Қаламың мұқалмасын, Оралбек
блог
Қазақ өнерге жақын халық. Сол өнер атты ұлы кеменің жолаушысы атанып жүрген жастардың бірі – Оралбек Ысқақ. Ол өлең жолдарын өрнектейді, дарынды жас ақын. Еліміздің жыраулар мектебі қалыптасқан Батыс өңірінде дүиеге келген, Оралдың тумасы. Алғаш өлеңін 2 сыныпта шығарған екен. Алайда өлеңге тек 7 сыныпта толық ден қойыпты. Бозжігіттің айтуы бойынша, ақындық өнер оған ата-бабадан дарыған. Себебі, «Жиембеттің тікелей ұрпағымын» дейді ол. Үй ішімен өлеңге құмар Оралбектің арманы –ата-анасы тастап кеткен өнерді жалғастырып, мақсатының шыңына жету.
Жас ақыннан «Осы уақытқа дейін неше өлең жаздың?» деп сұрағанымызда, «Өлеңдерімді біртіндеп санамаппын, бірақ есептейтін болсам, 12 қойын дәптер» деп жауап берді. Осылайша, 20 жасқа дейін осынша дәптерді толтырып үлгерген жас талант бізді еріксіз таң қалдырды.
Қойын дәптерге көз салсақ, қозғалған тақырыптардың басым көпшігі азаматтықты жырлайтын өлеңдер. Яғни, ол көпшілік жас ақындарға ұқсамайды. Бұлай айтуымызға түрткі болып отырған ой, бүгінгі ақындардың көбі махаббаттың машақатынан ары аса алмай жүргендер. Осы тұрғыда Оралбек те: «Жасы келген ағаларымыздың өзі махаббаттан ары аса алмай жүр», – деген пікір айтқан болатын.
Оралбек Ысқақ өлеңде жүріп, бір талай шыңдарды бағындырған. Мектеп қабырғасында жүріп Республикалық «Абай», «Мұқағали» оқуларының жеңімпазы атанса, студенттік шақта «Төлеген оқулары мүшайрасының» лауреаты атанған. Алайда, осындай үлкен жарыстардың жеңімпазы бола тұрып, Оралбек мұндай жарыстардың қолдаушысы емеспін дейді. Өйткені, жарыс кейбір жандарды шыңдаса, кейбір жандарды рухани дағдарысқа душар етеді дейді. Яғни, оның бұл пікірі Мұқағали атамыздың «Ақынды ақын ететін өнердегі жарыс емес, ақынды ақын жасайтын халық, өмір кезеңдері» деген ойымен тұспа-тұс келеді.
«Жаныма Махамбеттің - өршілдігі, Төлегеннің - сағыныш симфониясы, Мұқағалидың – лирикасы жақын» дейтін жігіттің, әдебиеттегі сырласы - Төлеген Айбергенов ақын.
Осылайша, өзін ақын санамайтын жас талап, өнерге үлес қостым деп мақтанбайды. Керісінше, «Мен өнерге көп қарызбын, өнер маған көп дүние беріп жатыр. Қазіргі тілмен айтқанда, өнерден кредитке көп нәрсе алдым» дейді ол. Ия, ақындығына азаматтығы сай Оралбектің адамгершілігі мен өнерге деген жанашырлығы байқалады бұл тұста.
Ал біз сіздерге Оралбектің өлеңдерінен алған бір шумақтарды ұсынамыз. Әрине, бағасын өздеріңіз бересіздер.
...Кернеп алып кеудемді тағы қайғы,
Жаңғыртамын даусыммен жарық айды.
Көздің алды тұман болып қарауытар
Қарт Алтайдай жүрегім аңырайды.
Құсы – бүркіт, мінгені – тұлпар еді,
Ғасыр бойы аңыздай шырқа делі
Көк бөрінің әлі де бар екенін
Ұмытты ма расымен, түркі әлемі?
Гүлжан Серік