11 жыл мектепте оқып жүріп, 4 пен 5 дейтін бағаларды ғана біліп, күнделікке бұлардан басқасын жолатпайтынбыз. Жолатпауға тырысатынбыз ...
Ол дәурендер өтті де кетті... Университет табалдырығын аттағалы жүрген біздер "Өй, универ дегееенн... рахааат, мектептегідей еме-ееес , апайлар ұрыспайды, еркіндік, опшым басқа әлем" - дейтін, "Мектепті сағынасыңдар әлі-ақ, қадірлемей жүрсіңдер ғой, кейін көресіңдер университетке барғанда нағыз оқудың қандай болатынын" - деген сияқты түрлі-түрлі әңгімені естігенбіз. ҰБТ-ны шешуші, "қорқынышты", "өмірлік" сынақ санап жүрген біздер алда 4 жылда 8 рет тапсырылатын емтихандардың бізді "құшақ жая" қарсы аларын білмесек керек.
Студент атандық. Қиналыңқырадық. Жасырмаймыз. "Лекция", "семинар", "СӨЖ","СОӨЖ", "рубежка", "емтихан" дейтін бастапқыда мүлде жат көрінген сөздер лексиконымызға енді. Мектептегідей еркелігіңді көтерер ешкім жоқ. "Апай, сіздің ғана сабақ 4 болайын деп тұр, қойыңызшы бестікті, уәде беремін, келесі тоқсан таза әтлишнік боламын" - деп бірнеше мұғалімге аянышты көзіңмен қарап, өкініп (өкінгендей болып), өтінгенің "өтпейтінін" ұққандаймыз. "Өткен сабақта айтқанмын, бүгін айтпай-ақ қояйыншы"- деп қиылатын қайран кездер-ай дестік. Тіпті, бастапқыда семинарды күнде айту міндетті екенін ұқпадық па, үйренісе алмадық па талай "қымбат" балдан айырылыппыз. Қысқасы, сол кездері мектептен "құтылсақ" та нағыз инемен құдық қазар жерге тап болғанымызды аңғардық. Онысына қуандық, әрине....
Бүгінгі жазарым сол ЖОО-дағы бағалау жүйесі турасында болмақ. Қара шаңырақ студенті атанғаныма 3 жыл болды. Сол 3 жылда бағалау жүйесі тұп-тура 3 рет ауысыпты.
1- курс.
Кредиттік жүйе бойынша бағалау : 30 балл (1-рубежка)+ 30 балл (2-рубежка) + 40(емтихан)= 100
Семинар сабақтарынан 2,3 балл алғанда "ыңғайсыз", үйреншікті емес болғаны белгілі (мектепте екілік алып көрмеген біздер үшін).
Артықшылығы: 1.Алғашында үйренісе алмағанымызбен, бағалау жүйесіне тез үйренісіп, күнделікті семинар балы, СӨЖ балдарын алып, жоғары нәтижеге ұмтылып жүрдік
2. Емтиханды "керемет" жазып шыққан студентке 40 балл қойылып, емтиханда алған балл арқылы рубежкадағы "кемшілікті" жою мүмкіндігі жоғары
3. Бағалау жүйесі өте қарапайым, түсінікті.
Кемшіліктері: кемшілік байқалған жоқ.
2-курс.
Бағалаудың жаңа жүйесі енгізілгені белгілі болғанда бастапқысына үйренісіп қалған біздер біраз алаңдадық. Бұдан былай 30 балдың орнына әр рубежкада 100 балл алу керек болдық.
Кемшіліктері (осы тұстары "алаңдатқан" болып тұр ғой, бірінші жаздым)
1. Мұғалімдерге силлабустарын (сабақ жоспары) қайта өзгертуге тура келді.
2. Алғаш енгізілген кезде мұғалімдер мен студенттер арасында түсініспеушіліктер жиі болды ("Апай, қалған 15 балды қайдан аламыз?" "100 балды ешкім алмайды, 100% білетіндерің жоқ, даже мен де білмеймін(30 балл кезінде оп-оңай максимум балл алатынбыз,айтпақшы)")
3. Емтиханнан 100 (40 болған) балл алу керек. "ЖҮЗ" дейтін тым көп саналды ма, әйтеуір көп мұғалім емтиханда максималды балл қоюға "жүрексінді". Кейде бір-екі балдың да "тағдыр" шешері белгілі...
4. Рубежкадан алынған бал, емтихан балы да 100 болғанымен , бәрібір жанында 100х0.3= 30
100х0.4=40 деген сияқты есептелініп тұрды. Яғни, нәтижесінде бәрібір бұрынғы жүйедегідей қорытындылады.
Сұрақ: Жүйенің ауысқанынан не өзгерді? "Для птички" жасалатын жұмыстар қатарынан ба?!
Артықшылығы: онысын байқауға уақыт болған жоқ....
3 - курс
Осы жылы ҚазҰУ-лықтардың біразын "шулатқан" MIDTERM енді. Оның ең оңай тұжырымы - емтихандағы алатын балдың 1/4 алу үшін сегізінші аптада тапсырылатын "емтихантиптес" сынақ (қиындатып жіберген сияқтымын) . Қысқасы, емтихандағы 100 балдың 25 балы.
Шынын айтқанда осы MIDTERM - ді әлі де түсінбеген, түсіне алмай жүргендер бар. Мен бұған қарсы емеспін, алайда төмендегі кемшіліктер....
Кемшіліктері: 1. Өтілетін уақытын нақтыламаған. "Арнайы кестесі болады, лекция, семинардан бөлек өтеді" - деп сендірген. Алайда, дайындықсыз барып, "кенеттен" лекцияда тапсырылған алғашқы екі MIDTERM- жүйеге енген өзгерісті пысықтау қажеттілігін көрсеткендей
2. Қағазбастылық тым көбейіп кеткенін жиі айтатын мұғалімдер.... Қиналыңқырап қалды
3. "Рубежка" болмайтын болды, оған жоспарланған балдарды қайда кірістірерін білмей мұғалімдеер әлек, оны уайымдап біз әлекпіз
4. Біз, студенттер , жалқау халықпыз ))))
Артықшылықтары: 1. Рубежка Б-О-Л-М-А-Й-Д-Ы ! Алақай !
2. Емтиханда қобалжып, керемет оқыса да біліп тұрғанын ұмытып, "жазуға шіли жоқ" студенттерге 10 % жеңілдік іспеттес. (Оны өз пайдасына қолдана алса, әрине)
Осыла-а-ааа-ай. Жалпы, "түймедейді түйедей қылып" отырған да шығармын, анам айтпақшы, жоқ , әлде өзгерісерден шаршадық па екен, әйтеуір жаңарған жүйеге қуанып жүрген студенттерді байқай қоймадым. Мұғалімдердің де жұмыcтары еселенгені анық...Қалай болған күнде де оқудан, білуден, ізденуден жалықпауымыз керек. Ол анық...
Жазып, жеңілдеп қалғандаймын. Тақырыпты қызбаға салынып жазып тастаппын, байқасам. Бірақ,осы соңғы екі күнде мидтерм, семинар, СРС-ы бәрі бір аптада болып жүйке жұқарғаны рас. "Бәленің " бәрі анама қоңырау шалып, "әділетсіздікті" айтып шағымданып, ашуымды жеткізе алмай, осында жазайын деген шешімнен басталып кетіпті....
Ертең де екі мидтерм, бір семинар, бір СРС...
СҰРАҚ: Оларға кім дайындалады, шырақ? Массагетте жазба жазе-еп отырғаныңа жол болсын ?!
......
Ал, достар, мені "Бірқалыпты түзу сызықты әдіс пен кумулятивтік әдіс арқылы анықталатын амортизацияны есептеу" күтіп тұр. Сәттілік !!!
Суреттер Вк әлеуметтік желісіндегі KazNUstories парақшасынан алынды.