Журналист болғың келе ме?

     «Дайындаламыз! Жарық. Камера. Мотор!»- иә, дәл осы сөздерді бағдарлама түсірілімі кезінде жиі естіп жатамыз. Жарасымды киім, ерекше дауыс ырғағы, өзіндік шаш үлгісімен экран алдында халыққа ақпарат тарату, сырт көзге әдемі әрі оңай көрінетіні рас. Кейбір кездері көптің ауызынан осындай пікірлерді жиі естіп жүрмін. Жас талапкерлердің арасында осындай ойлар қалыптасқасын, журналистиканың қыр-сырына үңілмей, телеарналардың айналасына ағытылатындардың қатары жиілеп келеді.  Бәлкім, сіз үшін де журналист болу көк жәшіктен көрінумен ғана шектелетін болар. Сіз қателесесіз. Сан қабілетті мың саланың бойына тоғыстыру, мұңдының мұңын, халықтың жоғын жоқтап, мәселенің шешімі үшін ел арасын кезіп жүру оңай шаруа емес. Жиырма сағат тынымсыз еңбек етіп, төрт сағаттық ұйқымен елге адал қызмет өтеп жүрген тілшілердің қатарында сізде болғыңыз келетін шығар. Ендеше, журналистиканы әр тараптан зерттеп, зерделеп көріңіз.

     Кез келген әрекетке қадам баспас бұрын, қызметіңнің ақырын ойлауды да ұмытпаңыз. Панасынан айырылған тұрғын секілді, қызметінен сүріліп қалып, кезінде қаламын жанына серік еткен нәзік жанды журналисттің басынан өткен түйінді оқиғасын түртіп алған болатынмын. Арнайы тапсырмамен меншікті тілші ретінде, өзге қалаға репортаж түсіруге барған арудың он жылға дейін журналистика саласынан шегеріліп, қара тізімге енуіне не себеп болды? «Журналист- шынайы шындық туы»- деген тіркесті бек ұстануы ма? Халыққа нақты, боямасыз ақпаратты жеткізуді көздегені ме? Мән-жайы өзіне ғана мәлім. Бұл журналистке берілген тапсырма, барған өңірін де орын алып жатқан елеулі іс-шара барысымен танысып, экран арқылы ақпарат жолдау болатын. Бірақ, әрбір дүниенің астарына үңіле отырып, мұнайшылардың мерекелік жиынын емес, бетперде киген әкімдік пен қызметкерлердің жұмысына көзайым болып қайтқан. Қас-қағым сәтте ойын өзгерте отырып, негізгі мәселені көрерменге жолдау үшін өз жұмысына кіріседі. Оператор камерасын әзірлей салысымен, мына мағлұматтарды жеткізеді. Қаншама жыл бойы қара жердің астына түсіп, таза киім көрместен, адал, тоқтаусыз қызмет еткен жұмысшыларды емес, басына жылтыр каска киіп, мұнтаздай таза форманы үстіне ілген  жалдамалы адамдардың ел алдында өздеріне лайықсыз мақтау естуін құп көрмей кезекті жұмысын аяқтайды. Аттарынан ат үркіген, лауазымды қызмет өкілдері өздеріне бұлай қара дақтың жағылуына жол бермеу үшін, журналистке пара ұсынып, асты-үстіне түсе бастайды. Алған бетінен қайтпастан, жұмыс орнына тарта жөнеледі. Өз жұмысына адалдық оны биікке өрлеткен жоқ, керісінше өміріне қауіп төндіріп, сүйген саласынан алысқа әкетті. Бүгінгі күні қарапайым оқытушы. Журналистиканың айналасында жүруге де рұқсат жоқ. Мына, журналист секілді қашан да қызметіңізге жауапкершілікпен қарап, қорқыныш пен үрейден бойыңызды аулаққа апара аласыз ба? Қорқыныш жоқ. Қырағы мінез санасына сіңген. Міне, қару мен қаламды бір саланың бойына тоғыстыру дегеніміз осы шығар. БАҚ өкілдерінің әңгімесімен таныс болу тілшілік қызметке бет бұруыңызға себепші болары анық. Журналистиканың жетегін де жүрген КТК арнасының тілшісі Нұртілеу Мәлікұлының жұмыс барысындағы қиындық пен қызыққа  толы оқиғалары жайлы өз ауызынан естіп білдім:

«Бір күні түскі үзіліс уақытын да отырсам, бір хабар келді. «Талғар қаласында он сегіз жастағы баланы көлік қағып кетті»,- деген. Жақсы естідік деп, Талғарға жолға шығып кеттік. Оқиға орнына барып, куәгерлерді іздеп, тілдесіп, бала жайлы мәлімет алдық. Қайтыс болған бала он сегіз жастағы Дінмұхаммед Жеңісов деген бала, ал, оны қаққан полиция қызметкері екен. Қылмыскер оқиға орнынан қашып кетіпті. Сөйтіп, марқұмның ата-анасының байланыс нөмірін, мекен-жайын тауып алдық. Мекен-жайға бардық,  ата-анасы қылмыскердің мас күйде болғанын айтты. Бізге бұны дәлелдеу керек. Сұқбат алу барысында полиция қызметкерлері бізге қылмыскердің мас емес екендігін және арнайы экспертизалық сараптама жасалғандығын айтқан еді. Бірақ, марқұмның жақындары қаққан адамның мас екендігін, сеніммен айтып отырды. Оны дәлелдеу үшін, Талғардағы  адамдардан сұрастырып, қылмыскердің отырған жерін біліп алдық. Анық қанығын біліп, берілген мекен-жайға бардық. Дәмхана екен. Дәмхана иесінен бейнекамераны ашуды өтініп, нақты мағлұматқа көз жеткіздік. Бақылау камерасына қылмыскердің ішімдік ішіп отырған кезі түсіп қалған екен. Дәл сол таспаны алып, эфирге берген едік. Бірақ, сонда да полиция қызметкерлері қылмыскердің мас екендігін соңына дейін мойындамады. Біздің жасаған әрекетіміз эксклюзив болды. Басқа ешбір жер, ешбір арна, БАҚ-ның бізден басқасының бәрі бұл мағлұматтарды эфирге бермеген болатын. Осылай халыққа тыс жаңалық ұсынған жайым бар. Ол кезде менің жұмысқа кіргеніме жаңадан бір жарым айдың жүзі ғана болған. Қорықпастан мәселенің түбіне жеттік. Қаңтар оқиғасы орын алған кезде де, өз басым толықтай жұмыс істедім. Таңғы алты шамасын да келіп, кешкі сегіз де үреймен жұмыстан қайтамыз. Ол кезде студент болатынмын. Төртінші курс студентімін, әрі жатақхана да тұрамын. Қоғамдық көліктер мен такси де өз қызметін тоқтатқан кезде, жатақханадан жұмысқа жаяу баратынмын. Қорқынышты сәттер де, тәуекелге бел буып оқиға орын алған жерлерге камерамызды сүйретіп барып, өз қызметімізді абыроймен алып шықтық.»,- дейді Нұртілеу ағамыз. Журналистер үшін соғыс уақытында, я болмаса өлімге бір-ақ қадам қалған сәттер орнаса да шынайы ақпаратты көрермен қауымға жеткізу өз өмірлерінен маңызды. Дәл осындай оқиғалар легінен хабардар болсаңыз, журналист болуға қызығушылығыңыздың оянатыны сөзсіз.

     Аязды күні тоңып, жаңбырда малмаңдай су болып, өзен-көлді шылқыта кешіп, аптап ыстықта терлеп, қиындыққа шалдығамын десеңіз, саспаңыз! Қиындықпен бірге қуаныш та, қызық та қатар жүреді. Нағыз журналист болу үшін көп сындардан мұқалмай өту өте қиын дүние. Түбінде, талай шыңдарды бағындырасыз. Көп жағдайда, өзіңізге жіті назар аударыңыз. Теория мен практиканы қатар алып жүргеніңіз абзал. Кәсіби біліктілігі бар, танымал тілші, тележурналистерден үлгі ала білген жөн. Көгілдір экран арқылы көрермен жүрегіне жол табуды қаласаңыз, «Almaty» телеарнасының жаңалықтар бөлімінің тележурналисті Қайрат Советбекұлының эфир мәдениеті жайында бізе айтқан мына кеңестерін түртіп алыңыз. Сұқбат барысында біздің қажеттілігімізге жарайтын, құнды ақпараттармен бөліскен еді.

• Эмоцияға берілмеу

Ең біріншіден өзіңіздің журналист екеніңізді естен шығармаған жөн. Сондықтан студиядағы сұқбат барысында өзіндік ойыңызды білдіріп, шешім шығармаған абзал. Көбіне сұрақ қоюшы ретінде эфир жүргізу керек.

