Жылыма осылай есеп бергім келгені

Жылыма осылай есеп бергім келгені
жеке
блог

             Қарап тұрсам, өткен жылға бірі суреттермен, енді бірі жеткен жетістіктерімен, өзгесі жазбасымен есеп беріп жатыр. Әлбетте, өзім үшін өзіме есеп берудемін. Біршама уақытқа кетіп барамын. Бір жазба қалдыру, яғни, мен де есеп жазуым керек сияқты көрінді. Жыл соңындағы Массагетке емтихан сынды есеп...)) Мен есебімді әр ұйқастарымнан алынған, бір жылымды  суреттеп айтар төрт жолдармен жеткізгім келгені... Айып етпессіздер... Рахмет, бар болғандарыңызға, Массагетім және Массагеттіктерім!

 

Оралмастың оранып орамалын,

Кім білген анамның да жоғаларын.

Менің сол бір кіршіксіз бау-бақшамның,

Бір-ақ сәтте ғайып болып, тоналарын.

***

Бәрі әрқашан дұрыс бола бермейді,

Көреген көз кейде дым да көрмейді.

Қанша жерден бәрін біліп тұрса да,

Құрығыр тілім кейде дым  да демейді.

***

Неше арманға жетті дейсің жалғанда адам,

Бірі өлсе, енді бірін құрап алған.

Менде де бір арман бар ерте үзіліп,

Үмітпен де, күтумен де жалғанбаған.

***

Күлдіремін деп, бүлдіріп алдым,

Жұбатамын деп, жылатып алдым.

Сүйеймін деп, күйретіп алдым,

Жаралы жанымды сүйретіп қалдым.

***

Қылған бір құлшылық жоқ Жаратқанға,

Қандай үміт артамын атқан таңға?!

Көзім ашық, көкірек маубас күйде,

Мың бақытты көрмейтін жатқан маңда...

***

Мұжылған мұжық көңілім,

Мүсіркеп ешкім қарамас.

Кезінде жылап көріскен,

Хал сұрауға жарамас.

***

Мұңдар өріп бұрымын,

Қайғы салды құрығын.

Шаттық қашып шалғайға,

«Бақыт» тұр қимай бір ұлын.

***

Сасық ауа, сұр аспан,

Күндерге күн жалғасқан.

Жалықтырды Алматы,

Менімен бір мұңдасқан.

***

“Күлме” дейді,

Ал, онда мен жылайын.

“Жүрме” дейді,

Қара, онда мен құлайын.

“Білме» дейді,

Кім екенін «адам» деген.

“Сенбе” дейді,

Ақтамас үмітіңді ол да ылайым.

***

Екі рет келе алмайсың, келмейсің де.

Кей адамды қайтадан  көрмейсің де.

Сол себепті уақытты құр жібермей,

Сүйе біл, сүйдіре біл, кейде сен де.

***

Менмұндалап алыстан шақырады,

Шақырады арманның атырабы.

Ойым басқа, жүрегім тым бөтен-ақ,

Ал, көңілде сағыныштың соқыр әні.

***

...қазіргі өмір, қазіргі көңіл, қазіргі бір сәт қуаныш.

Бола алмайды екен жабырқау жанға жұбаныш.

 Арманым арман күйінде қала береді,

Ей, қиял, мені көкжиегіңе алып ұш...

***

Мәрт кеуде, көкке ұмтылған тесік танау,

Мақсаты өзгені алдап, барын қанау.

Шымшып алып көңілін, мұжып жанын.

Осынау болмашы ісін ерлік санау.

***

Барында білмей бағасын,

Қай жанның қамын бағасың?

Білмесең құнын бақыттың,

Бақытты қалай табасың?!

***

Әрқашан да болады соңғы үміт,

Арманды жалғайтын арманға.

Үмітті өлтірер тек күдік,

Жұп болып жаралған олар да.

***

...ей,мардымсыз істерім-ай!!!

Не өсіп, өнбейсіңдер...

Не өшіп, өлмейсіңдер...

Ақылдың да жетегіне ермейсіңдер...

Сабыр-дағы шақырса келмейсіңдер...

 Маған енді айтыңдаршы...

...не дейсіңдер?!

***

... «Үп» еткен үміт үкілеп үнсіз арманды,

сөнуге жақын өмірге өмір жалғады.

Жаралмас текке, себепсіз болмас еш нарсе,

әрбір адамнан әлдебір белгі қалады...

***

...Жаңғырық өліп ішімде,

Қалмады жігер-күшім де...

Бірақ та сүру керекпін,

 Өмірді...

... сәтсіздік суын ішіп те...

***

...Жетектеген соқыр ата жетегінде,

Сен кеткендей, адамдар, кетем мен де.

Таң азаңмен оянсам, шүкір Алла!

Оянбасам, "тоқаш" жеуге келгін, сен де... деп... сосын...

***

...Бұл күнді мен де күткем ұзақ... көптен,

Оралмас сәттер... болған да өткен.

Болғанмын. Бармын. Ертең... білмеймін,

Екі рет «бүгін» болмайды, әттең... 

 ...деп тағы бір жылымды аяқтаймын... Бар болғаны осы. Сөкпессіздер...

Н.ғ.: "...ертең бүгін кеше болатыны" рас екенін естен шығармалық... Аман болыңыздар, Бауырлар! Қол алысып, кейбіріңізді құшақтап, тіпті алма беттеріңізден сүйдім делік (рұқсат болса)...))