Жүзім*


Көзіңе көзім еріксіз түсті,
Мойылдай емес, қара жүзімдей.
Қараның күші недеген күшті,
Назарым менің барады үзілмей.

Құлаққа таққан асыл сырғаң да,
Салады есіме жүзімнің көгін.
Жол емес, бізді табыстырған да
Қызыл жүзімдей қызыл гүл өңің.

Тілің де тәтті, сөздерің бал ма ед(і)?
Жүзімнен алған шараптай.
Емделмес, сіра, мендегі жан дерт,
Күнімнің сен деп таңы атпай.

Жүзімді айта беріпсің ғой деп,
Жүзімге ғашық деме сен.
Мазаламай ма күдікшіл ой кеп,
Өзгеге өзіңді теңесем.

Ғашықтың болмас ісінде тыным,
Ғашық болмаса тең бе адам?
Жүзіңді еске түсіретұғын,
Жүзім сыйлашы сен маған.



Бөлісу: