Журналистикаға түсу үшін...

      Әр адамның жан дүниесінде, жүрек түкпірінде тамыр жайған арманы, өмірлік ұстыны болады. Олар адаммен  бірге өседі, өркендейді. Дәл осындай аласармайтын асқақ арманы бар қаншама жас жеткіншек бар. Қаламды қасына серік етіп,  елінің  мұңын мұңдап, мұқтажын түгендейтін, журналист болсам деген  арманы бар қаншама жас түлектеріміз,  жас жеткіншектеріміз өсіп келеді. Әсіресе, талай майталман журналистерді қанат қақтырып, үлкен өмірге аяқ бастырып,  қаламы қарымды журналист етіп шығарған әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің журфагына түсу көпшіліктің арманы. Бірі білсе, бірі біле бермес. ҚазҰУ-дың журналистика мамандығының студені атану үшін не істеу керек?

      Әдебиетпен дос болу керек, газет оқу керек дегенім артық болар. Себебі, журналист  болам деген адам үшін оларды орындау керектігін бәрі біледі. Жас түлектерді алаңдататын жалғыз сұрақ - ҰБТ-да қандай пән таңдаймыз, шығармашылық емтихан қалай өтеді.

     Ендеше, қазір жас түлектерге нұсқау беретін  пайдалы кеңеспен бөліскім келіп отыр.  Жаңартылған формат бойынша  ҰБТ-ны тек екі пәннен, атап айтар болсам, Қазақстан тарихы мен оқу сауаттылығынан  тапсыру міндеттелген (ҰБТ-ның ескі форматы бойынша да солай болған: қазақ тіл және Қазақстан тарихы). Және университте шығармашылық емтихан тапсыру керек.  Уақыты әр кезде әр қалай. Бірақ, маусым айының аяғанда және шілде айының бас жағында өтеді. Алдын ала құжат тапсырғанда барлық мәліметтер  айтылады.  Емтиханның  алдында университет қабырғасындағы  ұстаздар арнайы қосымша сабақ жүргізеді (консультация).  Түлектер екі шығармашылық емтихан тапсыруға міндетті.  Бірі - жазбаша,  екіншісі - ауызша емтихан. Яғни ҰБТ-дағы математика, екі таңдау пәннің орнына тек шығармашылық емтихан  өткізіледі.

     Емтиханның өту барысы қандай?  Емтиханда не істеу керек, қалай дайындалу керек, неге дайындалу керектігін консультация барысында түсіндіреді. Бірінші емтиханда  эссе жазу болады. Оның қандай тақырыпта болатынын ешкім білмейді. Емтихан тапсыру барысында бірнеше конверттен таңдап, біреуін ашады. Қателеспесем, ішінде бірнеше тақырып болады. Қайсысы жаныңа жайлы, соның біреуін таңдап, жазу  керек. Мейлінше грамматикалық қате жібермеген жөн. Себебі, оның өзі үлкен рөл атқарады.  Ал,  екінші емтихан ауызша өтеді. Арнайы сұрақтар қойылады. Емтиханға портфолио апарған дұрыс. Портфолиода не болу керек?  Өзің жайлы мәліметтер, мектеп қабырғасында жеткен жетістіктерің, барлық мадақтама қағаздары мен дипломдар, және мектеп қабырғасында жүріп әртүрлі баспаларды, сайттарда жарияланған мақалалар болса, тіпті жақсы. Сол себептен журналист болам десеңіз осы бастан мақалаларыңызды  барлық жерге жіберіп, жариялауға тырысыңыз.  Журналистика факультетінің студенті атану тіптен қиын емес. Керісінше, кейбір пәндерге қарағанда тіптен оңай ма деп қаламын. Ендеше, жас түлек, саған сәттілік тілеймін!



Бөлісу: