"Жүз қатыны қыпшақтың ұл тапса да..."

"Жүз қатыны қыпшақтың ұл тапса да..."
жеке
блог

«Алтынның қолда барда қадірі жоқ» деп жатамыз ғой. Ауылда жүргенде онша мән бермедім. «Еее, шаштылардың атасы ғой», - деп қоя салатынбыз мұрнымызды тыржитып. Жастығымнан шығар, сана-сезіміміз дамымағандықтан, таным-түйсігіміз тар еді ол кезде. «Жұрттың Ыбырайы Ыбырай, біздің Ыбырай сұмырай» демеймін, әйтсе де анау Абайды, Махамбетті, Сұлтанмахмұтты оқығанда оларға тіл тигізбек түгілі әңгіме айта алмайсың. Тіпті көзі тірі Шахановты да кітаптан көргендіктен  аңыз адамға баладық. Кітапқа енген тұлғаның бәрін о дүниелік жандар деп түсінетін кез ғой ол шақ.

Әңгіме Иманжүсіп Құтпанұлы жайында. Үйіңнен ұзап кеткен соң, өз еліңнің қасиетін ұға бастайды екенсің. Осы атамыз Иманжүсіп жайында Алматыда жүріп бірнәрсе естісек, ішіміз қылып ете қалатын. Олай демегенде ше, ауылда кішкентайымыздан естіп өскен есім ғой. Шаштылардың атасы дегенннен шығады, ауылда көше атауын бергенде Иманжүсіп атамыздың біраз ұрпағы бір серпіліп қалған еді.

 “Жүз қатыны қыпшақтың ұл тапса да, бәрібір бола алмайды Иманжүсіп” дейтін Иманжүсіп деген кісі кім болған?  Ол қазақтың батыр ұлы, сал-серілік құрып, саятшылық жасаған, балуан, қамшыгер, әрі ақын,әнші, композитор болған. «Қарсы келген дұшпанның талайларын, бақыртып сабаушы едім лағындайын» деп, елінің азаттығы үшін күрескен ер. Қуғын сүргінді де көп көрген. «Түрменің қара наны балдай болған» деп жырлайды өмірінің кейбір бұралаң тұстарын.

Иманжүсіп Құтпанұлы 1863 жылы Павлодар облысы, Ақсу ауданында дүниеге келген. Мен өз блогымда бүгін оның өмірбаянына тоқталып жатпаймын. Оны гугл ағайларыңнан біле жатарсыңдар. Арқадағы Иманжүсіптің Сыр еліне қандай қатысы бар деп отырған боларсыңдар.  Иманжүсіптің әкесі Құтпан емес шын мәнінде Баймырза деген кісі болған. Ал сонда Құтпан деген кім? Әңгіменің тігісін жіберейік. 

 Тарихты әріден бастасақ, Кіші жүзде Хиуа басқыншыларына қарсы күреске Жанқожа батыр шықса,  Орта жүзде Тұрғанбай датқа көтерлісшілердің басшысы болған. Алғаш сондай көтерілістің бірінде 1931 жылы бейғам жатқан елге тағы да қоқандықтар батырдың ауылын шауып, халықты қырғынға ұшыратады. Сол шапқыншылық кезінде Тұрғанбай датқаның әйелі Мәлбике үш жасар ұлы Баймырза мен бес жасар қайнысын алапат арпалыстың ішінен аман алып шығып, аман-есен қашып құтылады. Бетбақ даламен беті ауған жаққа жан сауғалап келе жатып әбден қалжырайды. Бойынан дәрмен кетіп, екі баланы ары қарай сүйреуге шамасы келмейтінін сезіп, ауылдың іргесіне жеткенше біреуін қалдыра кетуге мәжбүр болады. Таңдау жасау қиын ғой. Бірақ қайсысын қалдырмақ керек? Өзегін жарып шыққан өз баласын ба, әлде әлде қайнысын ба? Ертең ел не дейді? Осындай қиын шешімге келу үшін аналық сезімін даналыққа жеңгізіп бір төбенің басына, қолдан үйіп жасалған қоршау ішіне жан-жағын қымтап отырғызып өзінің баласын қалдырып, көз жасын сығып-сығып қайнысын көтеріп ілгері жүреді.

Әбден қалжыраған ана ауылдың шетіне келіп жығылып болған жайды айтып үлгеріп, талықсып кетеді. Ауыл адамдары нұсқаған жерден орын тапқанмен, баланың өзін таппай құр қайтады.

       Алайда нәрестенің көрер жарығы бар екен. Ораулы жатқан сәбиді жолда керуеншілер тауып алып, ауылдарына апарып, ауыл ақсақалдарының шешімімен балаға зар болып жүрген Дайрабай деген күрлеуіт қыпшақтың бауырына салады. Отбасына құт әкелсін деген ниетпен есімін Құтпан қойыпты.

Бүгінде текті әулеттің ұрпағы Қарағанды, Павлодар, Алматы және Қызылорда облыстарынада тұрып жатыр.  


 

 Суреттер: yvizion.kz, k.k.wikipedia.org