Шіркін!
Мұқағали болып жаза алсаң арман бар ма?! Қандай бақытты еді. Тар дүниенің құрсағына симай кеткен ақынның өлеңдері енді бүкіл Бетпақ даланың желімен тербеліп жүр. Мұқаңды кез келген адам бала күнінен жаттап өсті, таныды, білді. Тіпті сөзіне жазылған әндерді де жатқа айтамыз. Бала күнімнің тұлғасына айналған – Мұқағалидың өлеңдерімен сусындап, ақындық жолдың азабына ерте түсіп, қызығы мен шыжығына мас болып едім. Ес біліп, ақ пен қараның айырмасын ажырата бастағанда қолыма қазақтың маңдайына біткен тағы бір қаламгердің кітабы түсті. «Иірім». Кітаптың атынан –ақ кім, не жайлы екенін аңғарылып тұр. Жаппай ел оқи бастаған кітапты қызық көріп оқып шықтым. «Түсінбедім!». Қайта оқыдым. «Түсіндім, тек түсінгім келмейді». Елдің қадірілісі Қадыр ақын бұлай жазуға не себеп болды екен?! Бәріміз пендеміз. Пендешілік біздің– күнәміз. Және сол жолда қызмет етіп, күнәдан тазаруға асығамыз. Жалпы өмірдегі миссиямыз сол. Бірақ адамның жүрегінен орын алған пенденің пендешілігін әңгіме етіп жазу дұрыс па?! Қырық бесінде кеткен Мұқаң жайында бұлай жазу Қадыр ақынның да абыройына дақ түсіретіні анық. Бірақ ақын мұны білім жазды ма әлде әдейі ме?! Жақсы бір мысал аздық етер.
«12-3=?» Осы өлеңнен кейін мен Шахановтың әлеміне бойлап кетіп ем. Рух пен жігер толы өлеңдерін бойыма сіңіріп, қит етсе жатқа соғып мақтанып жүретін едім. Мұхтарлардың қатарын суытпай М.Әуезовты, М.Мағауинды оқыдым. Ғашық болдым! Мұхтар Мағауинге ғашық болдым. «Аласапыраннан» кейін тіпті ес жимай тарихи шығармаларға бас сұқтым. Қайдан келе қалған арам ой екенін білмеймін, бір күні публицистикалық мақалаларды ақтарып отырып «Ешкі жетектеген екеу» жайындағы дүниені оқып шықтым. Жазған менің сүйікті авторым МҰХТАР МАҒАУИН. Кім жайында болсын, тағы да менің авторым МҰХТАР ШАХАНОВ жайында. Бәріне не жетпей жүр, күндестік, қызғаныш әлде не?! М.Шахановтың пендешілігі жайында ең сорақы жазбаны желтоқсан көтерісіне қатысқан, құрмет тұтатын адамым Хасен Қожа-Ахметтен де естідім, оқыдым. Желтоқсан жайлы жыр жазған ақынның 1986 жылы Алматыда емес, Мәскеуде тойлап жүргенін айтып бір сырды жайып салды. Жақсы бәлкім – шындық. Бірақ бұл шындықтардың пайдасы бар ма?! Қоғамның хәлі жете ме бұл ақиқаттарды арқалап жүруге. Үнсіз-ақ келген қоғамның өзі еді. Бірақ адамның айласы асып кетті ме сонда...?! Мен сүйіп оқыған Шахановтан да құрмет тұтқан ағамнан да жеріп кеттім. «Әдебиет-ардың ісі» деуші еді. Ендеше қаламгер қаламынан сия төккен екен, оның ары да таза болуы керек қой. Ал менің авторларым бірін-бірі жарға итеріп жатса оның несі ардың ісі болмақ. Бұл барып тұрған ақымақтық. Мағауинды сидырмалық делік. Прагаға кеткен қаламгер далада қалды ма, жоқ! Мыңдаған туындының авторы хәм шетте жатып елдің сүйіктісіне айналып үлгеруде. Ендеше ұлттың бетіндегі қаймақтардың пендешілігін сөз ету меніңше, қажеттілікті талап етпейді. Бүкіл бір Алаштың ақтаңгері Әлихан Бөкейханов жайында, Ғабекеңдер жайында осындай аузы қисық дүние естігенде оқып келе жатқан кітабыңды өртеп жібергің келеді. Әдебиетке деген тазалық былғанса онда ол оның құлдырап кеткені. Қазақ жаманын жасырып, жақсысын ескеріп жүрген халық. Тектіліктің тонын сырып тастап, өз бетімізше жүруге дағдыланып барамыз. Кім не жазғысы келеді соны жазады. Бәрін қойшы, Оралхан Бөкейді оқымау – күнә ғой. Тіліңді сындырып отырып, ойыңды тербеп, алыс қырларға, Қар қызына жетелейтін қаламгердің пендешілігін сөз еткен Азамат Тасқараға да не жоқ. Азамат Тасқара да өлеңнің сорпасын ішіп, сүйегін мүжіп үлгерген ақын. Тіпті Оралхан туған етектен. Ендеше Алтайдың Кербұғысы жайында оқырман күтпейтін, сүймейтін әңгімені жыр ету абырой ма сіз ше?!
Қорқамын. Мен өзімнің авторларымды оқымай кетуден қорқамын. Бір қорқыныштың соңы мың үрейге ұласып, халық рухани дүниеден алшақтап кетпесе игі еді. Түсінгенім, әрбір адам әрбір тағдыр. Тағдыр сен ақынсың ба, патшасың ба деп бөлмейді. Азабы мен машақаты бір. Сол жолда бәріміз арпалысып жүрміз. Ендеше біздің қаламгерлер де күнәһар, оларда да пендешілік дейтін дүние бар. Тек олардың сол бір қасиетін көзге шоқтай басып, құлаққа жеткізудің керегі жоқ. Мұндай қателікті тіпті әдебиеттің заңымен жазалау керек.
Мен бәрібір оқимын. Мен Мұқалиды да, Мұхтарларды да, басқаларды да оқимын. Мен оқымай кетуім мүмкін тек, қаламгерлерімнің шығармалары жасанды әрі көңілге татымды болмаса. Ұрпақ тәрбиесіне көңіл бөлуді бірінші деп санаған екенбіз, ендеше әдебиетті жасаушының жыртығын емес, оның көрген-білгенінен туған дүниелерді оқытуға, көрсетуге ат салысайық. Пендешілік кімде жоқ, бәрінде бар. Бәлкім естірміз, білеріміз тек оны жүрекпен қабылдамай, уақытша мидың еншісіне жіберейік.
Шіркін!
Әдебиет өлмесін!
Марғұлан АҚАН