ЖУРНАЛИСТ БОЛУ?

Ол – қоғам дамуы жолындағы басты тұлға, сауаттылық пен ұлтжандылықтың символы. Ол –терең ойлап, қыннан қылыш суыратұғын әдебиет майданындағы жауынгер. Ол – төртінші билік өкілі, телевизия тірегі, дүн-дүниедегі жаңалықтардың жаршысы. Ол - әдебиет пен мәдениеттің дамуы жолындағы мәуелі бәйтерек. Ия, сансыз теңеуге тірек болып тұрған, білімі мен білігі, еркі мен жігері, жалыны мен қайраты бір бойына жиылған, сөз өнерінің «шоқжұлдызына» айналған маман иесі – журналист.

  - Журналистика қоғаммен бірге өмір сүріп, қоғаммен бірге тыныстайды. Қоғам тірлігінің тамыры қиылса, журналистика да бітіп тынады , - дейді  орыс публицисті Н.Михалковский. Бүкіл бір мамандықтың қаны мен жанына айналған қоғам тірлігінің дамуын айна-қатесіз жеткізуші маман иесі болу – менің де ұлы мақсаттарымның бірі. Менің журналистика саласын таңдау себебім неде? Осы сауал аясында сөз қозғайын.

     Біріншіден,  журналист – қаһарланған қан майданда от кешкен қаһарман іспетті. Қоғамда орын алып жатқан жаманды-жақсылы мәселенің басы-қасында жүріп, елді жаңалықпен хабардар ету – журналистің ең алғашқы міндеті. Мейлі соғыс болсын, мейлі қуаныш болсын, адами бойындағы рухани ойы жетілген әр журналист көңіл-күй талғамай, қағазы мен қаламын серік етіп, оқиға орнынан алғашқылардың бірі болып хабар алады. Демек, халық үшін жақсылықтың да, жамандықтың да жаршысы – журналист. «Мамандығым – мақтанышым» деп атыс-шабыстың қасы, бораған оқтың астында жүріп, отыз күнгі ойын мен қырық күнгі қуаныштың да куәгері бола алатын, өз саласының суығына шыдап, ыстығына күю жолында басын қаннен-қаперсіз бәйгеге де тігетін журналист қаһарман емей немене?

   Екіншіден, журналист – жол-жөнекей жазылатын әдебиеттің авторы. Ал, әдебиет – мәдениеттің бөлінбес бөлшегі. Мәдениет дегеніміз – халықтың ғасырлар бойы қаймағы бұзылмай сақталып келген ұлттық құндылықтарын бүгіннен кейінге дәріптеп, өткен мен болашақ арасындағы алтын көпірді жалғайтын, ұлт мүддесі мен салихалы ұрпақ қамының кепілдігі. Демек, журналист атты алып заманның арқалы адамдарының нардың жүгін арқалап жүрген тұлғалар екенінде шүбәміз бола қоймас. Көк жәшіктің бергі бетінде отырған миллиондаған халыққа сөз құдіреті мен ой өлшемін дарытып, жұрт алдында өзіндік мәнер қалыптастырып, мәдениеттіліктің үлгісін көрсету – журналистің ғұмырлық парызы.

     Дәл осыдан түйген ойым: журналист – жазушы, журналист - әдебиет айдынының алтын қазығы, журналист – мәдениет майданының майталманы, журналист – жас ұрпаққа үлгі. Сондықтан да, ардың ісі мен нардың ісін қос иығына арқалаған журналистер қауымы – білім биігіне жеткен білімдар, тіл тағылымы мен сөз айбынын асқақтатқан зергер, саясаттың сара жолындағы саңлақ тұлғалар болуымен қатар, елдің мұңын мұңдап, жоғын жоқтап, халық қамы үшін күні-түні қалтықсыз қызмет атқарып жүрген мәртебесі биік лауазым иелері санатында.

-         Журналист - әр сөзіне жауап бере алатын, әр ойына жауап бере алатын, ар жағында патриоттық, азаматтық рух, Отансүйгіштік сезімі бар, жерін сүйетін, елін сүйетін, ұлтын сүйетін, ұлтының болашағы үшін күресемін дейтін тұлғалар ,- дейді белгілі қаламгер, тілші-баспагер Сағатбек Медеубекұлы.

     Бірнеше жылдар бойы өз мамандығының жолында қызмет етіп, соңынан өшпес із тастап келе жатқан Сағатбек Медеубекұлы журналист болу үшін жүректің, азаматтық сезімдердің шоқтығы биік болуы қажеттігін қатаң ескерте айтады. Демек, журналистің кәсіби деңгейіне оның Отансүйгіштік сезімі, темірдей тәртібі, асқан білімі, қызметіне деген махаббаты мен өз саласындағы шеберлігі әсер етпей қоймайтыны айдан-анық. Рухы мен азаматтық мінезі, патриоттық сезімі биік, ойы өрелі журналистер өз кәсібінің шебері болуы үшін ең басты, ең қажетті фактор – білім ордасы. Журналистика мамандығын игеремін дейтін әр тұлға өзіне қажетті деңгейде сапалы білім мен мықты тәжірибе аламын дер болса, ең алдымен жоғарғы оқу орнын дұрыс таңдағаны абзал.

   Осы тұрғыда патриоттық сезімі, өр рухы, өрелі сөзімен баурап, талайларды құнды ақпараттың нәріне қандырып жүрген, әр адамға өзінше бір тағылымы бөлек тұлға ретінде үлгі бола білген журналистер – жұлдыздай жарқыраған жандар.

  Иә, журналистика осындай сан қырлы мамандық екені бесенеден белгілі. Дегенмен, «жылтырағанның бәрі алтын емес» екендігін ескере отырып, бүгінгі қазақ телевизиясындағы көпшілік халыққа аса үлкен рейтингпен көрсетіліп жүрген бағдарламаларға көңілмнің тоймайтындығы да жасырын емес. Мысалы: Еуразия Ұлттық арнасынан көрсетілетін, 3 сағаттық атышулы «Қалаулым» атты шоу-бағдарлама. «Қалаулым» деп аты айтып тұрғандай, қалаулысын іздеген жандардың бағдарламасы да шығар, алайда күндігіне 3 сағат бір эфирде отырған қатысушылардың бір-бірінің бетінен алып, төске шабатындығы, «біріңді қазақ, бірің дос, көрмесең істің бәрі бос» дегенннің шегінен шығып, ауыздарынан шығатын негатив сөздерінің барлығы 18 миллион халыққа үлгі болып дарымас. Қазақты нағыз тұрпайы халық етіп көрсететін тұсы – ер жігіттің нәзік жандыға қол көтеріп, абырой төгуі, ал қыз баланың «қырық үйден тыйынбағандығы». Қазақстан бойынша ең үлкен көрсетілім жинайтын бұл бағдарламаның есімі алыс-жақын шетелдерге де таныс. Сондықтан да, қазақты мазақ етпей, қазақты «қазақ» етіп басқа ел көрсін дейтін болсақ, ең алдымен сахна мәдениеті, сөйлеу мәнері сынды қасиеттерді рухқа дарытып барып, эфирден көрінген дұрыс деп ойлаймын. Көпке топырақ шашудан аулақпын, иә, бүгінгі қазақ қоғамында өте мықты, ой-өрісімізді кеңейтуге арналған, туған тарихымыз бен елдігіміздің сипатына айналған бағдарламалар жоқ емес, дегенмен нақ сол дүниелер осындай бағдарламалардың арқасында шеткері қалып, халықпен табыса алмай жатады.        

 

   Қазақ журналистикасы тарихында отты сөзімен ел есінде қалып, өз отын мәңгі өшірмейтін із салып, маған нағыз үлгілі журналистің прототипін көрсетіп қана қоймай, шын мәнінде үлгі бола білген жан – Дана Нұржігіт. Телевизия саласында ойып тұрып орын алған Дана Нұржігіт азуы дуалы азаматтардың «Дара жолын» елге насихаттап, еліміздің әдеби-мәдени дамуына үлес қосқан жандарды халыққа таныстырып, сол азулылар салған алтын ізбен жүруді, сол дарындар көрсеткен ілім-білімді біздің бойымызға дарыту жолында аянбай еңбек етуде.  Ел ішінде тұншығып жатқан таланттардың, жасы келіп қалған зиялы қауымның айтарын көпшілікке жеткізуін, оларды жазып, алтын қорға сақтап үлгеруі керектігін өз миссиясы ретінде таныстырған Дана ханым – шын мәнінде қазақ үшін жаны ашитұғын, ел қамын ойлай білетін, еліміздің маңдайына маңдайы жарқырап тұрып жазылған біртуар перзент. Дәл осы Дана ханыммен мақтана да марқая отырып, мына бір сөзін еске алдым:

-         Кісінің бетіне «мен сенен жиіркенемін» деп айтқан адамды сыйламаймын , - деген еді  бір сұхбатында. Бұл сөзі өзім айтып кеткендей журналист жандардың мәдениеттің майталмандары екеніне анық дәлел бола түскендей.     

Ұлтымыздың біртуар перзенті, жазушы Шерхан Мұртаза:

-         Отанды, ұлтты, әдебиетті, оның болашағын сүю үшін көп айқайдың керегі жоқ. Жанашыр, табанды, тынымсыз әрекет қажет ,- дейді өз сөзінде.

   Журналистика саласының ағы мен қарасын қатар көріп, қаламынан жауһар туындылар тудырып, әдебиеттің ақбозатына мініп, әділдік пен адалдықтың ақ туын ұстап, ар жолында адал қызмет еткен, мамандықтарының майын ішіп, жілігін шаққан журналист аға-әпкелерімнің салған ізімен болашаққа мойын бұрып, қаламы қаңырамаған, кез келген тақырыпта толғана білетін, толғай білетін, ары жанынан биік тұратын журналист болу – менің арманым. Қызметімнің жолында асқан қырағылықпен қанат қағып, елдің пайдасы мен ұлттың қажетіне жарайтын ақпаратты зеректікпен сараптап, жұртқа жаманын теріп, жақсысын беретін, ұлттық мәдениеттің алтын қорына айналарлық тың дүние жазып, миллиондаған оқырманға жеткізе білетін маман иесі болсам, одан асқан бақыт жоқ. Алыстан мұнартқан ақ арманыма жету жолында тынымсыз еңбек, қажырлы қайратым мен жалынды жігерімді сарп ете еңбектенемін, өмірге адам болып келген соң, соңымда бір кішкентай болсын із тастап кетіп, адами қалыппен бой түзейтін, елімнің дамуы мен ұлтымның

өркендеуі жолында іске жарар дүние жасай алсам, сол - мен үшін шын бақыт. XXI ғасырдың жаңашыл, замануи талаптарына бағына отырып, заман келбеті мен көркінің биігіне шыға алатын, бәсекеге қабілеті артып келе жатқан елдің бәсекеге қабілетті журналистері қатарынан көрініп, рухымызды рухани тұрғыда жаңғыртып, «таза, мінсіз асыл сөзді» ой толқытып, шығара білетін маман иесі атанамын.

  Ойымды қорыта келе, журналист болу – жүрек түкпірінде батылдығы мен бойында қайтпас, қайсар мінезі, кеудесінде тулаған қаны, жалынды жігері бар, от тілді, орақ шешен адамдардың маңдайына бұйырған бақыт деп білемін. Журналист болу – микрофонды қолға ұстап жаңалық айту емес, журналист болу – халыққа қызмет ету. Қоғамдық сананың рухани жаңғыруы – журналистердің тың ізденістері мен тынымсыз еңбектерінің нәтижесі болатыны сөзсіз. «Алтын арқалап жүріп, жантақ жейтін» журналистер қауымы – нағыз «алтын ғасырды» туғызатын өкілдер. Сондықтан да, қазақ телевизиясының 60 жылдығы қарсаңында қазақ журналистикасына тәй-тәй басып кіргім келеді.



Бөлісу: