Журналистика әйелдік міндеттерімді ысырып тастай алады

Журналистика әйелдік міндеттерімді ысырып тастай алады
жеке
блог

Гүлмира Әбіқай, «КТК» арнасының шеф-редакторы, «Япыр-ай» таңғы ойын-сауықтық бағдарламасының продюсері.
Туған жері: Қордайдың Өтеген батыр ауылы
Отбасы: Ұлан есімді жары, Іңкәр атты қызы бар.
Өмірлік мақсаты: Қызы өскенде, өзі қартайғанда немере-шөбересіне өзінің отбасылық өмірін үлгі етіп жеткізгісі келеді.
Ерлер туралы пікірі: Тіпті қаңғыбас деген еркектің де бір жақсы қасиеті болуы мүмкін. Ол қасиет галстук тағып, «Бентли» мінген серіден табылмауы мүмкін. Түптеп келгенде, бәрі әйелдің қолында. «Жақсы әйел жаман еркекті төрге сүйрейді, жаман әйел жақсы еркекті көрге сүйрейді».
Марапаттары: «Репортер» үшін ҚР Журналистер одағының лауреаты атанған.

Гүлмира Әбіқай

  – Экрандағы танымал Гүлмира және көпшілік көрермен біле  бермейтін Гүлмира кім?

 – Гүлмира – журналист, үйдің кенже қызы, келін, абысын, ана,  жұбайының ерке әйелі, қызметте талапшыл басшы. Байқап  отырсам, әр салада көшбасшымын, өзім сүйетін, мақтан етер  мамандық иесімін, пысық келін екенімді де ескеріңіздер! Біреудің  артынан ғайбат сөйлегенді жек көремін, айтсам, күліп отырып  бетіне айтамын. Осылай кете береді. Бүгін түннің бір уағына  дейін ноутбукке телміріп, шығармашылықпен айналыссам, ертең  бірнеше сағат бойы супермаркет аралауым мүмкін. Мен үшін бұл  да демалыс. Шешілмейтін түйін жоқ, ашудан гөрі ақылға жүгінуді  жөн санаймын. «Білмегенді сұрау ұят емес, ал бір айтқан нәрсені  ұқпау, ескермеу – кешірілмейді». Журналистік қызметтегі басты  талабым – осы.

   - Журналистік еңбек жолыңыз қалай басталды және қандай  ыстық-суығына куә болдыңыз?
 – Журналистік жолымды «Қазақстан» ұлттық арнасындағы «Ақшам»  ақпараттық бағдарламасында тілші болып бастадым. Мемлекеттік  арнаның бағыты белгілі, өзіндік пікір қосып, журналистке тән  бейтарап ой айта алмайсың. 2002-жылдары КТК-ға ауыстым.  Коммерциялық арнаның айдарынан жел есіп тұрған сәт. Қалаған  тақырыпқа жол ашық. Кез келген шенеунік, әкім, министрдің қалт  кеткен жерін тапсаң, қалағаныңша сынайсың. 2007 жылы отандық  телеарналар арасынан алғашқы болып журналистік зерттеулерге  бағытталған «Репортер» жобасына кірістім. Менің телевизиядағы  жұмысымның ең бір толысқан шағы, репортаждан рақатқа батқан  кезім деп айтуға лайық. Бірінші хабар келімсектерге арналды.  Алматылықтарға «құл базары» атымен мәлім «Алтын орда» маңын  үш күн, үш түн аңдыдық. Сол жылдары ең көп келімсектер  Тәжікстаннан келетін. Ол жақтағы жұмыссыздық жағдайын зерттеу  үшін Душанбеге аттандым. Ел астанасы маңындағы қыстақтарды  аралап, ер-азаматтары қазақ жеріндегі жұмысқа жегілген  отбасылармен сұхбаттастым. Ұзақ зерттеліп, эфирге ұялмай  ұсынылған бағдарлама болды. «Түрмеде туылған балалар»,  «Алапестің азабы», «Қансонарда бүркітші шығады аңға...» деген  тақырыптар болды. Әлі есімде, бір азамат хабарласып «біз сіздің  бағдарламаңызды көру үшін үйдегі кешкі тамақ кестесін өзгерттік»  деген болатын. 
 Жаңалықтарда жеті жыл жүріп жылдамдыққа, ширақтыққа, нақтылық  пен ақпаратты лезде алып, таратуды үйрендім. Мәселен, нағыз қасқыршы қандай деген сауалға жауап табу үшін оның қар шанасына мінгесіп, қаңтар айының қытымыр аязына қарамастан, сегіз сағат бойы далада Нарынқолдың тауын кезіп, түз тағысын іздедік. Ал зағип үш баладан тұратын «Сәт» триосы жайлы материалды Оңтүстік Қазақстан облысының Шымкент қаласынан 300 шақырым шалғай орналасқан ауылдарын аралап жүріп жасадым. Тағы бір хабарды атынан адам шошитын, алапес ауруына шалдыққан, мәңгілік төсекке таңылған жандардың әңгімесі, өмірі, тағдырына арнадым. Мұндайда кейіпкер тағдырына тереңдей үңілуің керек. Жүректен шыққан дүние ғана жүрекке жететіні анық. «Кейіпкер» бағдарламасымен Жамбыл облысының Құлан өлкесіндегі іссапар барысында 106 жастағы әжемізбен жолықтым. Әлі күнге қой қырқып, ауыл арасындағы той-томалаққа өзі барып-қайтып жүрген қайратты жан. Кейуанадан ғасырдан астам өмір сүргенде түйген ойын сұрағанымда «106 жас
— есікті ашып-жапқанмен тең» деді. Не деген пәлсапа?!

– Сіз әйел, жар, ана, әдемі келіншек, кәсіби журналиссіз, қайсысының міндеті қиынырақ?
– Адам баласы өзіне ең қажетті, ең жақын әрі өмірлік ажырамас міндеттерін қалай мынау оңай, мынау қиын деп бөледі? Әрқайсысының өз жүгі бар. Әрине, қартайғым келмейді. Жұбайымның жанында қашанда сымбатты, ерке әйелмін. Бақыты мен шаттығын өзің жасайтын шаңырақта әдемі болып отыра бергеннен де жалығарсың, ондайда өзгеше рақатқа бөлейтін журналистік қызметім бар.
Бұл мамандық әйелдік міндеттерімнің барлығын ысырып тастай алады. Қажет болса, солардың аяғын бір етікке тығатын құдірет те – осы.
                                                                                                                         Сұхбаттасқан Гүлжан СЕРІК