Кәдеңізге жарар 5 сайт

Британ әмірлігінің  Ofсom  деген атпен белгілі Коммуникация Офисының 2015 жылғы мәліметі бойынша, 17 мен 24 жас аралығындағы жастар орта есеппен аптаның 27 сағатын желіде өткізеді екен. Алайда осы желідегі өтетін өмірің мен алтын уақытыңды тиімді пайдалануға болады ма?

Әрине, иә. Ұсынып отырған сайттар уақытыңызды үнемдеп, біліміңізді толықтыруға себепкер болады.

1. COURSERA. Бұл- әлемнің үздік университеттерінің онлайн білім берудегі  ірі платформасы. Coursera сайтындағы курстардың көбісі ТЕГІН, тек кейде сол курс оқулықтары үшін ақы сұрауы мүмкін. Бұл дәрістер жинағы ғана емес, толықтай курстар, яғни, мерзімі бекітілген уақытта орындалуға тиіс үй тапсырмасы, курс аяқталысымен емтихан тапсырып, сертификат алу мүмкіндігі бар тегін білім алу. Курстар физика, медицина, биология, гуманитарлы ғылымдар, экономика, информатика т.б. пәндер бойынша жүргізіледі. Курстардың негізгі тілі- ағылшын. Бірақ, сонымен қатар орыс тілінде, 5 пән бойынша қазақ тілінде жүргізіледі.  Қазіргі таңда, шамамен 108 білім беру мекемелері бұл сайтпен жұмыс жасайды. Мобильді iOS пен Android-қа арналған нұсқалары бар. 

Сайт: https://www.coursera.org/

2. HIGHBROW. Ағылшын тілінен аударғанда, бұл сөз зияткер деген мағына береді. Осы сайтқа тіркелгеннен бастап, ұзақтығы әдетте 10 күнге созылатын поштаңызға таңертен келіп тұратын ТЕГІН қызметке жазылу. Бұл курс әдебиет, мәдениет, тарих, психология және т.б. пәндер бойынша біліміңізді толықтыруға жағдай жасады. Әттегені, барлығы ағылшын тілінде. Бірақ, ағылшын тілін үйреніп жүрсеңіз, өте қызықты ақпарат алуға болады. Бір курстан артық жазылуға болмайды. Бұл авторлардың айтуынша, миыңызды шаршатпай, сапалы ақпарды есте сақтау үшін жасалған. Мысалы, мен 10 күн ішінде "Әлемнің ең үздік картиналары" атты курсты тәмамдадым. Ян Вай Эйктің "Арнольфинилер портретін" және Ван Гогтың "Жұлдызды түнін" немесе Густав Климттің "Сүйіс/ғашықтар" картиналары туралы қызықты ақпарат алдым.

Сайт: https://gohighbrow.com/

3. TEDx (ағылш. Technology Entertainment Design; Технология, Ойын-сауық, Дизайн)- бірегей идеяларды таратуды мақсат тұтқан, жыл сайын конференциялар ұйымдастырумен айналысатын халықаралық коммерциялық емес қор.

TED конференциясы жыл сайын екі рет: АҚШ-тың Лонг Бич/Палм Спрингс жерінде және Шотландия астанасы Эдинбург қаласында болады. Аталған конференцияларда әлемнің үздік ойшылдары бір ортаға тоғысып, өздерінің ең маңызды ойлары мен әлемдегі көкейкесті мәселелерін айтады (18 минут бойы).

TED конференциясының әр дәрісі TED Talk деп аталады. Дәріскерлердің үздік орындауларының видеосы www.ted.com сайтында жарияланады. Қазіргі кезде сайт дәрістерді ағылшын және басқа да шетел тілдерінде субтитрмен 1400-ден астам видео қоры жиналған және ол апта сайын толықтырылып отырылады.

Сайт: https://www.ted.com/talks

 

4. DUOLINGO. Бұл сайт шет тілін үйренемін деушілерге таптырмас құрал. Сабақтар ойын элементтерінен құралған. Оқисыз, тыңдайсыз, жазасыз. Өкінішке орай, тек ағылшын және неміс тілдерін үйретеді. Өзіңізге қажетті, әрі ыңғайлы оқу қарқынын таңдап алып, тіл үйренуді бастауға болады. Ешқандай жарнамасыз, қосымша ақысыз, толықтай тегін сайт. Оқу деңгейіңізді жіті қадағалайтын Дуо есімді бапкер-үкіңіз болады. iOS, Android, Windows Phone мобильді нұсқалары бар.

Сайт: https://www.duolingo.com/

 

5. PINTEREST. Блог жазғанда, шығармашылық жұмыс істегенде музаңызды жоғалтсаңыз, осы бір сайттан табатыныңызға сенімдімін. Әлеуметтік интернет қызмет- фотохостинг арқылы суреттерді жүктеп, басқа қолданушылардың суреттерін тамашалай аласыз. Суреттер "түйме" (ағылш. pin), ал суреттер топтамасы "тақта" (ағылш.boards) деп аталады. Сәнді киіну мен сурет салу, суретке түсірудің қыр сырларын осы сайттан үйреніп, білуге болады. 

Сайт: https://www.pinterest.com/

Не себепті екенін білмеймін, 2 апта болды, Tor Browser-інен басқа браузерлер Тамблр мен осы сайтты ашпайды. Әйтсе де, тізімге қосуды жөн деп шештім.

Уақытымызды тиімді өткізейік ;)

Құрметпен, Miss Zee



Бөлісу: