Қаладан...

                                          Қаладан...

Табиғат ұйқыда тып-тыныш,

Суығы,жылысы-өтпелі іс.

Бағдаршам қып-қызыл түсте тұр,

Көшеде қаптаған кептеліс.

 

Қыдырып қаланы кеш құрым,

Шаршадым...Әл де жок, өшті үнім.

Бақылап қарасам, түнде де,

Адамдар алмайды-ау еш тыным.

 

Күз келіп, тоқтаған жаз әні,

Бұл түнде бүлік көп, аз ары.

Шуылдап шаһарлық тұрғындар,

Алады мендегі мазаны.

 

Сарайлар қаланы тұр безеп,

Бітпейді көші мол бұл кезек.

Қу тірлік қуса да көшеге,

Ей,пенде деміңді ал бір мезет.

 

Көліктің жиған жұрт әр түрін,

Ашуда...Бұл істің арты-мұң.

Ауылды аңсап та кетесің,

Осылай өткен соң әр күнің.

 

Көшеге жастар тұр құмартып,

Шаршауды білмейді бұлар түк.

Таңғы аспан көрінбес қаладан,

Шаң басқан ауылым мың артық.



Бөлісу: