Қалалық қыз: Менің туған күнім көктемде!
блог
"СЫРЛЫ СҰХБАТ АЛАҢЫНЫҢ" оқырмандарына Санияның жауаптарын ұсынамыз!
Өмірлік ұстанымдарыңыз қандай?
Басты өмірлік ұстанымым – бақытты болу. Дәл қазір, ертең, болашақта бақытты бол. Сүйген ісіңмен айналыс, қызығатын дүниелеріңді жаса, ұнайтын адамдармен бірге бол, қалаған затыңды сатып ал, мүмкіндігінше жақсы демал.
Өмірде өкінген кездеріңіз болды ма?
Талай «Қап» деген сәттер болды. Бірақ қазір артқа қарай отыра, ештеңеге де өкінбейтіндігімді білемін. Бәрі болатындай болды. Одан кем де, одан артық та ала алмас едім. Тағдырға жаман сенемін) Сенімі бар адамдар әр нәрсенің қайыры бар деген оймен жүреді. Сол ойға әбден үйреніп кеттім. Не болса да, қайырлысы...
Өзіңіз қазақ порталын ашуыңыз мүмкін бе?
Мүмкін) Тек оған қажетті білімім, қаражатым, жоспарым жоқ. Жалпы қазнетте тек бір салаға бағытталған сайттар көп болса деп ойлаймын. Массагет сияқты грандтар емес, кішігірім, өз оқырмандары бар бір салаға ғана бағытталған сайт ашуды армандаймын. Ал тақырыбы жайлы айтпаймын, ұрлап аласыңдар)))
Массагет Сізге не берді?
Массагет маған не бермеді деші?! Массагет маған жаңа саланы меңгеруге, жаңа, бұрын-соңды көрмеген адамдармен танысуға мүмкіндік берді. Массагет маған өз ойларым мен өмірлік ұстанымдарымды өзгертуге көмектесті. Массагет менің есеюмнің куәгері болды.
Өзіңіздің қандай мінезіңізді ұнатпайсыз?
Ешқандай) Өзімді мінсіз, гипер тәрбиелі, супер инабатты, экстра сәнді сұлу ару деп санамаймын. Алайда өзімнің бір қасиетімді ұнатпаймын деп айта алмаймын. Өзімді ұнатамын да, жақсы көремін де. Осындаймын, иә кемшіліктерім жоқ емес, бар, молшылық) Алайда жақсы жақтарым да жоқ емес. Соның бәрі қосылып мені мен қылады. Ал мен өзімді осындай қалыпта, түгелімен сүйемін. Сіздерге де кеңес беремін))
Махаббаттың белгісі ретінде нені түсінесің? Мысалы, жігіт не істесе ол шын сүйгендікті білдіреді?
Менің махаббат тақырыбындағы теориям оп-оңай. Әйел, ару, қыз кез келген жігітті сүйе алады. Бастысы жігіттің қызды шын сүйіп, өз сезімдерін көрсете білуі. Ал біз, қыздар ,басында мұрын тыржитамыз, ал кейін үйреніп, ғашық боламыз да қаламыз. Солай) Ал жігіттің сүйгендігінің белгісі нақты болмайды. Серенада айтып, гүл шоқтарының астына көмген, романтикалық істерден қуып кеткен жігіттер болады. Алайда ол шын махаббаттың кепілі емес. Шын махаббат ол шын махаббат. Оны ешқандай гүлдермен сатып ала алмайсың. Жәй оны сезесің.
Бала кездеріңізде қандай болдыңыз? Туған жеріңіз туралы айтып берсеңіз.
Бала кезімде гипер белсенді қыз болғанмын. Жүзу, көркемсөз, домбыра, шахмат, би, тігін секцияларына бір уақытта баратынмын. Бәрі марқұм анамның арқасында, соның тәрбиесінің жемістерін әлі де көрудемін. Балалық – басымнан өткен ең бақытты кезең. Одан асатын күйге ешқашан жете алмаймын деп ойлаймын. Ал туған жерім – Алматы. Иә, үлкен қалада туылып, өскенмін, «қалалық» қызбын. Жақсы өмірге бала кезден үйренгенмін. Сол үшін ата-анама алғысым шексіз. Еркелеткен кіші қыздың балалық шағы ұзақ болды, алайда соңы аяқ-асты келді. Анамның бұл дүниеден өтуімен бірге балалығым да бітті. Бір сәтте ересек өмірдің қиындықтарына тап болдым. Мен үшін сол бір кез үлкен мектеп болды. Мәселе қайғыны өткеруде емес, шын өмірдің қиындықтарымен кездесу болды... Алайда бәрін де өткердік, қазір балалық шағым мен анамды тек жақсы ойлармен еске аламын.
Адам болып қалыптасудағы басты міндет деп нені айта аласыз?
Адам болып қалыптасудағы басты міндет – тәрбие. Жас бала өзінің тәрбиесіне қалай жауап бере алады. Ал есейген адам үшін ол білім. Жәй ғана ЖОО бітіру емес (бірақ ол да керек), кітаптар оқу, түрлі адамдардың ойларымен танысу және бастысы ешкімге еліктемеу, ешкімді пір тұтпау, жай ғана өзіңнің ішінде ойланып, өзіңнің ақиқатыңды таба білу.
Егер көшеден бір мүсәпір жанды кезіктірсеңіз оған қандай да бір көмек бере алар ма едіңіз?
Ситуацияға байланысты. Арақ ішіп тұрған маскүнемге ақша беру – арағын алып берумен тең ғой. Ондайға жоламаспын. Жалпы жолда, өзінің «точкаларында» күнделікті тұратындарға қарамай өтемін, себебі бұл олардың жұмысы екендігін білемін. Олардың көбісі менен де көп айлық табатын болар. Өзімнің ауламда бір апа. Соған көмектесуге тырысамын. Жалпы мүсәпірге қарап, қасынан өту тасжүректіктің белгісі емес деп ойлаймын. Әр адам өзі үшін тіршілік жасайды. Ал олардың бұл кәсібі тек бизнес екенін біле тұра, олардың қармағына түскен балық болғым келмейді.
Мектепте қандай оқушы болдыңыз?
Оқуымның барлығы «5», ал мұғалімдермен қарым-қатынасым жиі жағдайда быт-шыт болған. Жоқ, мен сабақ бойы жігіттерге тисіп не қыздармен өсектесіп отырған жоқпын. Жай ғана көп мұғалімдердің қалыптасып, қатып қалған көзқарастарымен келіспейтінмін. Жас болсам да, өз пікірімді айтып, мәселенің түбіне дейін жетуге ұмтылатынмын. Әділдікке жету басты мақсатым болған.
Тышқаннан қорқасыз ба?
Білмеймін, бетпе-бет кездескен емеспін.
Блогтұғырдан сіз жиі көрінбейсіз, неге?
Блоггер емеспін, интернетпен ауырмаймын, әр істеген қадамымды блог қылып жаза алмаймын.
Интернеттің өміріңіздегі орны?
Интеренет мен үшін ең бірінші – жұмыс. Екінші – алыстағы сүйікті достарыммен хабарласу амалы. Ақпарат көзі, жаңалықтар іздейтін жер. Онлайн сериалдар көремін сосын))) Жалпы мен ғаламторда күні бойы отыратын, ғаламторсыз өмір сүре алмайтындар қатарынан емеспін.
Асқақ арманыңыз?
Армандарым жоқ) Расымен, қазір-ақ ойлап тауып жаза салайыншы десем де, басыма келмейді. Арман – орындалмайтын қиял. Ал менде тек мақсаттар. Жалпы ойлаған әр мақсатым, тілегім орындалады. Өзім тырысамын, тілеймін, нәтижесінде қол жеткіземін. Ал анда барып келу, мынандай көйлек сатып алу деген армандармен ауырмаймын)
Көктем деген Сіз үшін ...
Көктем – ең сүйікті кез. Көктемде ауа-райы жылынып, күннің көзі шығады. Табиғат оянады. Ал ең бастысы көктемде менің ең сүйікті үш мерекем – 8 наурыз, 22 наурыз және менің туған күнім бар. Қуаныш, шаттыққа, сыйлықтар мен гүлдерге толы айды асыға күткен едім. Қазір көңіл күйім тамаша)