Қала мен ауылдың айырмашылығы

Біз әдетте «ауыл – тәрбие бесігі» дегенді жиі айтамыз. Бұл рас. Қазақтың дүниетанымында «ауыл» ұғымының берік орын алғаны да сондықтан. Бірақ қалалық мәдениеттің дамып, өркендеуімен ауылға деген көзқарас өзгеріп кеткені де жасырын емес. Мысалы, ауыл десек жабайылық, артта қалушылық, бәсекеге қабілетсіздік, тағысын тағы түсініктер қатар жүретін болды. Ауылдан келген адамға деген қарым-қатынас да осы тұрғыдан қалыптасқан. Егер ойды осы арнада тарқатып, қозғар болсақ, бұл мәселені бір жақты бағалау болар еді. Әйтпесе, ауыл дегеніміз салт-дәстүрдің, әдет-ғұрыптың, мәдениетіміздің, тіліміз бен діліміздің, басқа да көптеген ұлттық құндылықтарымыздың сақталып, дамып отырған мекені, ошағы емес пе еді?! 

 


Талантты балалардың да ауылдан шығатыны содан. Өйткені олардың дүниетанымы, ойлау қабілеті ұлттық тамырдан нәр алады. Мұндай ортада ер жеткен адамның таланты мен қабілеті де жыл санап шыңдалып, ашыла береді. Қалалық өмірдің өзі кісіні белгілі бір шеңберге салып қоятындай. Адами қарым-қатынас азаяды, уақыт жағынан шектеулілік, тақ-тұқ сөйлеу, ойды қысқа қайыру, үстіртіндік, т.б. түрліше қалалық сипаттар ауылдың сипатынан, ауылдың болмысынан бөлектеу болатыны белгілі. Ауыл баласы мен қала баласын қатар қоятын болсақ, екеуі екі түрлі мәдениеттің, екі түрлі дүниетаным­ның өкілі екенін бірден байқайсыз. Өйтке­ні қалада шарттылық көп. Ауылда табиғилық басым. Ауыл баласына ұс­тамдылық, сабырлылық, ұяңдық, салмақтылық тән болса, қаланың баласына ұшқалақтық, сабырсыздық тән. Әрине, бұдан бәрі де сондай екен деген ұғым тумаса керек. Өйткені әр адамның өзіне тән ерекшеліктері болады. Ол кейде өскен ортаға да, тәлім-тәрбиеге де байланысты. Бірақ жағымсыз әдеттерге қала баласы ең алдымен үйірсек келетіндей көрінеді. Өйткені күнделікті өмірде, жүрген ортасында солардың бәрін көріп өседі. Былайша айтқанда, көз алдында дайын үлгілер көп. Соларға еліктейді, көкейіне қондырады. Ауыл баласының алдында қалай дегенмен ел бар, елдің дәстүрі, салт-санасы бар. Ұлағатты сөз айтар үлкендер, ақсақалдар, әжелер бар. Ауылдың әр ұланы «кімнің баласысың, әкең кім, шешең кім?» деген сауалдарға жауап бере жүріп-ақ өздерінің кім екенін, тегінің қайдан шыққанын біле бастайды. «Қайда барасың, қайдан келесің?» деген сауалдың өзі баланың бойындағы тәртіптілікті, жүріс-тұрысының дұрыс әрі түзу болып қалыптасуына негіз болады. Жалпы, адамды әңгімеге тарту, сұхбат құру, кеңесіп отыру, жақсы, ғибратты дүниелер айту – ұлттық ерекшелігіміз. Ауыл баласының тағы бір артық­шы­лығы жастайынан еңбекке араласып өсетіндігі. Еңбек – ауылдың тіршілік көзі. Күнделікті өмір еңбек дейтін ұғыммен астасулы. Мысалы, су әкелу, отын жару, көмір тасу, мал жайлау, шөп шабу, қора-қопсыны тазалау, аула сыпыру, т.б. көптеген еңбек түрлері баланы шынықтырып, қиыншылыққа төзуге, ауыр еңбекке шыдамды болуға, жұмысты тиянақты атқаруға, жауапкершілікке, ептілікке тәрбиелейді. Ал қала баласы мұндай еңбектің бірін де көрмей өседі. Адами қасиеттердің қалыптасуында еңбектің алатын өзіндік орны бар екенін ескерсек, еңбексіз ер жеткен баланың бойында ерік-жігер, намыскерлік аздау болады. Бүгінде қаншама қала балаларының уақыты дене еңбегінсіз өтіп жатыр. Өйткені қалада ауылдағыдай істей­тін қара жұмыс жоқ. Қалалықтардың бала еңбегіне көзқарасы да басқа­ша. Жасыратын несі бар, заманауи ата-аналардың көбі балаларын еңбекке баулығысы келмейді. Баласының еркін өскенін қалайды. Негізі, қала балаларының сабақтан тыс уақыт­тарда көбіне-көп бос жүретіндерін байқайсың. Бұл тұрғыдан алғанда ауыл баласының бос жүруге уақыты да, мүмкіндігі де бола бермейді. Әйтеуір, алдында бір міндеттер, жұмыстар даяр тұрады. Бәріне үлгеру керек. Сөйтіп жүріп, уақыттың да қадірін біліп өседі. Яғни, бойында уақытты бос өткізуге қарсы иммунитет қалыптасады. Сондай баладан күні ертең еліне елеулі еңбек сіңіретін азамат өсіп шығады. Мақаламыздың әлқиссасын ауыл­дың тәрбие мектебінен бастадық қой. Ойымызды сонымен түйіндесек. Қаланы даттаудан аулақпыз. Себебі бо­лашақ қалалық жерлерге ойысып жатыр. Одан ешқайда қашып құтыла алмаймыз. Бірақ, десек те, қазақтың тамыры ауылда. Сол үшін де ауылды сақтап қалуымыз керек. Елбасының жаңа Жолдауында «Ауыл – ел бесігі» деген жобаны қолға алу қажеттігі айтылды. Сәтімен жүзеге асса, өте орынды бастама. Өйткені ұлттық болмысымыздың, тіліміздің, дәстүріміздің қаймағын сақтаудың бірден-бір жолы ауылмен байланысты. Соңғы жылдары «болашағы жоқ ауылдар» деген ұғым пайда болды. Жалпы, осы сөздің өзі қаншалықты дұрыс? Ауылда неге болашақ болмау керек? Мүмкін жергілікті жердегі жұмыстар жүйелі ұйымдастырылмай отырған шығар? Осының анық-қанығын зерттеп жатқан кім бар? Тұрақты жұмыс пен табыс көзі болса, өмір сүруге қолайлы жағдайлар жасалса, ел-жұрт ауылдан кетпес еді ғой. Кеше түтіні түзу шығып отырған кейбір ауылдардың бүгінгі ахуалын, сұрықсыз кескін-келбетін көргенде жаның ашиды. Сондай ауылдармен бірге қаншама ұлттық құндылықтарымыз, руханиятымыз жоғалып жатыр. Ауыл, шын мәнінде, ел бесігі екенін естен шығармасақ екен.



Бөлісу: