Қадіріне жеттік пе қуаныштың?
блог
Қазақ деген есімді еншілегенімізге 550 жыл болса дағы, арғы тегіміз сақ пен ғұннан бастау алған жұртымыз қашанда "Тəуелсіздікті" аңсады.
"Қаған парызы - елінің қарынын тойдырып, мерейін өсіріп отыру. Күндіз күлкі, түнде ұйқы көрмедім, қызыл қаным, қара терім төгілді. Бəрі мәңгі елім үшін!" - деп ұрандатқан Тоныкөк баба.
Мəңгі болу, тəуелсіз болу - мәңгілік арман... Халықтың ертеңі үшін атқа қонған Тұмар ханым, желмая мініп жерұйық іздеген Асанқайғы, Əбілқайырдан ат басын бұрып, мәңгілік елдің іргетасын қалаған Керей мен Жəнібек, даланың заңын халықтың халімен ұштастыра "Жеті жарғыны" жасаған əз-Тəуке, "Ақтабан шұбырынды, алқакөл сұламада" біріксең ел боласың, өзгемен тең боласың деп елдікке бастаған Абылай ханың да арман-мақсаты "Тəуелсіздік" болды емес пе?
ХХғ. Қазақ ұлтының мәңгілік ел болуы түгілі, мәйекті ұлт болуы, сақталып қалуы арманға айналған алмағайып кезең болды. Ауыздықсыз ашаршылық, қолдан жасалған зұлматтар ұлттың үнін бəсеңдеткен шақта бас көтерген "Алаш" ардақтылары:
Көзіңді аш, оян қазақ, көтер басты,
Өткізбей қараңғыда бекер жасты - деп елді рухтандырды. Ұлт зиялыларын жалаға айдап, дарға асу да "Мəңгілік ел" боламыз деген рухты елден қорқуының көрінісі еді.
Бірақта көп өтпеді, халық та, рух та қайта тірілді. Жəй ғана емес, семсер сөзді, өткір тілді жауһар жырмен тірілді:
Мен – қазақпын, мың өліп, мың тірілген,
Жөргегімде таныстым мұң тілімен.
Жылағанда жүрегім күн тұтылып,
Қуанғанда күлкімнен түн түрілген,
Мен – қазақпын, АЖАЛСЫЗ анамын мен,
Құрсағыма сыйдырам даланы кең.
Пәк сәбимін бесікте уілдеген
Дәуірлермен құрдаспын, данамын мен.
…Ал, бүгін ше? Бүгін мен азаматпын,
Жаза алатын, ғылымды қаза алатын.
Жаза алатын ДҮНИЕЛІК дастандарды,
Жаза алатын ТАРИХҚА ҚАЗАҚ АТЫН.
…Қарсыласпай өлмедім, қан татырдым,
Құлап қалсам атымнан, қайта тұрдым.
Сансыз басты диюдай сан тіріліп,
“Мен – қазақпын!” дегенді айта тұрдым.
…Ұлы аманат етейік еркіндікті,
Ел құлдықты білмесін, жер күңдікті.
Аңсаймын мен, сенемін, туады ертең
“Қазақ болу – зор бақыт” дер күн тіпті.
… Мен – қазақпын, биікпін, байтақ елмін,
Қайта тудым, өмірге қайта келдім.
Мен мың да бір тірілдім МӘҢГІ өлмеске –
Айта бергім келеді, айта бергім!
Естіге түсінікті, саналыға салмақты, тағылымды жыр, мəңгі өлмеске тірілген ұлт рухының сөзі. Жастарға үміт сыйлап қана қоймай:
Арыстандай айбатты,
Жолбарыстай қайратты,
Мен жастарға сенемін! - деп үлкен сенім артты. Сол сенімді ақтап, елдікті сақтау үшін қасық қанын қиған жас желтоқсаншылар, Қайрат пен Ербол, Ләззат пен Сəбира бастаған топ арайлы ақ таң үшін күресті.
Күнəдан таза басым бар,
Жиырма бірде жасым бар.
Қасқалдақтай қаным бар,
Бозторғайдай жаным бар.
Алам десең алыңдар,
Қайрат деген атым бар,
Қазақ деген затым бар.
Еркек тоқты құрбандық,
Атам десең атыңдар! - деп жан тәсілім еткен Қайраттың қазасы еш кетпей, аңсаған азаттығымызға қол жеткізедік.
Қазақ ХХғ. соңында мойыны бұғаудан босап, мəңгілік арманына жетті. Тəуелсіздікке ие болғанымызды айтып мінбе-мінбелерден сөйлеп ғаламға жар салдық. 1991 жылы 16 желтоқсан заңды түрде "Тəуелсіздік күні" болып бекітілді. Елбасымыз сайланып, ұлттық рəміздеріміз бекітілді. Қаншама кедергіге ұшырап, жыр болса да мемлекеттік тіл болып "Қазақ тілі" қабылданды.
Алайда дəл осы тағылымы терең, орны толма қасірет пен ұшан - теңіз қуанышты тоғыстырған тəуелсіздік. Христианның Christmas-ы жаңа жылдың көлеңкесінде қалуда. Өзінен жарым ай кейін тойланатын жаңа жылға екі ай бұрын дайындықты бастап, тəуелсіздік үш күн қалғанда еске түсетіні өкінішті - ақ. Көк туымыз желбіреудің орнына көк шыршалар жайқалатыны жанға батады.
Қазір тəуелсіздігімізді дәріптеп, бүгінгі жас жеткіншектер, келешек ұрпаққа үлгі көрсетпесек, ертең сенің мейрамың екен ғой деп ешкім тойлап бермейді!