Жыламашы...жұбата алам ба сені...

Жыламашы...жұбата алам ба сені...
жеке
блог

                  Жаурадың ба? Шыныңды айтшы, жаурадың ба? Мына суық сай-сүйегіңнен өтіп бара ма? Білемін, жаурадың, тоңдың. Кешірші? Қайтсем екен... Қатты-қатты құшағыма алып, деміммен жылытсам ба екен? Құшағыма сыймайсың-ау, әттең. Мұншама кішкентай болғаныма ренжімеші? Әлде, үлкенірек бірнәрсе жауып қояйын ба? Түу, саған қарап мен жаурап барамын. Қанша тоңып тұрсаң да, сыр бермейсің. Табиғатыңнан болар. Табиғат сені соған үйреткен, сірә. Ал, меніңше сен бәрібір жаурап тұрсың. Қап, мына қардың ерте жауғанын қарашы... 

                 Жыламашы, өтінемін, тек сен жыламашы? Жылауыңды тоқтатпасаң, мен де қосыламын қазір. Сен маған емес, мен саған жылап, сыр айтушы едім ғой. "Арқа сүйеп жүргенің жыласа, расында, жағдайдың қиын болып тұрғаны" дегенді оқыған едім. Сен жылап тұрсаң... Әлде, сен мен үшін жылап тұрмысың? Олай болса, жыламашы? Менің жағдайым алдындағынан әлдеқайда жақсы! Аяғымнан тік тұрып келемін. Рас, менің халім жақсы. Бірақ сенің мына халіңді көріп, біртүрлі... Жыламашы енді... Қардың да ерте жауғанында бір жақсылық бар ғой. Әлде ескі досың қарды көріп, қуанғаннан жылап тұрмысың? Онда орынды екен. Достың аты дос қой. Адал болса, керек кезде табыла кетсе, тіпті керемет.

                   Білесің ғой, ертең таң атады! Күн шығады! Ол сені жылытады! Күнің сені күзіңнің соңына дейін аман жеткізіп, келер көктемге дейін ұзақ ұйқыға жібереді. Мен сыйлай алмағанды, Күн сыйлайды. Қар досыңмен қысты аман өткізіп, көктемге де жетесің. Ал, менің көктемге жетер-жетпесім беймәлім ғой. Саған әлі мендейдің талайы келеді.  Талайы жұбатады, жылатады...тіпті кейбірі құлатады да...  Ренжімеші оларға...маған да...жарай ма? Бәрі жақсы болады. Сен тек ертеңге дейін шыдашы, жарай ма, менің аппақ Қайыңым...

 

                 ПыСы: адамнан өзгенің бәріне сыр шерте алатыным кейде жанға батады. жындымын ба? жоқ. жаһанда жалғызбын ба? жоқ. аурумын ба? жоқ. жоқ. жоқ....енді не сонда?