“Журналист” газеті - шеберлікке жетелейді!
блог
“Журналистика қоғаммен бірге өмір сүріп, қоғаммен бірге тыныстайды. Қоғам тірлігінің тамыры қиылса, журналистика да бітіп тынады”- дегендей, қашан да болсын журналистика қоғамда үлкен орын алатын мамандықтардың бірі екені бәрімізге мәлім. 40-жылдары газет қолмен жазылып, қабырға газеті форматында жарияланған “Журналист” газеті - БАҚ кафедрасының доценті, филология ғылымдарының кандидаты Римма Серікәліқызы Жақсылықбаеваның жетекшілігімен жарық көріп келе жатқан студенттердің оқу-тәжірибелік газеті. Газетке шолу жасаған әр оқырман газеттің тақырыптарының ерекшелігі мен өзектілігіне мән береді. Сонымен қатар, газеттің дизайнының өзі бірден назар аудартады. Журналистика саласы ақпарат берумен, жаңалық шығарумен тығыз байланысты болғандықтан, әрбір журналист өз кәсібилігін арттырып, жақсы жаза білуі қажет әрі аудиторияның алдында жақсы сөйлей білуі маңызды. Міне, осы орайда “Журналист” газеті - университет табалдырығын енді ғана аттап, журналистика әлемінің қыр сырымен енді танысып жатқан 1-курс студенттері үшін ақпараттың сапасын жоғалтпай жақсы жазуды меңгеруде, кәсіби тұрғыда шыңдалуда зор үлесін қосады.
Белгілі бір себептермен газет шығарылымын уақытша тоқтатса да, қазіргі таңда газет қайта жанданған болатын. Бұл - газеттің тұрақты оқырмандары үшін керемет жаңалық. Себебі, студенттер газет ішіндегі түрлі өзекті тақырыптарға жазылған мақала, сұхбаттарды оқып, шығармашылық қабілеттіліктерін, шеберліктерін арттыра түседі. “Журналист” газеті - өз тізгінін үзбей, оқырмандарына қажетті ақпарат, болашақ журналистер үшін тәжірибе алуға таптырмас мүмкіндік болуын жалғастырады деген үміттеміз !