымды үйрететін, актерлік шеберлігімді арттыратын курстар ұсынды. Жедел түрде оқыту 10 сабақ - 15 000 теңге, ал айлық оқу - 30 000 теңге.

"Жарнамаға, бейнебаяндарға түсу үшін біз кастингке келгендерге ешқандай талап қоймаймыз. Себебі тапсырыс берушінің сұраныстары әртүрлі болады. Тапсырыс берушінің талабына сай болу үшін кез-келген кастингке келген адамның ерекшелігін анықтап үміткерді фотоға, видеоға түсіріп алып қаламыз. Кейде кейбір фильмдерге "мындай актерлар керек еді" деп ұсыныстар келіп жатады, бірақ жиі емес. Болашақта киноларға түсетін актерларды тұрақты түрде дайындап, іріктеп беретін орталықтардың қатарына қосылатын жоспарымыз бар."

Қазір біздің базада 13 000 адамның портфолиосы бар. Әр келген адамның эмоциясын, өзін-өзі ұстауын, қимылдарын түсіріп алуға тырысамыз. Келген әр адамға "Эмоционалды портфолио" жасап береміз. Осы портфолио арқылы біз жарнама берушілерге талапкердің мүмкіншілігін көрсетеміз және әр адамға өзі қалаған суреттерінен екі портфолио жасап береміз, әрине портфолио жасау ақылы 3000 тг.

Әр адамның эмоциясын түсіруге өзіміз барынша көмек көрсетеміз. Кастингке келген адамның бар ақпараты тіркеуге алынады, тіпті аяқ кимінің өлшемі, шашының түсіне дейін есепке алынады", - дейді режиссер Нина. 

Нина мен Айжан есімді режиссерлердің мені зерттеуінің нәтижесінде мен позитивті рөлдерді сомдауға икемім бар екен. Күлген кезде ерекше әдемі болып, қуанған эмоцияны жақсы бере алады екем. 

Қысқаша кастинг жайлы: 

  • Барлық ұйымдарда кастинг тегін өтеді; 
  • Кастингке қатысуға жігіттерге қарағанда қыздар 20% көп ұсыныс білдіреді екен;
  • Кастингке ұсыныс тастайтындардың 70%-ы басқа ұлттар, тек 30%-ы ғана қазақтар;
  • Танымал кино актерлердің көпшілігі жарнамаға түсу арқылы көзге түскеннен кейін ғана киноға шақырылған екен;
  • Жігіттерге қойылатын басты сұрақ: "Спорттың қандай түрімен айналысасыз?", қыздарға қойылатын басты сұрақ: "Қандай өнеріңіз бар?" 
  • Жігіттерге қойылатын басты талап - спорттық дене бітім, қыздарға қойылатын басты талап - шашының ұзындығы; 
  • Массовкаға түсетін актерлер күніне 2000-6000 теңге аралығында қаржы таба алады;

Екі бірдей студияның кастингінен өтіп өзімнің әлі де актерлікке үмітімнің бар екенін біліп қуанып қайттым. Әрине, басты рөлдерге қол жеткізгім келсе өзіммен біраз жұмыс жасауым керек. Жазда азын-аулақ ақша тапқысы келетін студенттерге киностудия жағалауды ұсынар ем, массовкаға түсу арқылы әрі қаражат, арі актерлік тәжірибе жинап қайтар едіңіз. Бастысы - талпыныс. Талпыныс бар жерде сұраныс бар. 

P.S. Болашақта мені жарнама беттерінен не сериалдан көріп қалсаңыз таң қалмаңыз Yell