«Жұрттың баласы»

«Жұрттың баласы»
жеке
блог

Ақпан айының 24-25 күндері Алматы қаласында «Жұрттың баласы» тақырыбында бала тәрбиесіне қатысты тренинг өтті. Ұйымдастырған әрі жүргізген – оқыту мен дамыту саласының маманы Ескендір Бестай және отбасылық коуч Ақан Мергембай.

Екі күн ішінде біраз ақпарат айтылып, бала тәрбиесіне қатысты кітаптар тізімі ұсынылды. Тренинг жүргізушілері өздері беретін мәліметті қабыладуды мысалдар арқылы түсіндірді.

Ақан Мергембай: «Біздің айтатын ақпаратымызды мата деп ойлаңыздар. Оны үйге барған соң жеті өлшеп, пішіп, кесіп, киім етіп тігу өз қолдарыңызда».

Ескендір Бестай: «Бенджамин Блум ережесі бойынша төменгі ойлану сатысында бірінші «білу», содан кейін «түсіну» және «қолдану» тұрады. Кез келген цикл бұзылса, нәтиже болмайды». Яғни білгеніңді толық түсінбей жатып өмірде қолданамын деу далбаса.

Ескендір Бестай «Бала – өмірдің гүлі» деген сөзді негізге алып, оны жан-жақты қарастырды.

Гүл өсуі үшін не істеу керек? «Су құю», «температурасын қадағалау», «түбін қопсыту», «басқа да көп күтім керек» – бұл ата-аналардың жауабы. Ал маманның жауабы басқаша. Гүл өсуі үшін әу баста табиғатта өсіп тұрған жерінен жұлып алып, үйде өсірем демеуі керек. Балаға мүмкіндік беру қажет пе, бермеу қажет пе? Одан әуелде бар мүмкіндігін алмауымыз шарт.

Баланың ісіне араласпай, оның тамырын ойлауды, миына қарағанда жүрегіне көбірек көңіл бөлуді айтты. Тамыры – махаббатыңды толық көрсету, эмоциялық жай-күйін сезіну, қарым-қатынасты бұзбау, өзің өнеге болу. Соңғысын мысалмен ашып айта кетер болсақ, жай ғана бала кітап оқығанын қалағандықтан өзіңізді қинап қолға кітап ұстау емес, шын ниетпен кітапты махаббатпен оқу.

Бала ісіне араласпау мен тамырын ойлаудан кейінгі айтылған үшінші мәселе – ойын. Өмірде шын ойын және өтірік ойын бар екен. Біз екеуін шатастырып, қайсысының пайдасы көбірек болатынын да ескермей жатамыз.

Мотивация
1.0 базалық қажеттілік (тамақ, су)
2.0 жақсы көретін нәрсе (мадақ, жаза)
3.0 ішкі қажеттілік (өзінен өзі туатын құштарлық)

Мұнда осыны істесең бәлен беремін, мынаны істесең түген беремін деп ісін сыйлықпен марапаттау немесе орындалмаса жаза қолдану арқылы мотивацияны өлтіріп алмау айтылады.

Қатысушыларды зеріктірмей, жиі-жиі ойындар ұйымдастырды. Оны жай ғана уақыт өткізу құралы қылмай, ары қарай бала тәрбиесімен байланыстырып, бұл ойынды тәрбиеге келгенде қалай түсіну керек деген жағдайлар айтылды.

Жоғарыда берілген ақпарат – жай ғана қысқаша мазмұны. Екі күн ішінде тренингтен түйгенімнен ойым түбегейлі өзгермесе де, бұрын ескермеген көп дүниені қаперіме алдым. 

Тренингке бармай тұрып, балаға кез келген нәрсені жай сөзбен түсіндіріп айту керек деген ойда болдым. Ал тренинг спикерлері ешкімге ештеңені түсіндірмеу керек, араласпау қажет дейді. Не үшін бұлай айтқанын толық түсіну үшін тренингтеріне бірнеше рет қатысып, ұсынған кітаптарын оқып шығуға тиіспін. Басқа да қосқан ойларына келер болсақ:

– Балаға ақша туралы ұғым бере отырып, оның қандай еңбекпен келетінін айтып, "кредит төлей алмау", "қарыз алу" секілді мәселелерде оған әлсіздікті көрсетпеу керек. Сізге деген сенімі жоғалады.

– Табиғат әлеміне, басқа да жағдайларға байланысты сұрақтар қойса, толық жауаппен қанағаттандырмай, сұраққа қатысты ертегі құрастыру арқылы қиялын дамытып, ары қарай өзі ізденіп сұрағына жауап табуға жол ашу.

– Баланы ешкіммен салыстырмай, өткен күн мен бүгінгі өзін өзімен салыстыруға ғана дағдыландыру.

– Ересектер жұмысқа баруды, еңбек етуді өзіне қандай міндет санаса, балалар да ойынды сондай міндетті шаруа санайды.

Одан бөлек пайдалы ақпараты өте мол, алдағы уақытта материал ретінде береміз.