Қабырғадан түскен адам
блог
Рози қарындаштарын шашып тастап , алдындағы ақ парақтарға суреттерін сала кетті . Қызылды -жасылды бояумен барлық парақты бүлдіріп тынды. Таза парақ қалмағанын түсінген Рози аппақ болып тұрған қабырғаға көзі түсті. Ол жерді бүлдіруге болмайтынын түсінгенімен , ішіндегі балалық шабыты оны қабырғаға сурет салуға итермелеу үстінде. Қызығушылығы жеңіп кетіп Рози еш алаңдамастан бар ынтызарымен өз туындысын сала кетті. Дөңгелетіп адамның басына ұқсас мүсінді салды, кейін нүктелеп көздерін бейнеледі. Артына қиғаштап сызу арқылы ернін алды. Дене бітімі мен аяқ- қолдары бір сызықтан тұратын жаңа бейне пайда болды. Бұл сурет Розиға қатты ұнады , оны жалғызсыратпайын деп қасына тағы да сондай, тек сәл кішілеуін салды. Екі туындыға ұзақ қарады , өз талантына өзі сүйсініп тұрған секілді. Осы кезде Розидың ағасы жанына жүгіріп келді.
Амир:
-Неменеге тынышталып қалдың , бірдеңені бүлдідің бе?- деп , сұрап жатқаны сол еді ,екі көзі қабырғадағы суретке түсті. –Есің дұрыс па? Мынау не бүлдіргенің, қазір анам келсе екеумізге де ұрсып береді. Дереу жой.
Қатты дауыстан шошыған Рози жылап жіберді:
-Менің суретіме тиіспе ,- деп жылау үстінде. Не істерін білмеген Амир оған бұның дұрыс еместігін түсіндіріп дал болды. Осы кезде есік қоңырауы соғылды. Шамасы аналары жұмыстан оралған болу керек. Шарасыз Амир орындықты сүйреп әкеліп , суретті жаба салды. Розиға қарап:
-Сурет туралы ештеңе де анама айтушы болма , әйтпесе ол суретті өшіреді бізге де ұрсып береді. Ұқтың ба?- деді. Көзі жасаурап Рози орнына жайғаса кетті. Анасы үйге кіргенде ештеңе байқамады . Барлығы ұйқыға кеткен уақыт. Тек Рози ұйықтай алар емес , кенет қонақ бөлмеден түсініксіз дыбыстар шыға бастады. Теледидар қосулы қалған шығар деп қуанып Рози төменге ақырындап түсе бастады. Қонақ бөлмеге кірсе теледидар сөнулі тұр. Бірақ біреудің күбір-күбір дауысы анық естіліп тұр. Дауысқа қарай адымдап барса , қабырғаның жанындағы орындықта Розидің өз қолымен салған екі бейнесі бір бірімен жанжалдасып жатыр. Дауыстары сондай ащы. Рози шошып кетіп айғайлап жіберді. Әлгі екеуі Розиды байқап :
-Әй мынау сенғой , бізді орындықтың артына қамап қойған сенің кесіріңнен аяғымды ауыртып алдым ,- деп баж ете түсті. Екіншісі де оған қосылып:
-Ал мен... мен , құлап түс-түстім,себебі бір аяғым қысқа ,- деп сақауланып тіл қатты. Бірақ дауыстары ашулы , Розиге қабақтарын шыта қарап тұр.
-Көрсетеміз біз саған , қамағанды ,- деп екеуі шыр айнала бояулармен үйдің ақ қабырғаларының бәрін түрлі түспен бояп тастады. Бөлменің сау тамтығы қалмады. Рози жылап жіберді. Бірақ оның жылағанына ешкім мән беріп тұрған жоқ. Қалауларын істеп , бөлмені бүлдірген соң Розиге қарай жақындай түсті. Розидің де бетін боямақ болып қарындаштарын жақындатып келе жатқаны сол еді , Рози ұйқысынан атып тұрды. Түсі екен. Қорыққанынан ол жүгіріп анасының бөлмесіне барып барлық оқиғаны айтып берді.Анасы күліп:
-Қызым-ау , бұл жәй түс қой , ал қателігіңді мойындағаның үлкен ерлік. Сенің ішіңдегі кінәні сезген жас жүрегің шыдай алмаған ғой. Өзіңді кінәлі сезінгенің үшін осындай түс көрдің. Ал қазір біз барып ол суретті өшіреміз. Содан соң сені ондай түстер мазаламайды. Бірақ есіңде болсын, ешқашан олай қателік жасап оны жасырып қалма. Мойындай біл , сонда жүрегің таза әрі ашық болады ,- деп Розидің жасаурап тұрған бетінен сүйіп алды.