Жылан мен әйел

  Ерте заманда бір кісі өткен екен. Ол байғұстың әйелі  адуынды, нашарлау болған көрінеді. Әйелінен қалай құтылудың жолын білмей жүріп, бір күні әйеліне мынадай ой салыпты: «Жарқыным, пәлен деген жерде, түген деген құдықтың ішінде алтын деген есепсіз таратылып жатыр екен. Жүрсеңші біз де өз үлесімізден алып қалайық» депті.  Мұндайды күтпеген әйелі күйеуін сол мезетте-ақ әлгі құдыққа ертіп алып баруын талап етеді. Содан әлгі құдыққа келіп күйеуі:

- Ал, енді осы құдықтың ішіне түсіп көр, барлығы осында. Адамдардың барлығы осының астында жүр. Сен де өз үлесіңді алып шық, мен осында бақылап тұрамын,- дейді. Әйелі ойланбастан құдыққа секіріп кетеді. Сонда күйеуі «құтылдым, алақай» деп өзінің тапқырлығына мәз болып, құдықтың бетін мықтап жауып кетіп қалады.

Содан не керек, арада екі жылдай уақыт та өте шығады. Әлгі еркек, әйелін уайымдайды. «Апыр-ай, тірі ма екен» деп ойланып жүріп, баяғы өзі бетін жауып кеткен құдыққа келеді қайта. Жайлап көрейінші деп құдықтың бетін ашып қалса, үлкен алып жылан атып шығыпты да:

- Е, ана әйелің миымды жеп қойды ғой. Екі жылдан бері өлген жерім осы шығар деп жатыр едім, сен келіп құтқарып қалдың, саған рахмет. Бір тілек айт орындаймын, тек бір ғана тілегіңді орындаймын,- дейді.  Әлгі еркек сол замандағы патшаның қызын алып беруін өтінеді жыланнан. Жылан: - Жақсы, мен барып патшаның қызының мойнына асылып қаламын. Сосын патша халыққа  «кімде-кім қызымның мойнындағы жыланды шешсе соған қызымды беремін» деп айтқанша тапжылмай үйіңде күт, келме дейді. Жігіт пен жылан келісіп алады. Бір күні патшаның жарғысы шыққан соң жігіт барып, жыланды өз қолымен босатып, ханның қызына ие болыпты.

  Күндер өте жылан басқа бір патшаның қызының мойнына оралып қалыпты. Ел арасында әлгі еркектің аты шығып қалған ғой. Хан қызын жыланнан құтқарып қалған, сондықтанда сол жігітті ертіп алып келіңдер деп бұйырады хан. Әлгі кісі қатты сасады сонда, жыланмен келісейін десе жылан жігіттің тілегін орындап қойған, ендігі тілекті айта алмайды. Хан егер жыланды босатпасаң өлтіремін дейді. Не істерін білмей ханның алдында терлеп-тепшіп тұрғанда, ханның бір уәзірі тұрып : - Мына жігіттің құдықтың астында қалып кеткен әйелі құдықтан шығыпты, енді осында келе жатыр екен дейді. Сонда қыздың мойнына оралып тұрған алып жылан мұны есіте сап: - Мені көрмедім деп айтыңдар, мені ешқайсыларың танымайсыңдар, мені көрген жоқсыңдар,- деп қыздың мойнынан шешіле салып қашып бара жатқан көрінеді әлгі адуынды жылан.



Бөлісу: