Журналистерді төртінші билік иесі дей аламыз ба?

Ж - жағымды жаңалық айтатын

У - уақытын текке құртпайтын

Р - рухани дүниесі бай

Н - нақтылықты ұнататын

А - алты алашты аузына қаратқан

Л - лезде ақпарат беретін

И - игі істерге құмар

С - сауатты

Т - төзімді деген анықтаманы журналистер қауымына беретін едім. Жалпы қоғамда журналистер төртінші билік деген ұғым қалыптасқан. Бұл қаншалықты рас? Ең алдымен билік сөзінің мағынасына тоқталайық. Билік өте күрделі ұғым. Жалпақ тілмен айтқанда билігі бар адам айтқанын істетуші, өкім беруші. Ал журналистер өкім бере алады ма? Жоқ. Демек журналистер төртінші билік емес, билік пен халық арасындағы көпір десек нақты айтқанымыз болады.

Қазіргі жаһандану заманында әр күн сайын жаңа ақпараттар мен өзгерістер орын алуда. Қолданысқа жаңа енген дүниелерді журналистер бірінші болып халыққа жеткізіп отырады. Бұл биліктен де күрделі жұмыс. Саяси-қоғамдық формацияның өзгеруі, қоғамдық қатынастардың кеңеюі, ғылым мен техниканың, білім жүйесінің дамуы, мәдениет пен өркениеттің жандануы тәрізді тарихи-мәдени оқиғаларды халық санасына сіңімді, жеткілікті деңгейде түсінікті жеткізу кез келген адамның қолынан келе бермейтін іс. Міржақыпша айтсам:“Қай жұрттың баспасөзі күшті болса, сол жұрттың өзі де күшті, өзі де өнерлі екендігі көрінеді, яки қай жұрт өнерлі болса, сөзсіз оның баспасөзі күшті болатыны айдай анық”.

Басқа елдегі жаңалықтар, халықтың тұрмыс тіршілігі, қай сала болсын жаңадан енген заңдар, елдің рухани дамуы сынды мәліметтерді білмесек, тілсіз мылқау, көзсіз зағип, құлақсыз мүгедек боларымыз сөзсіз. Сондықтан қоғамда журналист биліктен де жоғары рөл атқарады. Себебі журналистика саласы тек билікпен ғана шектеліп қоймайды. Жоғарыда аталған сан алуан салаларды қамти отырып жұмыс атқарады. Демек тек биліктің сөзін халыққа жеткізуші деп қысқа қайыруға да болмайды. Белгілі тақырыпқа негізделген мақала болсын, сұхбат болсын, әдеби басылым болсын барлығы дерлік өзінің оқырманы, өзінің көрермені бар. Сол арқылы халықта өзіндік ой, өзіндік талғам, өзіндік тұжырым қалыптасады. Ал соның барлығына ықпал ететін бұқаралық ақпарат құралдары.

Сөз соңында, журналистерді халықтың сөзін билікке, биліктің сөзін халыққа жеткізер жандар деп қана қарамай, қоғамдағы мәселелерді бір арнаға тоғыстырушы, орын алып жатқан жаңалықтар мен жаңадан шыққан ақпараттарды сараптаушы, әр саладағы оқиғаларды тізбектеуші, бір сөзбен айтқанда халықтың сөйлер сөзі, көрер көзі, тыңдаушы құлағы деп қабылдағанымыз жөн деп ойлаймын.



Бөлісу: