Кәкен ағайдың Алматы жайлы естеліктері

- Кәкен ағай, Алматыда қаншасыншы жылдан бастап тұрып келесіз? Бұл қалада тамырыңыз қалай жайыла бастады?

- Бала кезімізде Алматы жайында республикалық көрмеге барып қайтқан еңбек озаттарының, астанада оқып жүрген студенттердің, өзіміздің мұғалімдердің аңызға бергісіз әңгімелерін аузымызды ашып, көзімізді жұмып тыңдайтынбыз. Гүлзарлар, субұрқақтар, парктер, еңселі ғимараттар қасында түскен олардың суреттері қандай әсерлі десеңізші. Алматы шаһарының тыныс-тіршілігі хақындағы деректі фильмдердің жөні және бір бөлек. Әйтеуір, осының барлығы мені – жас баланы осы әсем қалаға ынтазар етті де тұрды.

1964 жыл, тамыз айының аяғы. Бірінші Алматы теміржол вокзалынан түсе қалдым. Әлгінде ғана жаңбыр себелеп өткен екен. Аспан шайдай ашық. Көгілдір бояуы басым Алатаудың  асқақ та айбынды шыңдары сонадайдан мен мұндалайды. Жетінші троллейбусқа отырып қалаға тарттым. Өзімнің Алматыдағы №9 қазақ мектеп-интернатындағы өмірім осылай басталды. Бұл орта мектепке мені қолымнан жетелеп әкелген жақын құдамыз, қалада ертеде тұрақтап қалған ауылымыздың оқыған азаматы Батырбек Өртенбайұлы Оразбаев еді.

- Сіздің балалық, студенттік шағыңыздағы Алматы қандай еді?

- Біздің мектеп ботаникалық бақтың қасында. Сағат алтыларда, тіпті одан да ерте көшеге сары машиналар су сеуіп өтеді. Алатау аңғарларынан аңқылдаған самал райхан гүлі мен апорттың хош иісін әр бөлмеге уыстап шашатындай. Керемет рахатқа бөленіп оянасың. Көшеде көлденең шырпы, темекінің тұқылы жатпайтын десем, сіздерге өтірік, маған шын. Маршруттағы автобус, троллейбус, трамвайлар өмірі графигінен жаңылмайтын. Интервалы, көп болса, бес минуттан әрі аспайтын. Көшелер де кең сияқты көрінетін, қазіргідей қайшыалысқан қалың көлік нөпірі жоқ.

Алматыда мектепте оқып жүрген кезімізде композитор Ахмет Жұбанов, Кеңес Одағының Батыры Сағадат Нұрмағамбетов сияқты аты көпке мәшһүр ардақтылармен кездестік. Қазіргі Қабанбай батыр мен Абылайхан даңғылының қиылысында – балалар мен жасөпірімдер театры. «Арманым, Әселім» спектаклі. Басты рольдерде Чапай Зұлқашев, Мәриям Жақсымбетова. Сол кездегі театр мәдениеті, ауаны мен аурасы қандай, шіркін!

Ғылым академиясының палеонтология мұражайындағы зіл-мамонттың қаңқасын көргенде, тоғызыншы сынып шәкірттері – біз мұз дәуірінен бір-ақ шыққандай әсер алғанбыз. М.О. Әуезов музейінің есігінен де имене аттатқан директорымыз Жәлила Жаңғазықызы Жолаева, тәрбиешіміз Мәриям Тоқтыбайқызы Тоқтыбаевалардың өнегесі қандай десеңізші. Мектебімізде хор үйірмесінің, үрлемелі оркестрдің орны бір бөлек еді ғой. Мектеп көркемөнерпаздарының қалалық байқауында бірінші орын алып, Пионерлер үйінен жүлдеміз – көк автобусқа мініп, Шәмші ағамыздың «Бақыт құшағында» әнін шырқап қайтқанымыз қайдан естен кетсін.

Кластастарымыз Жақсыберген Дабаев Орталық стадионда футбол ойнайтын, Назым Садықов бокс секциясына қатысатын. Осының бәрі әлі күнге дейін жадымда.

сұхбаттың толық нұсқасы мен пікірлерді қабылдау мына жерде :))



Бөлісу: