Әлеуметтік желілерді сауатты игеру, тиісінше, белсенді болу - қазіргі қоғам талабы. Мұндай жаңа заманауи тенденцияның орын алуы заңдылық әрі заманның талабы. Ғаламтор әлеміне көз алсаңыз тұнып тұрған жаңалықтар легі. Көпшілікті қызықтыратын ақпараттың қаралымын қалай арттыруға болады? Оның бізге қаншалықты қажеті бар? Жаңа медианың бұл бағытында да табысты әрі сәтті жұмыс істеудің өзіндік бір қыр-сырлары бар. Кез-келген адам қоғамнан тыс қалмай ақпаратпен жұмыс істей алуы керек. Бұл – дегеніңіз жетістікке жетудің немесе қоғаммен байланыстың тиімді жолы.
Осыған орай, Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясы Баспасөз қызметінің ұйымдастыруымен Академия Орталықтарының қызметкерлеріне арналған «Әлеуметтік желілердегі медиасауаттылық» тақырыбында семинар-тренингі өтті. Жиында сөз алған Баспасөз қызметінің жетекшісі Б. Иманғалиев мекеменің танымалдылығын арттыруда әріптестік байланыс орнатуды және көпшілік аудиторияға арналған ақпарат берудің тәсілдерін кеңінен айтып өтті. Семинар барысында Алматы қаласынан SMM маманы, танымал журналист-блогер Санат Сейдехан отандық және әлемдік жүйедегі әлеуметтік желілердің қоғамдағы маңыздылығы жайлы онлайн режимінде баяндама жасады. Оның айтуынша, SMM маманы тек пост жазумен шектелмей, инфографикалық дизайн үлгілерімен безендіру сияқты әдістермен мекеменің насихатын дамытудың жолдарына кеңес беріп, қатысушылардың сұрақтарына жауап берді.
Семинарда Баспасөз қызметінің қызметкері Қ. Нұрғалиев сайттар мен әлеуметтік желілердегі ақпараттық қауіпсіздікті сақтау және бейнематериалдар салу керектігін түсіндірді.