Ақпарат тасқынында аман қалудың жолын «үйреткелі» отырмын. Осында қазақ сайттарының негізгі аудиториясы саналатын жастар отырады деп ойлаймын. Сондықтан блогымды журналистердің қулықтарына арнадым. Ал кеттік.
Қазақ сайттары және басқа тілдермен қатар қазақша ақпарат тарататын басылымдар көп. Оның оқырманы көптерін айтып, осында жарнама жасамай-ақ қойсам да сіз бен бізге белгілі. Сондықтан басылым атаулары мен сілтемелер болмайды. Осылайша біреуге мақтауды да, даттауды да айтпай өте аламыз.
Сонымен, сайттарымыздың басты мақсаты көрілім жинау екенін білеміз, яғни адам қаншалықты көп кіріп оқыса, сол басылым және оның журналисі трендте, өзекті. Ел аузында жүру үшін сайттарымыз мынадай қулықтарға баратын «көрінеді»:
- Тақырыпты «айғайлату». Тек тақырыбын оқитын сайттар бар. Себебі мазмұны әрдайым қызық әрі пайдалы бола бермейді. Мәселен Алматы қаласының ішкі істер департаменті сауда орындарының біріне жоспарлы тексеріс жүргізеді. Бұл ай сайын, маусым сайын, жыл сайын әр облыс, қала, аудан, ауылдарда өтетін шара. Бірақ журналист сол базардағы заңсыз сауда орындарының, тыйым салынған жерлерде отырғандардың, базаршылар мен саудагерлердің түйткілін шешуді емес, өз сайтының рейтингін ойлап тұрады. Сөйтеді де «Көк базарды сақалдылар жаулап алған» деген тақырып қояды. Мәтінін оқысаң, полиция берген құрғақ баспасөз хабарламасы. Оны кейде тіпті өңдемейді де. Сөйтіп, №1 журналист болып шыға келеді. Сондықтан тақырыпқа алданбаймыз.
- Мерзімі өтіп кеткен, ақпараттық себебі жоқ, бірақ 1-2 жыл бұрын қоғамда қызу талқыға түскен оқиғаларды қайта жаңғыртып жіберу. Оның бұрын болып қойғанын білетіндер бар, білмейтіндер бар – жағаласа талқылай жөнеледі. Сөйтіп, «срогы өтіп кеткен» жаңалық сайттың бір күндік рейтингін жинап бере қояды. Вуаля!
- Жауыр, бірақ көрілімге тәуір. Қоғамда әлі күнге шешімін таппай келетін (табылмайтындай көрінеді сол) латын қарпіне өту, тіл мәселесі, араб болмау, үш тілде білім беру, қыздардың киім киісі, ориентация мәселесі, жеңілген спортшылардың «намыссыздығы» және өзектілігіне байланысты айғай тақырыптар;
- Қасиетті, асыл дінімізге қатысы бар делінген киім-киіс, жүріс-тұрыс, ұстану әдебі деген мәселердің қатарына «Қызға қалай бару керек», «Ерді қалай риза қылу керек», «Төсекте әйелге ұнайтын 12 қылық» секілді арсыз ақпараттарды оқып, өресін өзі тірідей өлтіріп жүргендер бар. Дін – әркімнің өз интимі болғандықтан, ешкім сізге, сіздің жеке шаруаңызға, жеке отбасыңызға, әйеліңізге үкім шығармайды. Сондықтан бұл да рейтинг көтерудің амалы.
- Оқырманның патриоттық сезімін көтерген болып, көрілім мен лайк жинау. Бұл да журналистердің бірі қулығы. Олимпиадаға барып, медаль иеленгендерге барып, қазақ қызы ғой деп, соны бөле-жара көтермелеу жаңалықтары көпшілікке ұнап, мерей үстем болғанға ұқсайды. Сенсеңіз де, сенбесеңіз де, бұл да жарнама. Бұл да аудиторияның «тілін табу». Осыған қатысты бір журналист ағамыз былай деп еді. Атын атап, түсін түстемей-ақ қояйын. «Адамның бəрін еркек пен əйел деп қана білетін, жеке өмір мен жыныс ерекшелігін табу деп білмейтін, ұлт дегеннен де жоғары құндылық барын түсіне алмайтын үстірт, дүмбілез редактор эфирдің əдебі дегенді қайтсін?! Еркекшоралау қызға "неге сондайсың", "қашан күйеуге шығасың?" деп, Қазақстанның телеарналары ғана қысылмай сұрақ қоя алады. Олимпиададан жүлде əкелген 17 азаматтың ішінде ұлты қазағын өзге медалистердің көзінше бөліп əрі мақтанып айту да біздің эфирлер үшін түк əбестік емес. ((»
Бұл жазғандарым бүгінге дейін көріп, байқап келгендерім. Өздеріңіз де жалғай түссеңіздер құба-құп.
P.S. Журналист ақыл үйретуші болмауы керек. Ақпаратты дер кезінде, адал, обьектив таратумен ғана айналыссын. Себебі ол ата-ана немесе педагог емес, өмірден алған тәжірибесі де аудиториясынан көп емес. Тәрбиені қалай берудің жөнін білмейміз, ол жағынан сауатымыз жоқ. Сауат әділ жазуда ғана көрінсе деймін. Себебі ұр-тоқпақпен жаза беру тілімізді дамытқан жоқ, ар-ұят әдебін жетілдірген жоқ, құндылықтарды үйреткен жоқ, педофилдерді азайтқан жоқ, жалаңаштарды "киіндірген" жоқ, халықтың жалпы сауатын ашқан жоқ, керісінше: тіл мәселесін жауыр, ар-ұятты кіндіктен төмен, құндылықтарды күңгірт, педофилдерді белсенді, жалаңаштарды арсыз, сауатты кемшін етті. Примитив ой-ауаннан шыққан мақалаларға аудиториядан кері реакция болды. Бұл - констатация. Енді тоқтаймыз ба, жоқ па? Тоқтамайтын сияқтымыз, тойдағы тентектерді, көшедегі зорлықшыларды, атын шығарушылардың сүреңін, жаттың қаңсығын жазып жатырмыз, жазып жатырмыз...
Тағы бір P.S. Блогты оқырмандар мен блогерлер де, олармен қатар журналистер де оқыса, "Қызым, саған айтам, келінім, сен тыңда" дегенге келер еді.