• Эфир кезінде техникалық ақаулар болса импровизациямен алып шығу

Кейде суфлер өшіп қалуы мүмкін. Сол сәтте сценарий қолда тұрса, бірден сол жерден айтатын ақпаратты тауып, эфирді жалғастырып кету керек. Сондай-ақ өзіңді қолға алып, сенімділікті жоғалтпаған жөн.

• Редактор мен режиссердің нұсқаулығын тыңдау

Эфир барысында сізге петличкамен қатар, құлаққап тағылады. Ол арқылы сіз режиссердің нұсқаулығымен бұрылып немесе келесіге  өтесіз. Осылайша эфирдің заңдылығы сақталады. Сондай-ақ эфир барысында пультта редактор да отырады. Олар көбіне студиялық бағдарламаларда сценарий бойынша қай сұрақ қойылу керегін қадағалап, дикторға команда береді. Және де эфирдің белгілі уақыты болғандықтан, спикердің сөзін бөлетін сәтті де айтады. Сондай кезде көрерменге де камерадан тыс жұмыстар көрініп қалмауы керек. Мысалы, сіз режиссер немесе редактор команда берген сәтте тоқтап қалмай, сөзді жалғастыра берген дұрыс. Осылайша сіздің шеберлігіңіз көрінеді.

• Сұқбат барысында сценарийден ауытқымау

Эфирде диктор тек жаңалық жүргізбейді. Ол сондай-ақ түрлі бағдарламарды да жүргізеді. Мысалы, қонақ шақырып сұқбат жүргізу керек. Сондай сәтте алдын ала жазылған сценарий бойынша сұрақтар дайындалады. Алайда көбіне дәл сол сценарийдегідей болмай қалады. Спикер тақырыптан ауытқып немесе сіздің әлі қоймаған сұрағыңызға жауап айтып тастауы мүмкін. Сондай кезде жауабы бар сұрақты қайта қойғаныңыз дұрыс болмайды. Және сұқбат барысында шамадан тыс импровизация танытып, өзге сұрақ қоймаған жөн.

     Журналистикаға келген әр адам эфир жүргізсем деген арманмен, жұлдыз боламын, ел есінде қаламын деген мақсатпен келеді. Бұрында тілші бөлек, диктор бөлек болды. Қазіргі таңда мүмкіндік көп, себебі заман талабы өзгерді. Журналисткаға келген әр адам өз қабілеттілін шыңдап, диктор бола алады. Жоғарыда атап өткендей диктор тек жаңалық қана жүргізбей, сұқбат пен бағдарлама жүргізеді. Орынды сұрақ қойып, тақырыпты өрбіту арқылы эфирдің маңызын жеткізесің, ал оны тілші болып жүрген кезде шыңдауға болады. «Мың бір түн» бағдарламасының редакторы, тележурналист Абылайхан Өмірбай журналист ретіндегі негізгі міндетін былай қорытты: «Журналистика – қызығы мен шыжығы мол сала. Мәселен, мен тв-да жұмыс істеймін. Тікелей эфирдегі хабарларды дайындаймыз. Маған зор міндет, мойныма үлкен жауапкершілік артылған. Әр эфирге мұқият дайындаламыз, қоғамдағы өткір мәселелерді көтеруге тырысамыз. Осылайша халық  сеніміне ие болып, жақсы көрсеткіштерге ие болып жатырмыз.»

     Сөздің сарасын теріп сөйлеп, ел игілігі үшін аянбай қызмет атқаратын, «таңдаулы» журналист болғыңыз келсе мойымаңыз. Шер ағамыз айтқандай, «жегені–жантақ, арқалағаны–алтын» қызмет болғасын төзім мен қайсарлықты жаныңызға серік етуіңіз керек-ақ. Аянбаңыз. Талпыныңыз. Міне, осының бәрі – жүрек қалауыңызбен табысқан салаңыздың ғажайып көрінісі. Бірақ тиынның екі жағы бар секілді, түрлі қиындықтар кезікпей қоймайды. Кейде ойыңыздағыны асыра алмай жатуыңыз мүмкін, кейде түрлі «кедергілер» кездеседі, кейде тіпті энергияңыз сарқылып қалады. Мұның бәріне төзім керек. Қызығы мол, берері көп сала. Тартынбаңыз. Ізденіңіз. Оқыңыз. Тырысыңыз. Ниетіңіз түзу болсын. Бәрін де іске асыруға болады. Тек қана алға!



Бөлісу: