Жыр алыбы Жамбыл
блог
Жамбыл — ғасырлық ғұмырымызда арыны басылмаған алып жыршы, шұрайлы жырдан өшпес мұра қалдырған дүлдүл ақын. Жамбыл Жабаев өзінің ғасырға жуық ғұмырында тау мен даланы жырлады. Поэзия əлеміндегі туған халқының мақтанышы, əлемдік деңгейдегі жыр алыбына айналды. Оның ақыл-ойға, парасатқа, терең тарихқа, мөлдір сырға, нəзік сезімге, бай образға толы поэзиясы өлеңге құштар, өнерсүйер əрбір жанды сүйсінтті. Жамбыл бабамыз — есімі қазақ əдебиетінде алтын əріптермен қалған ғажайып құбылыс! Алып та биік, айдынды да айбынды жыр жампозы!
Ақиық ақынның жыры да, сыры да мəңгілік тақырыпты қозғайды. Яғни, тіршілік жəне адамтану жөнінде. Жыр дүлділі Жамбыл Жабаев есімінің бүкіл жер шарын шарлаған кезі — жиырмасыншы ғасырдың отызыншы жылдарының ортасы.
Жамбыл жүз жасаған адам, соның 85 жылы ақындықпен өтті. Ол əлеуметтік жəне жеке өміріндегі сөзінің көбін өлеңмен сөйлеген кісі», — деп толғанған екен кезінде даңқты жазушы Сəбит Мұқанов.
Бұл сөздер – ақын өмірі мен шығармашылығына, оның ғасыр жасаған, ерлікке толы поэзиясына берілген əділ баға, біздер үшін мəн-мағынасын ешқашан жоймайтын құнды деректер. Бұл мəліметтер Жамбыл бабамыздың кейінгі ұрпақ үшін тек танымдық дүние, аңсап, сусап оқитын, тəлімдік, тəрбиелік мəні зор өнегесі, біздерге қалдырған өлшеусіз ғибраты. Ұрпақтары барда ұлы ақын жыры ғасырдан ғасырға жасай береді.
Жамбыл - әрі эпик, әрі айтыс ақыны; абыз жырау әрі жауынгер жыршы. Ол шын мағынасындағы биік парасатты өнерпаз, азаматтық саяси поэзияны қалыптастырушы. Жамбылдың ұлылығы оның тек ақындық шеберлігімен ғана емес, сонымен бірге халық поэзиясының бұтақ жайған жаңа бір бәйтерегі болуымен, басқаша айтқанда , халық ақындарының жасампаздық рухтағы жаңа ұлы көшін бастаған даралығымен де өлшенеді. Оның сөздері ұранға айналып, өзі халық поэзиясының атасы аталды.
«Жамбыл жырлары теңіз түбінде шашылып жатқан маржан секілді. Оны жинап алып халқының қолына беру – біздің әрқайсымыздың азаматтық борышымыз» - деген еді Сәкен Сейфуллин. Жамбыл - жырдың толассыз бұлағы, өшпес өнегесі, тозбайтын асылы. Ол жасампаз ұрпақпен сырласындай, қимасындай мәңгі бірге жасай береді.
Халқымыздың рухани тұғырына айналған Жамбыл Жабаев халықтың мұңын мұңдап, жоғын жоқтады, елдің еңсесі биік болса деген асыл мұратын жырларына арқау етті.Ұлы Жамбылдың биылғы 175 жылдық мерейтойы рухани игіліктің нағыз көрінісі. Сонымен қатар, Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев ұлы Жамбылға «адалдық пен адамгершіліктің, әділеттілік пен ізгіліктің алып жыршысы» деген тарихи бағасын берді