Журналист дегеніміз кім?

   Журналистика мамандығында төрт жыл оқыдым. Жазу-cызуға әуес болғаннан соң, осы саланы таңдадым.

    Қазір көбі теледидардың "бетіне" шығуды, танымал болғанды армандайтыны өтірік емес  қой. Өзімді де сол телевизия саласы қызықтырды әрине. Жан-жақтан қаумалаған ақпараттың заманында телевизия саласы да қарыштап дамып, тележүргізушілер де сұранысқа ие болып, еліміздің танымал азаматтарымен қатар жүргенде қалай қызықпассың.

       Оқып жүріп, көп жағдайды білесің,  көңілге түйесің. Сөйтіп жүріп көзің де «ашылады» екен.

   Бірақ, айтпағым бұл емес, басқа. Ең алғаш «сары балапан» болып, университет қабырғасына келгенде, бір топ ұстаздарымыз бізге мамандығымыз туралы лекция жүргізген-ді. Журналист дегеніміз кім? -деген сұраққа өзімізше жауап іздегеніміз есімде. Әр қайсымыз әліміз келгенше өз ойымызды ортаға салдық. «Журналистің  кәсіби этикасы» деген сабақ болушы еді. Енді ойласам, осы пәннің  мамандығымызда  алатын орны орасан екен.Егер маған «қазіргі журналистикада не жетіспейді?» деп сұрақ қойсаңыз, дарындылық пен таланттылық, парасаттылық пен шынайылық және этика деп жауап берер едім.Себебі, қазіргі ғаламтор бетін ашып қалсаңыз, журналистеріміздің сынға толы мақалалары мен одан қала берсе шоу-бизнес өкілдерін айналшықтап, «бәленнің әйелі мынандай көйлек сатып алыпты», немесе «танымал әнші бәлен деген қалада қыдырып жүр екен» дегеннен аспайтын,  адамның жеке басы мен құқығына қол сұғып, сынап-мінеп  ақпарат бергені, тура екі әйелдің екеуара өсегі сияқты әсер етеді маған.

  Әрине, журналист , соның ішінде,  мерзімді басылым журналистері ақпаратты шынайы жеткізіп, сынауға тұрарлық сипатта ақпарат берсе, тұшымды , тыңғылықты түрде , оның жөні басқа. Ең алдымен журналист қай уақытта да қоғамға ой тастап, ақпаратты неғұрлым сауатты, байсалды түрде беруі керек емес пе?

  Өзі өмір сүріп отырған қоғамға пайдалы мәлімет беру арқылы "журналистика" деп аталатын саланың  ағартушылық функциясын атқаруы тиіс емес пе еді? Міне, «журналистің этикасы» деген осы деп түсінемін. Байырғы уақытта да «Алаштай» партияны құрған Әлихан, Міржақып, Ахметтердің өзі де «Қазақ» газетін ашып, салиқалы мақала жазып, ой тастау арқылы мәселені шешіп,  журналистиканың мектебін қалыптастырды десем, артық айтқандығым емес.

  Сәл нәрседен сенсация жасап, тек қана «экраннан бір көрінсем болды» дейтін, данқты болуды көздейтін журналистеріміз, мейлі мерзімді баспаның журналистері болсын, қалай дезинформацияның соңынан ілесетіндіктерін білмей қалады ғой деймін.  Осылайша, журналистерге деген көзқарас та , пікір де жақсы болмай шығады.

    Студент шағымда, бір ұстазымыз «журналистикада өз тегі мен атын дұрыс жаза алмайтындар да жүр» деген атаумен мақала оқытқызып еді.  Міне, осындай сауатсыз студенттен сауатсыз маман шығатыны айтпасақ та түсінікті . Бұл осы мамандықтың қаншалықты дамуды қажет ететіндігін көрсетіп тұрғандай.

  Оқуымды бітіргенім кеше ғана, сондықтан өзімді толыққанды журналистпін деп есептемеймін де, сезінбеймін де. Бұл жолда тек еңбекқорлық  пен табандылық рөл  атқаратынын білемін.

  Ақпарат саласында жүрген үлгі етер журналистеріміз де баршылық екендігі даусыз. Кішкене күнімде Зейін Әліпбек, Дана Нұржігіт, Қымбат Досжандардың сөз саптауына , ішкі мәдениетіне қызығушы едім. Бір санын жібермей оқитын «Айгөлек»  журналының редакторы Қымбат Әбілдәқызы да журналистикаға қызығушылығымды арттырды.

  Тілші болу да, тарихшы болу да , саясаткер ең аяғы журналист болу дегеніміздің өзі идеологияны  жасайды .Қай жағынан алып қарасақ та. Идеологиядан қоғам қалыптасады, өмір өз арнасына түседі, пікір өзгереді.Бірақ, ақпаратты жеткізгенде мәдениетті түрде, этикалық шеңберден аспауға тырысқанымыз қажет ақ.

P.S.Жазылған ойларым тек қана өзіме тиесілі, бірақ бұл орайда сіздердің де пікірлеріңіз мен үшін маңызды.



Бөлісу: