Қажым Жұмалиев. "Тіл туралы Абайдың өз көзқарасы"
блог
22- қыркүйек Қазақстан Республикасының тілдер мерекесі
Бірден айтайық, бұл тек қазақ тілі күні ғана емес. Сондықтан да, басқа да тілдердің мерекесі екенін ұғу керек. Мәселе осы еді. Ендігі бір кикілжің – өз тілімізге келсін, осы тіліміз туралы тек 22 қыркүйекте ғана әңгімелесіп, мүшайра, концерттер өткізіп, елпең-желпең қағамыз. О несі екен. Жылдың басқа күндері елеп-ескерсек қайсы? Фейсбукте де кейбір белсенділер «тіл-тіл» деп, «қазақша сөйле!» деп лепірді. Осының барлығы да күнтізбеге қарап ойланатын адмдар дегім келеді. Расын айтсақ, мен де тіл мерекесі келе жатқан соң жазып отырған сияқтымын ғой. Бірақ тіл деп ащынып, құдды бір тілімізден айырылып бара жатқандай болып сөйлемей-ақ қоялықшы. Тіл сорлаған жоқ, қазақ сорлы емес. Жылап-сықтай беруді қойыңдаршы. Әсіресе осы мереке қарсаңында газет-журналдар, одан қалды кейбір мүддешіл сайттар сабалақ ұрып, айғайлайды да жатады. Бәрі жақсы, бәрі орнында.
Егер шын мәнінде тілге жаны ашығандар терминкомның жұмысын көрсін, дауы болса айтсын, қостауы болса да жасырмасын. Айтпағым да сол еді, жылап-сықтай бермейікші.
Ендігіде, тіліміздің құрметіне орай не жазсақ болады екен? Әрине, тіл дегенде Абайдың құнарлы, аса бай, иірімге толы тілін айтпасқа болмас. Бірақ оны біз де жетеріне жеткізе алмаймыз-ау. Бұл себепті, 1938 жылы «Әдебиет теориясын» жазған, “Қобыланды батыр”, “Алпамыс батыр”, “Ер Тарғын”, “Қамбар батыр”, “Қозы Көрпеш – Баян сұлу”, “Қыз Жібек”, “Айман – Шолпан” эпостары туралы толыққанды зерттеулер жасаған Қажым Жұмалиевтың «Тіл туралы Абайдың өз көзқарасы» атты мақаласын беруді жөн көрдім.
Тіл туралы Абайдың өз көзқарасы
Абай өлеңдерінің поэтик тілдерін ауыз әдебиеті, өзінен бұрынғы, өз кезіндегі тарихи әдебиет тілдерімен салыстыра зерттегенде, сөйлемнің жалпы құрылысына, мағынасына қатысы жоқ кездейсоқ сөздердің кездеспейтінін, әрбір сөз, әрбір образдары сөйлемдегі ойдың бір керегіне жарап, айтайын деген пікірлеріне дайын байланыстылығын, сөйлемде сөз орындары ауыстырылса, олардың өзі де белгілі бір заңға сүйенетіндігін көрдік.
Мұның негізгі себебі, әрине ақынның таланты, сезім күшімен байланысты. Қандай ақынды алсақ та, өз сезгенін, өз ой-пікірін айту үшін сөзді күні бұрын іздемейді, сөз ой мен сезімге ере туады. Ақындар әр кезде терең ойды толқыған сезімге суарып, сөз арқылы жарыққа шығарады. Сондықтан поэзияның тілі - ой-пікірдің тілі ғана емес және сезімнің де тілі. «Жазушы образ арқылы ойлайды» дейтін Белинскийдің жұртқа мәлім формуласының мәні осында.
Ақын-жазушылардың образдарында ой мен сезім қиюын таптырмай, әрдайым жымдасып жатады. Жай қара сөз, ғылымдық мақалалардан поэзия, көркем қара сөздің тілдерінің айырмашылық жағы да осында.
Көркем тіл ой ғана емес, сезімнің көлеңкесі екенін Абай да жақсы түсінген. Сондықтан да ол:
«Ет жүрексіз ерніңнің айтпа сөзін,
Тіл үйренген нәпсінің қу мінезін...» -
(Абай, І том, 205-бет)
дейді. Бірақ бұл айтылғандардан ақындар өне-бойы тек сезімнің жетегіне ере береді деген ұғым тумауы керек. Сөз талғау, сөз таңдау ұдайы ой толқыны, сезім түйсінгеннен туса да, негізінде солай болғанмен, әсіресе жазба әдебиеттің өкілдерінде өз шығармаларының тіліне айрықша көңіл бөлу, жөндеу олардың творчестволық жұмыстарында ерекше орын алады. Саналы түрде өз еңбектеріне сын көзімен қарап, талай сөзді сызып, талайын өшіріп, олардың орнын, ой-сезімін дәл бере алады деген басқа сөздермен алмастыруды біз Пушкин, Лермонтовтар тәрізді ұлы ақындардың қолжазбаларынан да жиі ұшыратамыз. Сонымен қатар тіл мәселесіне мәдениетті ақындардың саналы түрде қарап және үлкен мән беретіндіктеріне орыс, не басқа елдер әдебиет тарихынан да айқын көруге болады.
Пушкин 1835 жылғы өзінің Дуровқа жазған хатында «... Сөз неғұрлым түсінікті болса, ол соғұрлым жақсы. Ең негізгі нәрсе - шындық, шын ниет...» дейді (230).
Дәл осы пікірді оның замандасы Баратынский де айтады: «... Егер сөз туралы тоқталсақ, біз жазғанда бір-бірімізге ойланған ойымызды жеткізу үшін жазамыз, егер оны дәлдеп айтпасақ, біздің ойымызды басқалар қате түсінуі, не мүлде түсінбеуі мүмкін. Онда не үшін жаздық...» (231).
«... Жазғаныңызды қолдан келгенше түсінікті етіп жазыңыз. Қандай ойды айтпақсыз, оның бәрі бір. Айтпағыңыз жаңа, бұрын ешкім қозғамаған нәрсе болса, нұр үстіне нұр, ол жаңа пікірді айту үшін қолданатын сөздерің еш уақытта түсініксіз, жасалынды сөз болмасын...» (232).
Біздің қазақ әдебиеті тарихында, жалпы искусство, поэзия, оның тілі туралы жоғарғы аттары аталған классиктердің ой-пікірлерінің дәрежесінде пікір айтқан ең бірінші ақын Абай болды.
«Мақсатым - тіл ұстартып, өнер шашпақ,
Наданның көзін қойып, көңілін ашпақ.
Үлгі алсын деймін ойлы жас жігіттер,
Думан, сауық ойда жоқ, әуел баста-ақ...»
(Абай, І том, 82-бет)
деп ақын өзінің оқушыларымен сырласқан бір өлеңінде өлең жазудың алдында тұрған екі мақсатын ашып айтып, «тіл ұстарту» мәселесін бірінші орынға қойса, екінші өлеңінде:
«Өлең - сөздің патшасы, сөз сарасы,
Қиыннан қиыстырар ер данасы.
Тілге жеңіл, жүрекке жылы тиіп,
Теп-тегіс жұмыр келсін айналасы.
Бөтен сөзбен былғанса сөз арасы,
Ол - ақынның білімсіз бейшарасы.
Айтушы мен тыңдаушы көбі надан,
Бұл жұрттың сөз танымас бір парасы».
«Өлеңге әркімнің-ақ бар таласы,
Сонда да солардың бар таңдамасы.
Іші алтын, сырты күміс сөз жақсысын,
Қазақтың келістірер қай баласы...»
(Абай, І том, 78-бет)
Және бір өлеңінде:
«Өлең деген - әр сөздің ұнасымы,
Сөз қосарлық, орайлы жарасымы.
Сөзі тәтті, мағынасы түзу келсе,
Оған кімнің ұнасар таласуы...» -
(Абай, І том, 81-бет)
деп, өлең, сөз, тіл деген не нәрсе, олардың әрқайсысына өзінше анықтамалар береді.
Абайдың бұлардан басқа да тіл туралы айтқан сөздері көп, олардың әрқайсысынан үзінді келтіріп жатпай, тек осы сөздерін талдап өтсек те, ұлы ақынның тілге өз көзқарасын тануға болатын секілді.
Абайдың поэзияға тілі жағынан қоятын шарты ең алдымен «жеңілдік» (түсінікті), «жүрекке жылы тию» (сезімге әсер ету), «мағынасының түзу келуі». Осыларды жинақтай келіп, Абайдың өзі қалдырған формуласымен айтсақ, «іші алтын, сырты күміс» жақсы сөз, міне, поэзия-өлеңнің тілі. Бұл формула сөздердің түсініктілігін де, әдемілігі, сезімге әсер ету жағын да, мазмұнының терең болуын да толық қамтиды. Сөз дәлдігін бұзатын екіұштылық, түсіну, ұғымды ауырлататын жасандылық, сөз, сөйлемдердің көркемдік қасиеті, мазмұнын сұйылтатын мағынаға қатысы жоқ, орынсыз шет сөз қолданушылық, бәрін де Абай өлеңнің құнын түсіретін нәрсе деп қатты сынады, мейлінше қарсы болды.
«Бөтен сөзбен былғанса, сөз арасы,
Ол ақынның білімсіз бейшарасы» -
(Абай, І том, 78-бет)
дейді. Сөйтіп Пушкин, Тургенев, Лермонтов, Белинский, тағы басқалардың тіл туралы айтқан құнды пікір, өрнекті үлгілеріне дәл келетін ой-пікірді қазақ әдебиет жағдайына лайықтап, кейінгі ұрпаққа өнегелі сөз қалдырушы қазақта бірінші ақын Абай болды.
Бұл пікірді жоғарғы орыс жазушыларының сөздерін оқып, сонан кейін айтты ма? Әлде бұл қорытындыға ақын өз бақылауымен келді ме? Міне, осының жігін аша кетелік.
Екі елдің ақындарының дәл келген кейбір сөз, образ, не сөйлем, не кейбір афоризмдеріне қарап, мынау анадан алған екен деп оп-оңай шолақ қорытынды жасаушылар көп болады. Біз ол пікірлерден аулақпыз. Әдебиет тарихында, әсіресе ауыз әдебиетінде бір сюжеттің бір-бірімен ешбір байланысы жоқ екі елде де кездесе беретіні тәрізді, дәлме-дәл, не оған жақын келетін ой-пікір, образды сөз, сөйлем, афоризмдер де әдебиетте кездесе береді.
Қазақтың «Елу жылда ел жаңа, жүз жылда қазан» деген мәтелі, не татардың «бірде олай, бірде бұлай дүние шолай айнала» дейтіні - «Барлық нәрсе өзгереді, бір қалыпта тұрмайды» дейтін Гераклиттің сөзін оқығандықтан айтылды деуге болмайтыны өзінен-өзі айқын нәрсе. Бірақ мазмұндарында еш өзгешелік жоқ. Сол мазмұнды хат білмейтін қазақ та, татар да басқа сөзбен айтып берген. «Көңілдегі көрікті ойдың ауыздан шыққанда өңі қашады» дейтін Абайдың өзі айтқан әйгілі афоризмінің мазмұнын дәлме-дәл түрде 1934 жылы Горький өлгенде жазған мақаласында француздың атақты жазушысы Ромен Роллан айтты. Ол өзінің мақаласын «...Горькийдің өлгенін естігендегі күйінішімді айтып беруге тілім жетпейтін секілді. Сондықтан ол туралы әуелде мүлде еш нәрсе жазбайын деп бір ойладым...» деп бастайды. Жоғарғы афоризмде де осы пікір. Бірақ Р.Роллан да Абайды оқыған жоқ. Мұндай кездейсоқ дәл келу бола беруі мүмкін.
Сондықтан тіл туралы Абайдың пікірлерінің орыс классиктерінің айтқан пікірлерімен дәл келулері - не еліктеу, не олардың пікірін қайталау емес, өз қорытындысы, өз бақылауларының нәтижесі. Мұның негізін ең алдымен Абайдың өз творчествосынан, өзінің жалпы өмірге, сол өмірдің сәулесі болған искусство - әдебиетке көзқарасынан іздеуіміз керек.
Қазақ тарихында искусство, поэзия өзінің не нәрсе екендігін, кім үшін керектігін бірінші рет Абайдан естіді. Оған дейін қазақтың искусствосы, әдебиеті ешкімнен ешқандай баға алған емес. Абайдың:
«Туғанда дүние есігін ашады өлең,
Өлеңмен жер қойнына кірер денең.
Өмірдегі қызықтың бәрі өлеңмен,
Ойлансаңшы, бос қақпай, елең-селең» -
(Абай, І том, 81-бет)
деді. Бір жағынан ақын қазақтың өз өміріндегі поэзияның қандай ролі барлығын көрсетсе, екінші жағынан ақынның искусствоға берген, өзінше жалпы бағасы болатын.
Алғашқы коммунизм қоғамынан бері искусство әрі өмір сәулесі, әрі адам тіршілігінің бір құралы болып, адам қоғамның даму тарихымен бірге жасасып келеді. Қай дәуір, қандай қоғамды алсақ та, искусствосы жоқ елді тарих білмейді. Мәдениеті төменгі сатыда тұрған елдердің искусствосы да төменгі дәрежеде болады, ол - сөзсіз. Бірақ болады. Өзінше, сол елдің рухани және тіршіліктің бір құралы боп жұмыс атқарады десек, Абайдың искусство туралы айтқан жоғарғы пікірі осыған дәл келеді.
Айрықша тоқтап, ән искусствосы туралы жазған өлеңінде әннің әр түріне Абай құнды-құнды бағалар береді.
«Көңіл құсы құйқылжып шартарапқа,
Адам ойы түрленіп ауған шақта,
Салған ән - көлеңкесі сол көңілдің,
Тактысына билесін ол құлаққа.
Шырқап, қалқып, сорғалап, тамылжиды,
Жүрек тербеп оятар баста миды.
Бұл дүниенің ләззаты бәрі сонда,
Ойсыз құлақ ала алмас ондай сыйды.
Ұйықтап жатқан жүректі ән оятар,
Оның тәтті, оралған мәні оятар.
Кейі зауық, кейі мұң, дертін қозғап,
Жас балаша көңілді жақсы уатар.
Адам аз мұны біліп ән саларлық,
Тыңдаушы да аз ол әннен бәһра аларлық.
Мұңмен шыққан оралған тәтті күйге
Жылы жүрек қайда бар қозғаларлық...
Көбінесе, ән басы келеді ащы,
«Кел, тыңда!» деп өзгеге болар басшы.
Керім толған тауысар, қаңғыр-күңгір,
Сол жеріне ойыңмен араласшы!
Әннің де естісі бар, есері бар,
Тыңдаушының құлағын кесері бар.
Ақылдының сөзіндей ойлы күйді,
Тыңдағанда көңілдің өсері бар...»
(Абай, І том, 187-бет)
«Алты өлеңмен білдірдім әннің жайын» деп ақынның өзі айтқандай, жалпы әнге, оның әр түріне берген бағасы осы алты шумақта түгел қамтылады. Сондықтан басқа ән туралы өлеңдеріне тоқталмасақ та болатын тәрізді.
Абай искусствоның қай түрі болсын оның мәнін, өзіне тән ерекшелік қасиеттерін терең ұғынды. «Шын мәніндегі искусство не? Ол қалай жасалынады, қалай жасау керек? Олардың әлеуметтік мәні қандай?» деген сұрақтарға жауап іздеп, дұрыс баға бергендігін жоғарғы үзінді келтірген «Туғанда дүние есігін ашады өлең», «Өлең - сөздің патшасы, сөз сарасы», «Көңіл құсы құйқылжыр шартарапқа» деген өлеңдерінің өздері-ақ дәлелдейді. Ән, өлең, жырларды Абай өте жоғары бағалап, ақындардың шын өз мәніндегі искусство жасауларын, өлеңнің искусстволық дәрежесін жоғары көтерулерін талап етіп, бағасын төмендетуге, өлеңнің беделін түсіруге себепші жайттардың қандай түріне болса да Абай аяусыз соққы беріп, қатты күрес ашты.
«Бұрынғы ескі биді тұрсам барлап,
Мақалдап айтады екен сөз қосарлап.
Ақындары ақылсыз, надан келіп,
Көр-жерді өлең қыпты жоқтан қармап.
Қобыз бен домбыра алып топта сарнап,
Мақтау өлең айтыпты әркімге арнап.
Әр елден өлеңменен қайыр тілеп,
Кетірген сөз қадірін жұртты шарлап...»
(Абай, І том, 78-бет)
деп Абай тағы бір өлеңінде біреулерді мақтап мал табатын ақындарды «сөз қадірін кетірушілер» деп қатты шенесе, екінші өлеңінде:
«Сый дәметпе, берсе алма еш адамнан,
Нең кетеді жақсы өлең, сөз айтқаннан.
Сүйінерлік адамды сүй, қызмет қыл,
Аулақ бол әнін сатып ақша алғаннан».
(Абай, І том, 82-бет)
деп жоғары сатыдағы, шын искусство поэзия жасаудың жолын көрсетіп, басқаларға ақыл береді.
Бірақ Абай «искусство искусство үшін» деген пікірден аулақ. Жоғарғы дәрежедегі поэзия жасаса, өлеңнің қадірін түсіретін «көр-жерді» сөз етуден, «мақтап мал табамнан» аулақ бол дегенде, поэзияның мақсатын ақын тек қана әдемілікті жырлау демейді. Бұл пікірге де Абай қарсы. Поэзияның әлеумет өмірімен нық байланысты болып, оның бір керегіне жарауы қажет деген тілекті Абай әрдайым бірінші орынға қояды.
Жоғарғы тілмен байланысты айтылған:
«Мақсатым - тіл ұстартып, өнер шашпақ,
Наданның көзін қойып, көңілін ашпақ.
Үлгі алсын деймін ойлы жас жігіттер,
Думан, сауық ойда жоқ, әуел баста-ақ...»
(Абай, І том, 82-бет)
дейтін сөзінде «искусство искусство үшін» деген теорияға қарсы екендігін де, өлеңді жұртшылық тілегі үшін жазу негізгі нысанасы екендігін де ақын ашық айтады. Ақын осы пікірін екінші өлеңінде бұдан да гөрі тереңірек түрде баяндап:
«Мен жазбаймын өлеңді ермек үшін,
Жоқ, барды, ертегіні термек үшін.
Көкірегі сезімді, тілі орамды
Жаздым үлгі жастарға бермек үшін» -
(Абай, І том, 101-бет)
дейді. Сөйтіп Абайдың өлеңге де, әнге де қоятын шарттары - осылар. Искусство әлеумет өмірінен тыс, өз алдына бір нәрсе емес, өмір тіршілігі үшін, оқушыларын жақсылыққа, адамгершілікке жетектеп, тәрбие құралы болуы керек мұнарадан қарап, жұртшылықты осы көзқарасқа үндейді.
Абайдың тілге зор көңіл бөлуінің негізгі тамыры, міне, осында, яғни поэзия, қысқасы искусствоны, оның әлеуметтік мәнін терең ұғынуда жатыр. Поэзияны әлеумет өмірінің күшті құралы деп танушылық, сол міндетті атқара аларлық шын мәнісіндегі сөз искусствосын жасау тілегі осыны қажет етсе, ондай жоғарғы сатыдағы сөз искусствосын жасауда тілдің негізгі құрал екендігін ұғынған Абай тілді ерекше мәселе етіп қоймауы мүмкін де емес еді. Сондықтан да Абай тілді бірінші орынға қойып, өлеңнің әр сөз, әрбір сөйлемі үшін жаны ауырып, бір сөзді орынсыз қолданушыларға аяусыз күрес ашып («Мұнда жоқ алтын иек сары ала қыз»), «сөз қадірін кетірушілерге» өлтіре соққы берді. Сондықтан да біз Абайдың поэзия тілі жөніндегі терең, құнды пікірлерін ақынның өз табысы, оның өз творчествосы, өмірге өз көзқарасымен тікелей байланысты, түп тамыры осында дейміз.
Тіл туралы өлеңдер: Оқып шықтыңыз ба? Ендеше бонус!
Сәкен Иманасов:
Тіл Мін тағып ес білгелі "достың" көбі, Барымды басқаша етіп кескіндеді. Бермесем өзім жайлы өзім айтып, Білсем деп жүрген де жоқ ешкім мені. Жатпай ма ел: "түсі игіден түңілме", - деп Бір жанмын білім де көп, мінім де көп, Кетер ем баяғыда бақытты боп, Келеді жібермей-ақ тілім бөгеп. Туғалы тура сөзден іркілмеген Дерт болып жабысқалы бұл тіл деген. Жамандап мені біреу оңған емес, Ешкімнен болған емес күлкім де кем. Болған да жеріміз жоқ елден ығыр, Өтуде ертелі-кеш төрде ғұмыр, Қызыл тіл ақиқаттың ақ жолынан Ауытқып,ала қашып көрмеді бір. Бәрі де еркінде ғой бір алланың, Мен оны басқа жаққа бұра алмадым. Сұм десе, сұмырай десе иек қышып, Тұрады көре сала ұрандағым. Түгі жоқ демеңіздер қызығарлық, Жарасып жақсы жердің қызын алдық. Ермедім ырқына да майда тілдің, Көрмедім "ой, кәпірдің" ізін аңдып. Сөзіме құлақ түріп жүрген бала, Сен неге жалт қарадың күлмең қаға. Ол рас,сорымды да, бағымды да Тапсам мен - тауып жүрмін тілден ғана! |
Тілім менің Домбыра - күй үзіліп күмбірлеген, Кең даламда той да өтпей дүбірлеген. Еркіндік ап ел-жұртым жайраңдаған, Жайраңдаған кезеңде, сайрандаған. Қазақ болып тегінде жарытпайды, Кең далама,тіліме айналмаған. Жармасқанмен дұшпан көз жат көрінген, Сардар - тілім түспейді ат белінен. Өжет үнің бүгінде тұр естіліп, Жер-жаһанның жарқылдап қақ төрінен. |
Тіл туралы бір өлеңнен жазып отырсақ қайтеді? Оны мында салсаңыздар әбден болады.