Жылауға рұқсат па?
блог
Ассаламуалейкум ардақты бауырлар!
Тақырып неге олай деп отырған шығарсыздар. Мен негізі жылауық қыз едім. Ағымдағы жыл басталғалы бері жылай алмайтын болыппын. Неге екенін білмеймін... Тас жүрек болып кеткен шығармын...
Кеудеме өксік тіреліп, жанарыма жас келеді де, сол жерден тоқтап қалады...
Жыламаған соң да адамға ауыр тиеді екен. Кейде жылаймын, бірақ соңына дейін емес, бәрі жасанды сияқты. Күнде кешкісін көзіме сүрме жаққанда көзімді ашытып, жылаймын, бірақ ол басқаша жылау ғой. Ол сүрме өзі жас шығарады. Шын жүректен, ағыл-тегіл жылағым келіп жүр... Өйткені қыстырылып, кеудемде қалып кеткен жастар жаныштап бітті...
Не үшін жылағың келеді дейсіз ғой... Айта берсең, тізбелесең себебі толып жатыр, оданда себепсіз дей салған жақсы.
Бір жақсы жанның қиналғанын көріп жылағым келді бүгін. Ол адам мен үшін соңғы кездері адамдықтың үлгісі сияқты көрінуші еді. Әлі де солай. Бірақ, соңғы күндері мазасы болмай жүр. Көріп, сезіп, тіпті біліп жүрмін. Бірақ қолымнан келер қайран жоқ. Тіпті қиналдыңыз-ау да дей алмаймын... Жылағым келеді...
Бір жақсы құрбының жасанды қылықтарын көріп, жылағым келеді.
Келесі бір құрбыны байқамай немесе оспадар, аңғал қылығымның кесірінен ренжітіп алған сияқтымын... Жылағым келеді...
Бір жақсы қыздың тәкаппарлығын көремін. Өспеген түсінігін көремін... Жылағым келеді...
Көркем мінезден ада өзімді көремін... Ауру жүрегімді көремін... Алыстағы анам мен ағамды сағынамын... Құстай ұшқым келеді... Сабақты тастап барып келе салар едім-ау, жұмыс ше? Жауапкершілік ше? Жылағым келеді...
Мен барша адамзатты жақсы көремін!
Иә, менің қателігім көп. Балалығым басылмаған, шалалығым да көп. Нәзіктіктен гөрі эмоциясын жасыра алмайтын еркекмінезділігім де бар...
Соған қарамастан сіздердің барлығыңызды жақсы көремін. Сіздердің бойыңыздағы көңіл қалдырар қасиет пен сіздерге келген қайғы да менің жүрегімді жылатады...
Бұрын жақсы еді, сәл бірдеңе болса өкіріп жылап алатын едім 2 сағат, қазір өте қиын...
Тағы да жылағым келіп отыр...